Қоғам • 07 Маусым, 2019

Бәсеке баладан басталады

1425 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бәсеке баладан басталады

Сенбі, жексенбі күндері біздің аула балаға толып кете­ді. Бала­бақшадан, мектептен, Мұрат ағамыз айтқандай, босап, алаңсыз ойын қызы­ғына кірісетін кездері ғой.

Сол күндері біз де аулаға шығып, екеуара әңгімелесіп, балалардың ойынын тамашалап отырамыз. Шекесі шодырайып, көзі бақырайып, танауы делдиіп доп қуып жүрген қарадомалақтар баяғы-ы бала­лық шағымызды еске түсіреді.

Алайда бұлардың бір өзге­шелігі – бір-бірімен орысша сөйлесетіндігі.

− Әне, қарашы, өзіміздің қазақтың қаракөз баласы, – дейді Мұрат ағамыз әлсін-әл­сін басын шайқап. – Бүйте берсе ертеңгі күніміз не болады, а?..

− Иә-ә, – деп қостаймын мен ол кісіні. – Үйде қанша үй­­рет­­сек те көшенің тәрбиесі бас­қа-а...

Әрине бұл біздің әр кездес­кен сайын айтатын әңгі­ме­міздің бір пұшпағы ғана. Бірақ соның өзінде көкейі­мізде жүр­ген қат-қабат мәсе­ленің сең қозғалғандай сықыр ете қал­ғанын анық сеземіз. 

– Әй, осылардың ішіндегі ересектері қазақша мектепке, ал кішкентайлары қазақша балабақшаға барады емес пе?! − дейді Мұрат ағамыз қайран қалып. – Бірақ көшеге шыққан бетте бір-бірімен орысша сөй­лесе жөнелетіндері несі?..

– Е-е, – деймін мен оның сұрағына өзімше жауап іздеп. – Дүкенге кірсеңіз де, банкке барсаңыз да, тіпті шаш ал­дырсаңыз да бұл қала, ең ал­дымен, сізге орысша тіл қа­тады емес пе. Өйткені ол – халықаралық тіл. Сондықтан кө­­шедегі көпшілік әлі күнге дейін сол тілдің жетегінде жүреді.

– Олай болса, сіздер, журналистер өз елімізде ана тіліміз халықаралық тіл болсын деп мәселе көтермейсіздер ме?!

– Е-е, міне, бұл – жаңа идея, – деймін мен жымиып. – Бірақ қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін ұмытпағаныңыз жөн. Сондықтан да...

– Шынымды айтсам, – дейді Мұрат ағамыз менің сөзімді аяқтатпай киіп кетіп. – Тәуелсіздік дәуірінде дү­ниеге келген жас ұрпақтың өкіл­дері неге өз ана тілімізде сөй­лемейтініне қайран қала­мын. Ал сен маған осының сырын түсіндіріп бере аласың ба?

Бұл, әрине, өте қиын сұрақ. Дегенмен, өзіңе тіке қо­йыл­ған сұрақтан табанас­ты тайқып кету де қиын. Сон­дықтан:

– Тәуелсіздік дегеніміз – мәңгілік күрес әрі бәсеке, – дей­мін мен өз көңілімдегі бір ойды суыртпақтап. – Сол себепті біздің ұлтымыздың өз тілімен, білімімен, өнерімен әлемдік бәсекеге түсетін шағы әлдеқашан жетті.

– Түсіндім, – дейді Мұ­рат ағамыз менің ойымды құп­тағандай сыңай танытып.

Тап осы сәтте балалардың бірі тепкен доп домалап келіп біз отырған сәкінің астына, дәлірек айтсам, Мұрат ағамыз отырған жаққа барып тірелді. Доптың соңынан қуған балалардың бірі алқынып келіп: «Аташка, вытащите, пожалуйста, мячь», деді.

Мұрат ағамыз ақырын ғана басын шайқап, еңкейе берді...

* * *

Ал ертеңіне мен алты жасар немеремді бассейнге алып бара жаттым. Бір кезде немерем қолымнан тартып:

– Ата, − деді бір маңызды нәрсе айтпақ болып. – Кел, екеу­міз орысша сөйлесе берейікші, а.

– Неге? – деймін мен аң-таң болып.

– Сен білмейсің ғой, қазір бассейнге барғанда да, кешке таэквандоға барғанда да балалар­дың бәрі бір-бірімен орысша сөйлеседі.

Мәссаған, «мен не деймін, домбырам не дейді?»

Содан соң:

– Жоқ, − дедім оның қолын қаттырақ қысып. – Елбасымыз айтқан­дай, қазақ қазақпен қа­зақ­ша сөйлесуі керек. Оның мә­нісі өте тереңде жатыр, айналайын.