Тарих шежіресінде еркіндік аңсаған Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық көтерілістері аз болған жоқ. Ал сол халықтық күрестердің барлығының бірдей тарихи бағасы беріліп, шынайы шежіресі жасалды ма?! Әрине жоқ. Тәуелсіздік жолындағы күрес тарихының осындай ақтаңдақ тұстарының бірі – 1979 жылғы 16 маусымда Целиноград қаласында болған халықтың қарсылық шеруі – «Ақмола көтерілісі» (Сырбай Мәуленов) болатын. Міне, биыл еліміздің тәуелсіздік шежіресінде айшықты орны бар осы оқиғаға қырық жыл толғалы тұр.
Төрт күнге созылған сол бір толқулы тарихи оқиғалар тізбегі менің жадымда ешқашан көмескі тартып көрген емес. Жастық жігер жетегімен белсене араласып, одан кейінгі өмірімнің өрнегіне өшпес із қалдырған бұл оқиға туралы мен содан бергі өткен қырық жылға тарта уақытта бірде-бір рет қалам тартып көрмеппін. Ол, әрине, жазу қолдан келмегендіктен емес. Еліміздің, жеріміздің бүгінгі тұтастығына шын мәнінде темірқазық болған осы бір киелі оқиғаның мән-мағынасын ашып, қасиетті ұлағатын ұлт санасына салиқалы сапада сіңдіре аламын ба деген азаматтық жауапкершілік тоқтамы еді...
Иә, 1979-дың 16 маусымы! Шырайлы жаздың арайлы күні көкжиектен арқан бойы көтеріліп, шуақты нұрын жомарттана төгіп тұр. Сенбі күнгі заңды демалысына дамылдаған қала әдеттегі қарбаласына әлі кірісе қоймаған. Осы мамыражай тіршілікке маужырап, таңмен таласа Ленин атындағы Орталық алаңға аяқ бастым. Жылдағы дәстүр бойынша бүгін мұнда облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының оқу бітіруші түлектерге салтанатты жағдайда куәлік тапсыруға арналған мерекелік рәсімдері өткізілмек. Редакцияның берген тапсырмасы бойынша облыстық газеттің сейсенбі күні шығатын санына осы мерекелік шарадан репортаж жазуға тиіс едім. Ол кезде менің Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде кіші әдеби қызметкер ретінде еңбек жолымды бастағаныма бір жыл толған болатын.
Орталық алаң мерекелік салтанатқа сай түрленіпті. Алаңның бір шетіне қызыл матамен көмкерілген мінбер тұрғызылып, жан-жағына дауыс күшейткіштер орнатылыпты. Сағат әлі таңертеңгі тоғыздар шамасында болғандықтан, алаңдағы адамдар қарасы тым сирек. Бірен-саран қызметкерлер ғана ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысып жүр. Мерекелік салтанат сағат 10.00-де басталуға тиіс. Әлі уақыт бар...
Кенет Ленин және Бейбітшілік көшелерінің бойымен алаңға тәртіппен шеру тартқан екі топ үнсіз келіп кірді. Бастапқыда мен оларды кәсіптік-техникалық училище түлектері екен деп қалдым. Мерекелік шара бір сағаттай бұрын басталса, ертерек бітетін болады-ау деген жағымды ойдың да жылт еткенін жасыруға болмас. Бірақ алаңға келгендер училище түлектеріне еш ұқсамайтын еді. Жастары ересек, түрлері де сұсты көрінген сияқты. Алаңға кірісімен олар шиыршықтап оралған транспаранттарын жазып, көтере бастады. Менің көзіме екі қыз екі шетінен ұстап көтерген, үлкен ақ ватман қағазға жазылған «Біз автономияға қарсымыз!» деген айшықты жазу оттай басылды. Одан әрірек қалың топтың ортасынан қарулы жігіттер бастарынан асыра көтерген, ұзын қызыл матаға айшықты әріптермен жазылған, «Велика Республика Казахстан, но она для всех одна!», «Советтік Қазақстан бөлінбейді!» деген айбынды ұрандар Арқаның таңғы самалымен асқақ тербелді.
Сәлден кейін тастүйін болып келген топтың ортасынан үш-төрт адам бөлініп, алдын ала құрылып қойған мінберге көтерілді. Сұңғақ бойлы, қияқ мұртты, келбетті келген жас жігіт қолына дыбыс күшейткішті алып, жиналғандарға мән-жайды баяндап берді. Оның айтуынша, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Саяси бюросының ұйғарымы бойынша, Қазақ КСР-інің территориясында орталығы Ерейментау қаласы болатын неміс автономиялық облысы құрылмақ. Жақында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы А.Коркин бастаған министрлер Ерейментау қаласында болып, ұйымдастырушылық шараларын белгілепті. Содан кейін ол халықтың атынан жазылған «Қарсылық үндеуін» оқыды.
«Қарсылық үндеуін» оқыған қияқ мұртты жігіттің саңқылдаған дауысы сап тыйылды. Бір сәт адам толы алаң сілтідей тынып, теңселіп кеткендей болды. Маңдайым тасқа соғылғандай мен де есеңгіреп кеттім. «Бұл қалай, Қазақстанды бөлшектей бастағаны ма? Бүгін неміс автономиясы, ертең, одан арғы күні басқалары да қарап қалмас. Тіпті сығандардың да үлес сұрауы мүмкін-ау?! Себебі сол кезеңде Целиноград қаласының «Лесозавод» аумағында сығандардың үлкен диаспорасы көптеген үй салып, сатып алып отырықшылыққа көше бастаған. Мен өз ойымнан өзім шошып кеттім. Еркіндігі тұсалған, туған тілі тоқыраған, бодандық бұғауында бұлқынған қазақ халқы енді қасиетті жерінен айрылса, не болады?!.
Мінберге шыққан студенттердің тағы бірі сөз алды. «Қазақстан – кеңестік республика, ол көп ұлтты Кеңес Одағының құрамдас бір бөлшегі. Мұнда ондаған жылдардан бері қазақ, орыс, украин, белорус, неміс және басқа көптеген ұлт өкілі қоян-қолтық еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осындай ұйыған республикамыздың шырқын бұзып, оның Жоғарғы Кеңесімен, халқымен ақылдаспай неміс автономиясын құру мүлде түсініксіз жағдай...»
Кенет топтың ортасынан: «Маған сөз беріңіздерші?!» деп саңқ еткен дауыс шықты. Сөйткенше болмай мінберге шашын «карэ» үлгісімен қиған, орта бойлы, қараторы қазақ қызы жұлқына шықты: «Ерейментау – қасиетті де киелі атамекеніміз. Бұл жерден қалмақтарға қарсы соғыста қол бастаған Бөгенбай батыр бабамыз шыққан, қазақ жерін жатжұрттық басқыншылардан қорғаған басқа да атақты адамдар шыққан. Бұл жер – бізге бабаларымыздан қалған киелі атамекен! Қазақ халқы тірі тұрғанда, бұл жерді ешкім ала алмайды. Неміс халқының өз республикасын қалпына келтіріп, Волга бойындағы жерлерін берсін. Егер Ерейментауда неміс автономиялық облысын құру туралы жарлық шығатын болса, сол күні мен осы орталық алаңға келіп, өзімді өзім өртеймін!?», жас қыздың жарықшақтана шыққан қатты дауысы кілт үзіліп, өксікке тұншықты.
Орталық алаң бір сәт үнсіз егіліп тұрды. Түнере булыққан жастардың жүзінен қарсы тұрар қайсарлық жалыны ұшқын атты, қаршадай қыздың жанайқайына тебіренбеген ет жүректі жан қалмады. Бойларындағы жастық жігер шиыршық атқан жігіттер сыртқа бұлқынған бұла күштерін зорға тежеп, жақтарын сындырардай шақырлатып тістерін қайрайды. Қасиетті бабалардың ұрпағына ұлағат еткен киелі атамекеннің ұлтарақтай жері үшін мына жастар қазір-ақ жанын қиюға дайын тұр.
Осы кезде алаңға төбесінде дауыс күшейткіші бар радиоавтобус келіп кірді. Сол автобустың келуін күтіп тұрғандай, сәлден кейін алаңға үш-төрт адамды бастаған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров келді. Ол радиоавтобустың дауыс күшейткіші арқылы шеруге шыққан жастарға арнап сөз сөйледі. Ол сөзін қазақша бастап, орысша жалғастырды. Екінші хатшының айтуынша, облыс басшыларына автономиялық облыс құру жөнінде ешқандай нұсқау келіп түскен жоқ. Тіпті бұл туралы Алматыда да, Мәскеуде де ешқандай құжат қабылданған жоқ. Сондықтан ешбір алаңдамай-ақ үйді-үйге тарау керек.
Жастардың Ленин атындағы Орталық алаңдағы қарсылық митингінің басталғанына бір сағатқа жуық уақыт өте шықты. Мен өзімнің орталық алаңға не үшін келгенімді ұмытып, қылышынан қан тамған Қызыл империяның қысас шешіміне қарсы шыққан қандастарымның ортасына екпіндеп кіре бердім. Ата-бабамыздың «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап», ұрпағына аманат еткен қасиетті қазақ жерінің тағдыры қыл үстіне қойылған сәтте ойлануға уақыт та жоқ еді.
Қалың топтың ортасына қарай жылжып, кекілдерін жазғы самал желбіретіп, сұсты жүздерінен күлкі ізі жоғалған жастарға қарап келемін. Ереуілге шыққан топтың қақ ортасында Целиноград ауыл шаруашылығы институтының зоотехникалық және малдәрігерлік факультетінде оқитын жерлесім, қарқаралылық Әлхан Мейірханов ұзын қызыл матаға айшықты әріптермен жазылған «Біз автономияға қарсымыз!» деген ұранның бір шетін ұстап тұр. Біз үнсіз бас шұлғыстық. Одан әрірек С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институтта оқитын қорғалжындық досым Мәмет Сәрсенов тұр екен. Үнсіз қол алыстық. Сол қапталдағы бір шоғыр топтың ортасынан газетіміздің белсенді авторларының бірі, «Целинглавснаб» басқармасының инженері Майра Керейбаева көзге жылы ұшырады.
Осы сәтте топ ішінде шұғыл қозғалыс басталып, біздің әңгімеміз үзіліп қалды. Қолдарына дауыс күшейткіш ұстаған бір-екі жігіт жастардың қатаң тәртіппен сапқа тұруын талап етті. Сап түзеген жастар колоннасы алаңды екі айналып шықты. Әр жерден «Жасасын советтік Қазақстан!», «Біз автономияға қарсымыз!» деген сияқты ұрандар айтылып тұрды. Оны жүздеген дауыстар қолдап, іліп әкетіп жатты. Сәлден кейін шеру тартқан колонна екіге бөлініп, бірінші топ Ленин көшесінің бойымен «Жастар» сарайына қарай бет алды. Екінші топ Бейбітшілік көшесіне түсіп, темір жол вокзалына қарай тартты. Мен қарасы мол осы топқа қосылып, тәртіпті сап түзеген шерудің бел ортасында келемін. Кеңес Одағы мен советтік Қазақстанның туларын және айшықты ұрандарын көтерген колоннамыз Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан облыстық ІІБ ғимаратының тұсынан өте бергенде, қосыла шыққан бірнеше зор дауыс «Советтік милиция жасасын!» деп ұрандатты. Оны бүкіл колонна қолдап, жазғы ауа тағы да жаңғырып кетті.
Қарсылық шеруі тастүйін болып, Бейбітшілік көшесімен алға жылжып келеді. Білектеріне қызыл мата байлаған бірнеше жігіт колоннаның қос қапталынан жүріп отырып, қоғамдық тәртіптің ешбір бұзылмауын қадағалауда. Шерудің алдыңғы легінде келе жатқан топ бастаушылар дауыс күшейткіш рупормен: «Бауырлар, ешқандай тәртіп бұзушылық болмасын! Сақ болыңдар, арамызда арандатушылардың жүруі де мүмкін! Тосыннан килігіп, төбелеске шақыратындарға жауап бермеңдер! Әсіресе арақ ұсынатындардан сақ болыңдар!», деп кезек-кезек, қайта-қайта ескертеді.
Осы Бейбітшілік көшесімен қарсылық шеруінің бел ортасында келе жатқанымда, ту сыртымнан әлдекім түйіп қалды. Жалт қарасам, бізден кейінгі сапта екі езуі екі құлағына жеткендей ыржиып, он жыл бір сыныпта оқыған досым Мағауия Кәрімғожин келе жатыр. Жөпелдемеде аузыма сөз түспей, абдырап қалдым. Басқа басқа дәл бүгін осы жерде Мағауды (ауылдастары оны осылай атайтын) көремін деген ой «үш ұйықтасам түсіме кірмес» еді.
Мағау туған ауылымызда халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласында еңбек ететін. Жұмыс орны Целиноград қаласына екі апталық, қысқа мерзімді курсқа жіберген екен. Көптен көрмеген сыныптас досыммен қызу шүйіркелесе бастадық. Кенет Мағау мені иығымнан түртіп, оң қапталдағы биік үйдің балконын нұсқады. Үшінші қабаттағы балконнан фотоаппарат ұстаған біреу колоннамен келе жатқан жастарды оңды-солды суретке түсіріп жатыр.
– Япырым-ай, мынау Казаков қой...
Менің дауысым оқыс шығып кетті. Досым менің жүзіме таңдана қарап, өкінгендей басын шайқады.
– Сен оны танисың ба?
– Әрине, орыс газетінің фототілшісі Юрий Казаков деген «әріптес» қой. Қайда болсын тіміскілеп жүрмейтін жері жоқ. Әріптестеріміздің арасында «үш әріптің» тыңшысы деген де қауесет бар...
– Қап, бекер-ақ болды... Абайламай қалдық, – деп Мағау өз-өзінен дегбірсізденіп кетті.
– Е, жарайды, ештеңе етпес.
– Жоқ, ол фотоаппаратын тура бізге бұрып, әдейі сені түсіріп жатқандай көрінеді маған. Яғни, таныған екен ғой. Ауылда жүрген мені қойшы, саған қиын болды. Түрімізді көрсетпей, бұғып қалу керек еді, – деп Мағау тағы да дегбірсізденіп, өкіне сөйледі.
– Қайда тығыласың? Қой енді, «көппен көрген ұлы той», не болса да бәріміз бірге көреміз, – деп мен досымды жігерлендіріп, ағысы қатты тасқын судай алға ұмтылған жастарды нұсқадым.
Қарсылық шеруін бастаған жастар легі теміржол вокзалының алдындағы үлкен алаңға ілікті. Вокзал алдындағы алаңда әдеттегідей адам қарасы көп көрінеді. Әдейі ұйымдастырылғандай, дәл осы сәтте Целиноград стансасында ұзақ тұратын бір-екі жолаушылар пойызы келіп тұр екен. Осы оңтайлы жағдайларды пайдаланып, вокзал алдындағы алаңда жеделдетілген митинг басталды. Оған вокзалдағы және тоқтап тұрған пойыздардың жолаушылары да қатысты. Вокзал ғимаратының алдындағы баспалдақтар уақытша мінберге айналып, дауыс күшейткіш рупор ұстаған жастар сөз алды. Орталық алаңда халық атынан қабылданған «Қарсылық үндеуінің» мәтіні тағы да оқылды. Егде тартқан бір-екі адам, өзін вокзалда тоқтап тұрған пойыз жолаушысымын деп таныстырған бір адам сөз сөйледі. Жедел митингте сөйлегендердің бәрі Қазақстанда неміс автономиялық облысын құруға ашық қарсылығын білдіріп, бұл шешімнің тоқтатылуын талап етті. Студент жастар вокзалдағы жолаушыларға арнайы дайындап әкелген листовкаларын таратты. Жолаушылар Целиноград қаласындағы қарсылық шеруі туралы хабарды жан-жаққа таратып, алып кетіп жатты.
Бас-аяғы жарты сағатқа созылған уақытта митинг аяқталды. Таңертең орталық алаңда қарсылық митингін ашқан қияқ мұртты, сұңғақ бойлы жігіт тағы да ортаға шықты. «Жолдастар, бауырлар, осымен жедел митингті жабық деп жариялаймын. Бүгінге белгіленген қарсылық шеруі де аяқталды. Қазір осы жерге қала бағыттарында жүретін бірнеше бос автобус келеді. Транспаранттарыңды жинап, сол автобустармен жедел түрде үйді-үйге тарауларыңызды сұраймын. Алдағы сейсенбіге дейін Саяси бюроның шешімі өзгермейтін болса, сол күні тағы да қарсылық шеруіне шығамыз. Бауырлар, барынша төзімді әрі сақ болыңдар. Қазір митинг аяқталғаннан кейін әртүрлі арандату шаралары болып қалуы мүмкін. Көшеде бейсауат, топталып жүретін болсаңдар, қасақана төбелеске ұрындыратындар табылады. Сондықтан ештеңеге қарайламай, жедел түрде автобустарға отырып, тарап кетіңдер. Еліміздің, жеріміздің тұтастығы жолындағы қасиетті күресіміздің басталмай жатып тұншықпауы үшін төзімділік танытып, шұғыл тарауларыңызды сұраймын», деді ол ашық дауысы сәл дірілдей тебірене сөйлеп.
Вокзал алаңы сапырылысқан қозғалысқа айналды. Жастар қолдарындағы транспаранттары мен туларын асығыс жинап, аялдамаларға асықты. Анда-мұнда қарайлап, тәртіп бұзу бірде-бір адамның ойына да келмеді. Митингтен тараған жігіттер аялдамаларға жетер-жетпестен қалалық бағыттарда жүретін бірнеше бос автобус келе қалды. Жастар жапатармағай автобустарға мініп жатты. Лезде адамдарға лық толып үлгерген №9 автобусқа Мағау екеуміз де іліктік. Айналасы оншақты минуттың ішінде алаңда болған митингтің ізі де қалмады. Автобус ішінде мен пединститутта оқитын Мәмет досыммен тағы ұшырасып қалдым.
– О, Жылқыбай, кездескеніміз қандай жақсы болды. Жаңағы митингте оқылған үндеуді аудару керек. Транспаранттарды да қазақшаға аударып, көбірек етіп жазу керек болып тұр. Осы міндеттер бізге тапсырылды. Маман журналист ретінде нақты көмегің қажет. Қазір бірден біздің жатақханаға барайық, – деп Мәмет «екі аяқты бір етікке тыққандай» бастырмалата сөйледі. Тіпті ойлануға мұрша беретін емес. Ондай болатын болса, екеуміз де барамыз дегендей, мен Мағау досымды нұсқап, басымды изедім.
Автобустан түскеннен кейін Мәмет өзімен бірге келе жатқан достарын таныстырды. Алдымен қолын берген қоңқақ мұрын, ұзын бойлы қара жігіт өзін Рамазан деп таныстырса, аласалау аққұба өңді, әдеміше келген Сайлау деген жігіт болып шықты. Біз Мәкеңнің бастауымен №3 жатақхананың «Красный угологына» келдік. Жігіттер бөлмедегі шкафтардың қуыс-қуысына тығып, алдын ала дайындап қойған бірнеше қызыл мата мен ақ бояуларын алып шықты.
Керек-жарақтың бәрін үлкен кенеп сөмкеге салған жігіттер ештеңе болмағандай жайбарақат жатақханадан шықты. Жолай асханадан бәліш, тоқаш және бірнеше шөлмек лимонад алып, бүйірдегі жасырын есіктен жатақхананың жертөлесіне түстік. Қараңғы жертөленің ішімен қарманып, сәл жүргеннен кейін Сайлау аласалау бір есікті ашып, электр шамын жақты. Кең бөлменің бір бөлігі күрек, айыр, сыпырғыш, қоларба сияқты шаруашылық заттарының қоймасы екен. Бөлменің қалған кеңістігін жігіттер қарсылық шеруінің орталық «штабына» айналдырып алыпты.
Сайлау жаңадан қосылған жігіттердің арасынан екі-үшеуін іріктеп алып, жертөленің есігінің алдына, жатақхана жаққа «шухерге» қойды. Кейін білдік, қарсылық шеруіне шыққан әрбір институттың немесе училищенің студенттері отрядқа топтастырылып, отряд құрамындағы әрбір жатақхананың студенттері бригадаға бөлініп, әрбір бригада бірнеше звенодан құралған екен. Сайлау біздің звеноның жетекшісі болып шықты. Тәртіп бойынша, біз өзіміздің звено жетекшісін ғана, звено жетекшісі өзінің бригадирін ғана, ал бригадирлер жатақхана комиссарларын ғана танып, бағынуға тиіс екен.
Жатақхана комиссарлары отряд басшыларын тани ма, отряд басшылары кімге бағынады, ол жағын ешқайсымыз білгеніміз де, білуге тырысқанымыз да жоқ...
Жертөле есігін тарсылдата қаққан оқыс дыбыстан селк етіп, сананы шырмаған қалың ойдан тез арылдым. Іштен жабылған есікті ашысымен, күзетте жүрген жігіттердің бірнешеуі келіп кірді.
– Болды! Жұмысты дереу тоқтату керек! Деканат жатақханадағы әрбір бөлменің студенттерін тізімге алып, тексеріп жатыр. Бір сағаттан кейін акт залында деканың өзі жиналыс өткізеді екен. Қалалық партия комитетінің өкілдері келеді. Жиналысқа қатыспаған студенттер сессияға жіберілмейді екен...
Артық күдік туғызбас үшін қазіргі жиналысқа түгелдей қатысуды Сайлау тағы да нығырлай тапсырды. Мен жігіттермен қоштасып, жалғыз өзім аялдамаға тарттым...
Қас қарая үйге жерлестерім Мағау, Әлхан бастаған ауыл шаруашылығы институтының үш-төрт студенті сау ете түсті. Үй-үйдің пошта жәшіктеріне, көшелерге листовкалар таратып жүр екен. Біз тұратын көп қабатты үйдің де пошта жәшіктеріне үндеу парақшаларын салып үлгеріпті. Зайыбым Қарлығаш кешкі астың қалғанын жылытып, оннан-мұннан тәтті-дәмділерін шығарып, ашқұрсақ студенттерді бір тойдырды. Іштеріне ел қонған жерлестерім бүгінгі атқарған тірліктерін тілге тиек етіп, енді қайда бару керек екендігін ойласты.
– Неміс автономиялық облысын құруға қарсы ұйымдастырылған қарсылық шеруі туралы қала біраз құлақтанып қалған сияқты. Шіркін, алыс ауылдардағы ағайындарымызға хабар тарата алсақ, тамаша болар еді, – деді Әлхан арманын ашқандай ақтарыла сөйлеп.
– Әрине шалғай аудандардың қазақтары құлақтанса, үлкен демеу болар еді, – деді Мағау оның сөзін қостап.
– Оның бір жолы бар, – дедім мен де әңгімеге араласып. «Ол қандай жол?» дегендей сұраулы пішінмен студенттердің бәрі маған қарады. – Қаланы өндірістік аймақпен жалғастыратын «бүкір көпірді» бәрің білетін шығарсыңдар. Сол көпірдің жанында «АТП-3» деген автокөлік мекемесі бар. Шалғай аудандарға жүк таситын «ЗИЛ-130» машиналарының бәрі осы мекеменің иелігінде. Алыс аудандарға баратын машиналар сенбі күні жүктерін тиеп қойып, жексенбі күні ертелетіп жолға шығады. Дәл қазір «АТП-3»-тің атшаптырым ауласы жүк тиелген көліктерге толып тұр. Листовкаларды сол жүктердің ара-арасына жасырсақ, жүкпен бірге барлық жерлерге тарайды. Атшаптырым ауланың қоршауы аңғал-саңғал, кез келген жерінен кіруге болады. Ауланың ішін тіміскілеп, күзетшінің иттері жүреді. Аш иттерге тамақ тастасаң, дыбыстарын да шығармайды.
– Ендеше не отырыс? Автобустар тоқтамай тұрғанда, қаланық шетіне ілігіп қалайық, – деп Әлхан бәрімізді дүрліктіре орнымыздан тұрғызды.
Біз «АТП-3»-тің атшаптырым ауласының ту сыртынан ішіне кіріп, күзетшінің абалаған иттерімен «достасқанша» түн ортасы да болып қалды. Біршамасы машинкаға басылған, біршамасы қолмен жазылып көбейтілген үндеу парақшаларын бесеумізге теңдей бөліп, қаз-қатар тізіліп тұрған машиналарды аралап кеттік. Біз көмір, ағаш тиелген машиналарды айналып өтіп, жәшіктер және тең-тең кенеп қаптарға салынған жүктер тиелген көліктерді таңдап алдық. Листовкаларды жәшіктердің сырттан көрінбейтін жақтарына жапсырып, кенеп қаптар буылған арқандардың арасына жасырдық. Қолда бар парақшаларды түгел таратып, жаяулап-жалпылап үйге жеткенде, жаздың қысқа түні де түріліп бара жатқан еді...
(Жалғасы бар)