Шарайна
Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:09
Шығын көлемі – 11 миллиард доллар
Дамаскіде 2011 жылдың наурызынан бері жүріп жатқан соғыс қимылдары салдарынан Сирия инфрақұрылымына келтірілген шығын есептеп шығарылды.
Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:09
Шығын көлемі – 11 миллиард доллар
Дамаскіде 2011 жылдың наурызынан бері жүріп жатқан соғыс қимылдары салдарынан Сирия инфрақұрылымына келтірілген шығын есептеп шығарылды.
Оның жалпы сомасы 11 миллиард долларды құраған. Оның сыртында Сирия үкіметі өткен жылы инфрақұрылымның және мемлекеттік мекемелердің маңызды нысандарын жөндеу үшін 11 миллион доллар қаржы жұмсаған. Бұған дейін ел президенті Башар Асад Сирияның қарсыластары елдің инфрақұрылымына және сириялық азаматтардың психикасына нұқсан келтіру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуде деп мәлімдеген болатын. 2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан қарулы қақтығыс салдарынан 70 мың адам қаза тапты.
Бенедикттің жағдайы не болмақ?
Өз еркімен тақтан бас тартқан Рим папасы Бенедикт XVI-ға аштықтан келер қауіп жоқ. Тақтан кеткеннен кейін оған ай сайын 2,5 мың еуро зейнетақы төленбек.
Оның сыртында экс-папаға ештеңеге алаңдауға және ештеңе үшін ақы төлеуге тура келмейді. Сондықтан да көптеген діндарларды Бенедикттің өз ақшасын қайда жұмсайтыны қызықтыруда. Отставкадағы понтификтің зейнетақысы тіпті демалысқа кеткен кардиналдың зейнетақысынан да төмен. Сонымен бірге, Қасиетті Петр тағының мұрагері Бенедиктке құрметті кардинал мәртебесін беретін шығар деген де үміт бар. Ал ол оның айына 5 мың еуро зейнетақы алуына мүмкіндік береді.
Қазіргі президенттің басым жеңісі
Cedatos ұйымының ақпараттары бойынша, Эквадор президенттігінен үміткер Рафаэль Корреа 61 пайыз дауыс жинаса, оның ең негізгі бәсекелесі Гильермо Лассо 20 пайыз ғана дауыс жинаған.
Ел астанасы Кито қаласының орталығында Корреаның жақтаушылары бірнеше сағаттан бері оның жеңісін тойлауда. Елдің қазіргі президенті Рафаэль Корреаның елде өтіп жатқан сайлаудың бірінші турында-ақ жеңіске жеткенін exit-poll мәліметтері де айғақтауда. Сайлау заңнамасына сәйкес егер кандидат 50 пайыз және плюс 1 дауыс алса немесе ең жақын тұрған бәсекелесінен 10 пайызға оза отырып, басым дауысқа ие болса, ол бірінші турда жеңген болып есептеледі.
АҚШ-та құлдық түбегейлі жойылды
Американың Миссисипи штаты конституцияға енгізілген құлдықты жоятын 13-ші түзетуді ратификациялаған АҚШ-тың ең соңғы штаты болып табылады.
Ол Миссисипи университетінің екі ғалымының қызығушылық танытуы арқасында жүзеге асқан. Таяуда экранға шыққан С.Спилбергтің «Линкольн» атты фильмін қараған олар өз штатында құлдықтың қашан жойылғанын білмек болған. Сөйтсе, 1995 жылы жергілікті парламент түзетуді енгізу үшін дауыс берген, бірақ оның көшірмесі федералдық реестрге жіберілмеген, ал ол түзету формальды түрде штат аумағында күшінде тұр дегенді білдіретін. Ғалымдар жергілікті билікке сұрау салған соң тиісті құжаттар федералдық реестрге жіберілген көрінеді.
Әуежай басындағы ұрлық
Брюссельде белгісіз біреулер Бельгия астанасынан Цюрихке жеткізбек болған алмастың ірі партиясын ұрлап кеткен.
Оқиға Брюссель әуежайында орын алған. Екі машинаға отырған қылмыскерлер ұшу алаңын бөліп тұрған дуалды бұзып өтіп, ұшаққа алмастарды тиеп жатқан инкассаторлық жүк машинасына жақын келген. Қарумен қорқыта отырып, шабуыл жасаушылар алмастарды өз автомобильдеріне салып, өздері келген ізбен қашып кеткен. Шабуыл салдарынан ешкім зардап шекпеген көрінеді. Полиция қазір тонаушыларды іздестіруде.
Саргсян жеңіске жетті
Армения президенті Серж Саргсян 18 ақпанда өткен сайлауда 58 пайыздан астам дауыс жинап, өз лауазымын сақтап қалды.
Еуроинтеграцияны жақтаушы, бұрынғы сыртқы істер министрі Раффи Ованнисян 20 пайызға кейін қалып, екінші орын алған. Орталық сайлау комиссиясы бұрмалаулар жөнінде шағымдар болған жоқ деп рапорт беруде. Ал «Мирас» партиясының баспасөз хатшысы Овсеп Хуршудян сайлауда жаппай бұрмалаулар орын алды деп мәлімдеген. Сайлаудың түпкілікті нәтижелерін Арменияның орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан кейін 7 күннен соң хабарлайтын болады.
Миллиардердің байлығы кімге қалады?
Германиядағы ең бай адамдардың бірі және Metro Group неміс ритейлерінің негізін қалаушы Отто Байсхайм 18 ақпан күні өзіне өзі қол жұмсаған.
Бизнесменнің мүрдесі дүйсенбі күні таңертең өзінің Бавариядағы үйінде табылған көрінеді. Bild басылымының жазуынша, ол ем қонбайтын науқаспен сырқаттанған және «өз денсаулығының үмітсіздігіне байланысты» өмірмен қоштасуға бел буған. Бизнесменнің жасы 89-да екен. Оның балалары болмаған, 1999 жылы зайыбы қайтыс болған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңында ұсақ көтерме сауда идеясын ұсына отырып, ол 3 млрд. доллардан асатын байлыққа қол жеткізген. О.Байсхайм негізін қалаған Metro Group компаниясы бүгінде көлемі жағынан әлемдегі бесінші супермаркеттер желісі болып табылады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.