Қоғам • 09 Маусым, 2019

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында алты жоба мақұлданды

519 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанынан басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру мониторингі жөнінде жобалық алқа құрылған болатын. Кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста жобалық алқа мүшелері атқарылған жұмыстар барысына тоқталып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылу мәселелерін талқылады.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында алты жоба мақұлданды


«Қаржыландырылған жобалар бойынша көшбасшылардың үштігіне еніп отырмыз» деген Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының  орынбасары Алма Тұрлыбаева бұл бағыттар бойынша ақпараттық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда Алматыда 6 жоба мақұлданып, 3 жоба 3,2 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған. Ал бір жоба дайындықта болса, 15 жоба ЕДБ қарауында, 11 ЖКС бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Жобалық кеңсенің қызметі барысында бизнесті ұсыну тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылданып, отырыстарда қарастырылуда. Жобаға ағымдағы жылдың 4 мамырында Үкімет қаулысымен өзгерістер енгізіліп, қорғаныс қаражатын толықтыруды субсидиялау 30 пайыздан елуге дейін артқан. Қазіргі кезде орталық жобалық офис жаңа топтаманы дайындау жұмыстарын жүргізуде, яғни айналым қаражатын толықтыруды қаржыландыру мөлшерін 50 пайыздан 70 немесе 100 пайызға дейін ұлғайту, сондай-ақ АӨК жобалары үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған субсидиялау мөлшерін 5 пайыздан 8 пайызға дейін көтеру, ал инвестициялық мақсаттарға арналған кредит мерзімін 10 жылға дейін ұзарту жұмыстары жүргізілуде.

 Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша Алматы қаласы бойынша «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк және «CENTERCREDIT» АҚ Ірі бизнес басқармасының басшысы Баян Мұхтарова баяндап өтті.

«Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Светлана Назарюк   халық тұтынатын тауарлар, сондай-ақ бастапқы өңдеу өнімдері мен шикізаттары өндірісін қолдау үшін 600 млрд теңге бөлінгендігін жеткізді. Бұл қаражат өңдеуші өнеркәсіпті, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және қолдауға бағытталатын болады.  Бөлінген қаражаттар екінші деңгейлі 9 банкте беріледі. Бағдарлама аясында жұмыс жүргізетін банктердің қатарында Халық банкі, Цесна банк, Сбербанк, БЦК, АТФ, РБК, Forte, Еуразия және Нұрбанк бар.

Бөлінген қаражаттың мақсатты арналуы – өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешені саласында қызмет ететін кәсіпкерлерді инвестициялық мақсаттарға (негізгі қаражат, биологиялық активтер) несиелендіру және айналым қаражаттарды толтыру. Мәселен, тамақ өнеркәсібінде етті өңдеу мен консервілеу, қант өндірісі, жеміс және көкөніс шырынын өндіру, балалар тамағы және диеталық тамақ өнімдері өндірісі несиелеуге жатуы мүмкін, ал жеңіл өнеркәсібінде: сыртқы киім өндірісі, тоқыма өндірісі және трикотаж нәски-шұлық өндірісі, аяқ киім өндірісі несиелеуге жатады. Үкімет Қаулысымен Экономикалық қызметтің жалпы жіктемесінің 65 қызмет түрлері бойынша несиелендіруге арналған 365 тауар тізбегі бекітілсе, оның ішінде тамақ өнеркәсібі бойынша 69 тауар, азық-түлік емес өнім бойынша 274 тауар, ауыл шаруашылығы өнімі бойынша 49 тауар анықталған.

 Несиелеу шарттары бойынша қарыз беру мерзімі 7 жылды құрайды, соңғы қарыз алушылар үшін аталуы сыйақы мөлшері – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мөлшерлемені субсидиялау есебінен 8 пайыз мөлшерінде. Қаржыландыруға қол жеткізу үшін кәсіпкер банкке өтінім жіберіп, бизнес жоба мақұлданғаннан кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінуі қажет.