22 Ақпан, 2013

Башар Асад қашанда кешігіп қалады

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Башар Асад қашанда кешігіп қалады

Жұма, 22 ақпан 2013 7:02

Дамаскіден бір жақсы хабар естілді. Ел президенті Башар Асад алғаш рет қарулы оппозиция өкілдерімен келіссөз жүргізуге ықылас білдіріпті. Бұл жөніндегі хабарды елдің ұлттық келісім жөніндегі министрі Али Хайдар айтты.

 

Жұма, 22 ақпан 2013 7:02

Дамаскіден бір жақсы хабар естілді. Ел президенті Башар Асад алғаш рет қарулы оппозиция өкілдерімен келіссөз жүргізуге ықылас білдіріпті. Бұл жөніндегі хабарды елдің ұлттық келісім жөніндегі министрі Али Хайдар айтты.

Жақсылық хабар екені даусыз. Бірақ оған бір түрлі көңіл сенбейді. Өйткені, сол Башар Асад бұған дейін көтерілісшілермен ешқандай келіссөзге бармайтынын талай рет мәлімдеген. Ресми билік өкілдері көтерілісшілерді лаңкестер санайды. Тіпті Асадтың өзі сатқындармен және Батыста жасалған қуыршақтармен еш­қандай үн қатысу мүмкін емес деп шегелеп айтқан.
Келіссөзге баруды оған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Араб мем­­лекеттері лигасы да талай рет ұсын­ған. Осы екі ұйымның ай­ырықша беделді өкілі Кофи Аннан Башар Асадпен бірнеше рет кездесіп, оны көтерілісшілермен, оппози­ция өкілдерімен келіссөзге отырғыза алмаған. Оның мұндай тоңмойындық көрсетуінің басты себебі – Асадтың жосықсыз қыңыр­лығына Ресей мен Қытайдың қолдау көрсетуі. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан Дамаскіге қатқылдау шара қолдану жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімі әзірленсе, оған аталған екі ел ве­то құқын пайдаланып, оны қа­былдатпай тастайды.
Халықтың талабына кезінде құлақ аспау, құлақ асса да кешігіп құлақ асу Башар Асадтың түбіне жетіп отырған ауру десе де бол­ғандай. «Араб көктемі» басталып, оның толқыны Сирияға жеткенде, әзірге қаруланбаған халық президенттен елдегі төтенше жағ­дайды жой, үкіметті ауыстыр, оған халықты қатыстыр деген талап қойды. Енді елде отыз жылдан аса уақыт төтенше жағдайдың орнап келгені естіген құлаққа да ерсі жай. Бір қиын-қыстау кезең емес, тұрақты түрде төтенше жағдайда өмір сүру деген сұмдық. Соны біле тұрып Асад оны жоюдан бас тартты.
Көтерілген халық мұнымен ке­ліспеді. Көшеге шығып, күшін көр­сетті. Дәл осындай күшпен ха­лық­тың біраз елдің басшыларын құлатқанын көрген Асад төтенше жағдайды жойып, халыққа тілек­теріңді орындадым дегенде, енді өзінің күшіне көзі жеткен ха­лық: мұның кеш, дегенді айтты. Үкіметті орнынан түсіру жөніндегі талап та осылай болды. Алдымен көнбей, кейін келіскеніне халық көнбей, қарулы күреске шықты. Ол бүгінгі дейін созылып келеді. Соның салдарынан 70 мыңдай адам қаза тапты.
Жоғарыда айтылғандай, Башар Асадқа оппозиция мен келіссөзге отыру жөнінде талай ұсыныс жасал­ған, оған президент көнбеген. Енді өзінің ұсыныс жасағанына көңіл сенбегенмен, бұл сәтті пай­даланған жөн-ақ. Министр Али Хайдар сендіріп отыр: «Ел пре­зиденті бізге саяси тұрғыда қарсы­ластардың әрқайсымен ке­ліссөз жүргізуге тырысамыз, тіпті қару қолданушылармен де келіссөз жүргізуге әрекет жасаймыз деді», – дейді ол.
Келіссөздің болғаны жақсы. Оны Еуроодақ сыртқы саясат же­текшісі К.Эштон да құптайды. Ол бұл ретте Сирияның оппозициялық коалициясының көсемі Муаз Әл-Хатыбтың саяси үнқатысуға әзірлігін алға тосады. Сөйтсе де келіссөз оңайға соқпаса керек. Әл-Хатыб біраз шарт қояды. Оның бірі – билік 160 мың саяси тұтқынды босатсын, дейді. Башар Асадтың мұндай талапты орындауы қиын-ақ. Ал орындамаса, оның жағдайы одан да қиындауы әбден мүмкін. Сірә, бұл президенттің соңғы мүмкіндігі шығар. Бұл жолы кешігер болса, ол мүлдем кешігеді.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».