Шарайна
Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:29
Израиль Сирияға шынайы бет-бейнесін көрсетті
Израиль әскери әуе күштерінің Сирия аумағына соққы жасауы Таяу Шығыста соғысқа ұласуы мүмкін жаңа шиеленіс туындатты.
Соққы 30 қаңтарға қараған түні жасалған. Осы күні күндіз Ливан армиясынан израильдік ұшақтар соңғы тәулікте 3 рет әуе кеңістігін бұзды деген хабарлар түскен болатын.
Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:29
Израиль Сирияға шынайы бет-бейнесін көрсетті
Израиль әскери әуе күштерінің Сирия аумағына соққы жасауы Таяу Шығыста соғысқа ұласуы мүмкін жаңа шиеленіс туындатты.
Соққы 30 қаңтарға қараған түні жасалған. Осы күні күндіз Ливан армиясынан израильдік ұшақтар соңғы тәулікте 3 рет әуе кеңістігін бұзды деген хабарлар түскен болатын. Алғашқы нысана ресейлік ғалымдардың басшылығымен жаппай қырып-жоятын қару үшін жиынтықтар жасау жұмыстары жүруде деп есептелетін Дамаск маңындағы CERS ғылыми-зерттеу орталығы болды. Екінші соққы ресейлік «Бук-М1-2» зенитті ракеталы кешен немесе «Яхонт» корабльге қарсы ракеталар бар делінген конвойға жасалған. Осыған қарап-ақ израильдік ӘӘК шынымен де табысты әуе шабуылын жасады деп қорытынды шығаруға болатындай.
Кастро теледидардан көрінді
Кубаның экс-лидері Фидель Кастро соңғы бірнеше ай ішінде алғаш рет теледидардан көрінді. Бұл туралы «Би-би-си» хабарлап отыр.
Бүгінде жасы 86-ға толған Кастро Ұлттық ассамблея сайлауына қатысу үшін сайлау учаскесіне келген. Бұрынғы мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, ол сайлаушылармен әңгімелесіп учаскеде бір сағаттай уақыт өткізген. Фидель Кастро үйіне қайту үшін өз машинасына отырған кезде жиналған жұрт оның автокөлігін қоршап алып, Куба революциясының лидерін қошемет көрсетіп шығарып салған. БАҚ-тардың мәліметінше, Кастро соңғы үш жыл бойы үйінде отырып дауыс берген көрінеді.
Египет оппозициясы төңкеріске дайын
Каирдегі, Порт-Саидтегі және Египеттің басқа да қалаларындағы қантөгіске соқтырған қақтығыстардан кейін оппозиция президент Мохаммед Мурсидің дереу отставкаға кетуін талап етіп, онымен үн қатысуға барудан бас тартып отыр.
Оппозициялық «Ұлттық құтқару майданының» басшылары наразылық акциясына қосылып қана қоймай, сонымен бірге оған басшылық жасауға дайын екенін де сездірген. Оппозиционерлер мұндай батыл ұстанымға бірден емес, біршама толқулардан кейін келген көрінеді. Арнайы мәлімдемеде «Ұлттық құтқару майданы» Египет халқының үндеулеріне қосылатынын және қазіргі режімді құлатуға қол жеткізетінін хабарлаған.
Олланд жеңісті тойлау үшін Малиге келді
Франция президенті Франсуа Олланд өткен сенбі күні Малиге келіп, жергілікті мемлекет басшысы Дионкунда Траоремен кездескен және француз армиясы соғыс қимылдарын жүргізген жерлерде болған.
Ішкі істер министрі Лоран Фабиус және қорғаныс министрі Жан-Ив Ле Дрианнан басқа Франсуа Олландтың қасында елдің даму министрі Паскаль Канфен де бар көрінеді. Ұрыс майданында жедел жеңіске жететініне түпкілікті сенген Париж Мали аумағындағы терроршыларға экономикалық шабуыл жасауға көшіп отыр. Терроршыларға қарсы соғысты тек зеңбіректің көмегімен ғана жеңу мүмкін емес. Елді экономикалық дамыту ғана Малидің солтүстігіне жиһадшылардың қайта оралуының алдын алатын болады, деп атап көрсеткен Париждегі саяси зерттеулер институтының маманы Кадер Абдеррахим.
Испаниядағы жағдай қайта шиеленісті
Испания премьері Мариано Рахой өзіне тағылған жемқорлық туралы айыптауды теріске шығарған бетте Мадридте және елдің өзге де қалаларында стихиялы ереуілдер басталды.
Үкімет басшысы ел азаматтарына арнаған үндеуінде өзінің айлық еңбекақысына бейресми үстеме алмағанын айтқан болатын. Ол өзінің банктік есепшоттарындағы бүкіл мәліметтерді жариялау туралы уәде де берді. Ал оппозициялық социалистік партияның лидерлері премьердің отставкаға кетуін талап етуде. Сонымен бірге, Испанияның әлемдік дағдарыс зардаптарын өз басынан өте ауыр жағдайда өткізіп отырған еуропалық мемлекеттердің бірі екенін де айта кету қажет.
Обама әйелдерді соғысқа жіберуге дайын
АҚШ президенті Барак Обама Пентагонның әскери қызметтегі әйелдердің соғыс іс-қимылдарына қатысуына салынған тыйымның күшін жою туралы таяудағы бастамасына түсініктеме берді.
Президент әйелдерді ұрыс майдандарына жіберу жөнінде бұйрық беруге дайын екенін атап көрсеткен. Ол әйелдердің іс жүзінде ұрыстарға бұрыннан бері қатысып жүргенін айта келіп, ондай тәжірибеге өзінің қарсы емес екенін білдірген. Обама әскери ведомствоның шешімі дұрыс, өйткені ол нәзік жандылардың мүмкіндіктерін кеңейте түсуге бағытталған деп есептейді. Айта кету керек, бүгінде 1,4 млн. америкалық солдаттардың 14 пайызын әйелдер құрайды.
Бразилияда сотталғандар түрмеден қашты
Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейрода сотталғандар осындағы түрмелердің бірінен жаппай қашып шыққан. Жиырмадан астам қылмыскер түзеу мекемесінің канализациялық туннелі арқылы қашқан көрінеді.
Түрме қызметкерлерінің айтуларынша, оқиғаның ізін суытпай тұрып төрт қашқынды ұстаудың сәті түскен. Сонымен бірге қашқындардың канализациядан әлі де шығып үлгірмеуіне байланысты қалғандарының да жақын арада ұсталатындығына сенім мол. Сотталғандар қашып шыққан түрменің сыйымдылығы 1700 адамды құрайтын көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.