17 Наурыз, 2010

ҚОШ КЕЛДІҢ, МҮБӘРӘК МӘУЛІТ!

2414 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Әдеттегідей биыл да әлемнің мұсылман мемлекеттері сияқты еліміздің мешіттерінен басталып, үлкенді-кішілі қала, аудан, облыс орта­лықтарында сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған айы Мәуліт аталып өтіліп, мерекелену үстінде. Сенбі күні Алматыдағы Бас сарайға жиналған жамағат Алла тағаланы ұлықтап, Мәулітке қатысты уағыздарға, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) айтылған салауаттарға сусындап қайтты. Дәл сол күні Республика сарайында “ине шаншар” орынның болмағанына алғаш рет куә болып қайттық. Адамның лық толғаны сонша, залдың қатараралық бос жерлері, қапталы толып, тұруға орын қалмағаны өз алдына, фоиеге орнатылған экраннан тың­даған халықта да есеп жоқ. Сарай қыз­мет­керлері 3 сағат аяғынан тік тұрған 5 мыңға жу­ық жамағатты көріп, бас ғимараттың бұрын-соңды мұндай “аузы-мұрнынан” шығып толмағанына таңданыс білдіріп жатты. Алдымен Мәуліт мерекесіне жиналған жамағатты құттықтаған Қазақстан діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Пайғам­бар­лардың сұлтаны Мұхаммедтің (с.ғ.с) ғибратты ғұмырын қамтыған ауқымды да, терең мағыналы баяндама жасап, адамзатты имандылық жолына бастайтын Ислам дінінің құндылықтарына тоқтала келе, әсіресе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жаратылысы әдемі, мінезі де жібектей, әрі сабырлы, қара­пайым, теңдесі жоқ ең кәміл жан болғанын те­бірене сипаттады. – 2004 жылы Елбасының Сауд Ара­бия­сына ресми сапары барысында Меккедегі Әл-Харамға – Алла тағала үйіне кірдік. Ол сәттегі сезім бір бөлек еді. Одан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәдинадағы мешітіне барып, жұма намазын бірге оқуды нәсіп етті. Сол күні кешке Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы уақытқа дейін сақталған үйіне кіруге рұқсат алдық. Бірақ, есіктің шынжырға байланған кілті жеті кісінің мойнында екен. Жеті кісі біріккенде ғана құлып ашылмақ. Егер олар­дың біреуі келмесе, есік ашылмайды. Біз­дің көзімізше жеті кісі жиналып, бір мез­гілде құлыпқа кілт салғанда, есік ашылды. Кірдік. Бар болғаны екі-ақ бөлме. Ішкі бөлмеде Айша анамызбен тұрыпты. Ал кіре берісте Фатима анамыз тұрса керек. Үй іші соншама қа­ра­па­йым. Сонда жамбасына батқан шиді өз кө­зі­міз­бен көрдік. Міне, үлгі, міне, қара­па­йым­ды­лық, – деді дінбасы. Сондай-ақ, хазрет Мәуліт мың жылдан аса уа­қыттан бері тойланып келе жатқанына, тіпті, Сингапурде 10 пайыз ғана мұсылман бол­са да бір ай бойы, ал Сирияда мәулет бас­талғанша, мәулет біткен соң тағы бір-бір ай қосып, үш ай бойы той­лайтынын, Қазақ­стан­да 26 ұлттан т­ұ­ратын мұсылманның бір­лік, ынтымақта тұ­рып жатқанын асқан ықыласпен жеткізді. Со­нымен қатар, Са­дуа­қас Ғылмани ата­мыздың мұрағатынан қазақ тілінде жазыл­ған Мәулітін тауып ал­ғанын, бірақ, ол үрдіс үзіліп қалғанын, алдағы уақытта соны жалғастырып, ана тілімізде де өткізуді бастайтын шығармыз деген ойын да білдіре кетті. Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бүкіл өмірі, қызметі өлең дастанға түсірілген хасиданы, яғни Мәуліттің мадақ жырынан салауат айтқан қарилар – Жұманазар Садырханов, Данияр Жұмабаев, Ахмет Мұ­хамед­жанов, Эйдир Хонан әуезді дауыс­тарымен мақамына келтіре жеткізді. Артынан оқылған Құранға Бас мүфти: “Осы оқылған қасиетті Құранның қасиетті аяттарынан болған сауапты дүниеден өткен барша мұсылмандарға, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) рухына, кешегі табиғат апатынан қаза тапқан бауырларымыздың рухына бағыштадық. Елімізге амандық, жерімізге, халқымызға тыныштық, береке-бірлік берсін, әумин!”, – деп бата жасады. Алла тағаланың сүйікті елшісіне (с.ғ.с) ізгі ниетін білдіріп, құттықтауға Алматы қаласы, Медеу ауданының әкімі Махамбет Байдалы да келді. Белгілі ғалымдар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі  Айгүл Смакова, профессор Ислам Жеменей “Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) – адамзаттың ұлы ұстазы”, “Пайғамбары­мыз­дың (с.ғ.с.) заманауи өмірлік үйлесімділігі” деген тақырыпта жан-жақты да, мазмұнды баян­дама жасады. ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі Қайрат Жолдыбайұлы да Пай­ғам­ба­рымызға (с.ғ.с.) сүйіспеншілік жайлы баян ете келе, діни басқарма қасиетті күнге Пай­ғам­барымыздың (с.ғ.с.) өмірі, қызметі жайлы екі тілде 5 мыңға жуық кітаптың тара­тыл­ға­нынан хабардар етті. Қоғам және мемлекет қай­раткері Мұрат Әуезов Қазақстанның ең үлкен сарайының бірі лық толып, қаншама жұрттың түрегелеп тұрғанына толғанып отырғанын, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келген күннен бастап жалпы адамзаттың тарихы мүлде басқа сапа, мүлдем басқа өл­шемге ие болғанын, бұл – мәңгілік, ешқашан өш­пейтін нұр, өшпейтін рух екенін, егер дамыған өркениетті тәуелсіз мемлекет бол­ғымыз келсе, осы жолда ислам діні, мә­дениеті, өркениеті ең үлкен тіреу, қолдайтын да, басқаратын да күш екенін тебіреніспен жеткізді. Аллаға шүкір, қазақ халқының талантты ұрпақтары көп. Мәуліт тойына өнерпаздар да қызмет жасады. Биылғы жылдың ерекшелігі – М.Әуезов атындағы театрдың бас режиссері Ә.Рахимов Омар (р.а.) халифаның зама­нын­дағы тақуалықты баян ететін театрлан­ды­рыл­ған қысқаша қойылым қойса, Ескендір Ха­сан­ғалиев, Шәміл Әбілтаев, Тоқтар Серіков, сондай-ақ өздері де, әндері де әсем “Серілер”, “Меломан”, “Жігіттер” тобы, 6 жасар кішкене Қазбек Дүйсенбаевтар жүрегіңді шымырлатар діни әндер орындады. Кешті әдемі жүргізуге еңбек сіңірген Тұңғышбай әл-Тарази ағамызға Алланың рахметі жаусын демекпіз. Жыл сайын Мәуліт мерекесі қарсаңында діни басқарма “Көкжиек” баспасымен бірігіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолы туралы жазылған шығармаларға студенттер мен мектеп оқушылары арасында байқау жариялайды. Оған биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық талапкер қатысқан. Мәулітте байқау жеңімпаздары мен ынта­ландыру сыйлығына ие болғандарды Бас мүфтидің өзі марапаттады. Үлкен шығар­ма­шылық ізденіспен ұйымдастырылған сал­танатты кеш Жекен Омаровтың “Зікіролла” әнімен тәмамдалды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.