Қоғам • 07 Маусым, 2019

Қияға самғаған Қиянбековтер

1019 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың бастамасы бойынша 2014 жыл­дан бері өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауының мақсаты – береке-бірлігі айран­дай ұйыған өнегелі отбасылар­ды елге таныстыру, ұлттық қасиетке арқау болған рухани құндылықтарды дәріптеу. Биыл Сыр өңіріндегі байқауға 372 отбасы ниет білдірген екен. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Қияға самғаған Қиянбековтер

Облыстағы 35 мыңнан астам көп балалы аналардың 17 мыңы – Батыр аналар. Олардың 8 мыңға жуығы «Алтын алқа», 9 мыңға жуығы «Күміс алқа» иегерлері.

А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде өткен байқау қорытын­дысы бойынша 10 отбасы жүлделі орынға ие болды.

Бай­қауда Шиелі ауданынан қатысқан Әбдіжаппаровтар әулеті «Өнегелі отбасы», жаңақорғандық Сабырхановтар «Ынтымақты отбасы», Арал ауданынан келген Төрехановтар «Рухты отбасы», сырдариялық Есқараевтар «Ұлағатты отбасы», жалағаштық Сәменовтер «Парасатты отбасы», ал қызылордалық Жаназаровтар «Зиялы отбасы» номинацияларымен марапатталды. Қармақшы ауданынан қатысқан Арифовтар отбасы ІІІ орын, жаңақорғандық Қарынбаевтар отбасы ІІ орын, Шиелі ауданынан қатысқан Бай­де­новтер отбасы І орынды жеңіп алды. Облыстық байқаудың бас жүлдесін Қиянбековтер әулеті иеленді.

Қиянбековтер отбасы 10 баланы өсіріп, ұядан ұшырған. Бүгінде 43 немере, 12 шөберенің қызығына тоймай отырған бақытты әулеттің бәй­терегі Әмір ата Шиелі ауда­ны­ның құрметті азаматы атанған. Отанасы Қалгүл апа мен бір қызы және келіні «Алтын алқа» иесі болса, тағы бір келіні «Күміс алқамен» марапатталған.

«Мерейлі отбасы-2019» облыс­тық байқауының жеңімпазы Әмір қарияның жастарға айтары көп.

– «Бақ, қайда барасың – ынты­мақ­қа барамын» деген сөзде үлкен ой жатыр, – дейді өнегелі шаңырақ иесі. – Әр азамат өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігін те­рең түсінсе, тәлім-тәрбие ісіне жауап­кершілікпен қараса бақ та, дәулет те орайымен келеді. Отас­­қандарына ширек ғасырдан ас­қан шаңырақ саясы мол алып бәй­те­рек­ке айналған.

Айтары жоқ, бүгінде жас ша­ңы­­рақтар жиі шайқалып жүр. Ста­тис­тикалық мәліметтер көңіл құлазытады. Кеше ғана «сүйдім-күйдім» деп жандары қалмай та­быс­қан жандардың жыл айналмай жатып жолдарының екіге айырылуы қоғам қасіретіне айналып барады. Арада көзі жәудіреп жүрегі қан жылап қалған сәбилердің қан­дай жазығы бар еді?!

Бабаларымыз отбасы  құнды­лық­тарына берік болған. Ажырасу некен-саяқ еді. Отағасы жазатайым өмір­ден өтсе балалары ауыл болып қам­қорлыққа алынды, жесіріне жағ­дай жасалды, елден кетпеді. Оларды ешкім өзектен тепкен жоқ. Жыл сайын өтетін «Мерейлі отба­сы» байқауы ұлттық тәрбиенің түп-тамырын ата-баба дәстүрінен іздейді. Отағасы мен отанасына шаңырақтың берекесі – ұлттық құндылықтардан ажырамауды аңғартады. Анасы мықты елдің керегесі кең, шаңырағы биік, ырысы мол екенін ұқтырады.

– Аллаға шүкір, бақыттымын, – дейді Әмір Қиянбеков ақсақал.

Бұл отбасы енді Сыр өңірінің атынан республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысады.

Қызылорда облысы