Айта кету керек, бұл үйлерді «Астана Моторс» компаниясы өз есебінен жөндеп, ауласын абаттандырып, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларына сыйға тартты.
– Ақадыр – менің кіші отаным. Бұл жерде менің әкем балалық шағын өткізген. Бұл өлке менің ата-бабаларым үшін ыстық болған мекен. Табысқа жеткен кез келген адам өзінің отаны алдындағы қарызын қайтаруы тиіс. Мен бүгін өз жерлестеріме көмектесе алғаным үшін қуаныштымын. Біздің компания қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, тұрғындарға көмектеседі. Бұл біздің тұжырымдамамыз, біздің өмір салтымыз және біздің философиямыз, – деді кәсіпкер Нұрлан Смағұлов.
Көпбалалы отбасыларына бұйырған баспананың бәрі де жиһазбен жабдықталған, ауласы абаттандырылған. Әр үйдің жанында жер телімі мен қосалқы шаруашылыққа арналған құрылыстар бар. Бау-бақша өсіріп, үй шаруашылығын жүргізуге өте қолайлы.
Баспаналы болу бақыты бұйырған тұрғынның бірі Фарида Көмекованың жеті баласы бар. Бұған дейін екі бөлмелі аядай ғана пәтерде тұрып келген отбасы кең де еңселі үйді ұзақ уақыт күткен екен. Қазір Көмековтар отбасының төрт бөлмелі үйі және 12 сотық жер телімі бар.
– Күйеуіміз екеуміз де жұмыс істейміз, бірақ біз үшін баспанаға қол жеткізу түйіні шешілмеген қиын мәселе болып келген еді. Бүгінгі күн – біз үшін ең бақытты күн! – дейді көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Фарида Көмекова қуанышы қойнына сыймай.
Тағы бір көпбалалы ана Ләззат Ақмағанбетова үй алу кезегінде 13 жыл тұрыпты. Өзінің үйелмелі-сүйелмелі бес баласы бар.
– Мен соңғы күнге дейін баспаналы болатынымызға сене алмаған едім. Осы игі іске қатысы бар қайырымды жандарға деген алғысымыз шексіз! – дейді төрт бөлмелі үйдің кілтіне ие болған көпбалалы ана.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов Елбасының тапсырмасы бойынша өңірде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар, ол «Астана Моторс» компаниясына көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы жергілікті мектептің талантты түлектері Нұрлан Смағұлов құрған «Білім қорының» арқасында еліміздің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болып отырғанына да ризашылық сезімін білдірді.
– Тәуелсіздігіміз қалыптаса бастағаннан бері мемлекет кәсіпкерлерді қолдап келеді. Бүгінде аяғына нық тұрған бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекетке көмектесетін кезі келді. Балаларымыз бен немерелеріміз осындай жаны жомарт жандарды үлгі ете отырып, өсіп-өнуі тиіс. «Туған жер» идеясының өзі туған ауылыңды ұмытпай, жерлестеріңе көмек көрсету емес пе?! – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Еске салсақ, «Астана Моторс» компаниясы 2011 жылы Ақадырда балалар-жасөспірімдер спорт мектебін салып берген болатын. Онда жүзу бассейні мен күрес залы бар. Спорттық нысанда дзюдо, самбо, қазақ күресі және футболдан жарыстар тұрақты түрде өтіп тұрады. Мектеп тәрбиеленушілері халықаралық турнирлерге жиі шығып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Сонымен қатар, биыл Ақадыр кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілгенін де айта кеткен жөн. Баспаналы болғандар арасында көпбалалы отбасылар да бар. Олардың барлығы тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар тізімінде болған. Жалпы, Шет ауданында барлығы 41 көпбалалы отбасы тұрады.
Биыл Ақадыр кентінде 32 пәтерлі үй салу жоспарда бар. Бұдан бөлек, келесі жылы тағы екі көпқабатты үй пайдалануға берілмекші. Ал «Астана Моторс» компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов алдағы уақытта да жерлестеріне арналған қайырымдылық шараларының жалғасын таба беретінін жеткізді.