17 Наурыз, 2010

АСТАНАДА ТАҒЫ ДА БОКС АЙҚАСЫ

1294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астана төрінде Бокс федерация­сы­ның ұйымдастыруымен Қазақстан, Әзірбайжан, Украина мен Өзбекстан былғары қолғап шеберлерінің қа­ты­суы­мен халықаралық турнир басталды. Осыған орай біз спорттың осы тү­рінен мемлекеттік жат­тық­ты­ру­шысы Болат Абдрахмановпен кездесіп, одан аталған турнир мен алдағы жа­рыстар, жалпы бокстың қазіргі даму деңгейі жөніндегі пікірін білген едік. –  Қазіргі кезде де еліміз бо­йынша бокстың беделін көтере түсу үшін үлкен жұмыстар қолға алынып отыр деп айта аламын, – деді ол. – Қа­зақстан Бокс федерациясына пре­зидент болып Тимур Асқарұлы Құ­лы­баев келгелі бері еліміздің барлық өңір­лерінде боксты дамытудың жаңа жобалары іске қосыла бастады. Мы­салы, биылғы жылдың қыркүйек ай­ына дейін барлық облыстарда “Бокс сарайы” салынатын болады. Бұл ал­дымен балалар мен жастардың ара­сынан талантты боксшыларды іріктеп алуға мүмкіндік берсе, екінші жа­ғынан боксты бұқаралық спорт дең­гейіне көтеруге ықпал ететін болады. Федерацияның тағы бір мықтап қолға алған жұмысы: қазір ұлттық құ­раманы жасарту кезеңі жүріп жатыр, яғни талантты жастар негізгі ко­ман­даға шақырылып, оларды ірі ха­лық­аралық жарыстарға қатыстыру бас­талды. Бұрынғы тәжірибелі бокс­шылардан тек Сәпиев қана құрамада жүр. Басқасының бәрі жап-жас, бірақ келешегі бар жігіттер. Құрамаға жақында қосылған бес боксшымыз осы күндері Чехияда өтіп жатқан халықаралық жарыста жүр. –             Осы жерде кеше басталған тур­нир мен алдағы кезде өтетін бә­се­келер жөнінде айтып берсеңіз. –             Жаңа айтып кеткен бес боксшымыздан басқаларының бәрі 16-17 наурыз күндері Астанада өтетін матчтық турнирде өнер көрсетеді. Бұл бәсекеге Әзірбайжан, Украина және Өзбекстан құрамалары қатысады. Алдымен бізбен қосқанда осы төрт құрама бірлескен жат­тығулар өткізеді, сосын бір-бірімен кездеседі. Бұл – нағыз тәжірибе ала­тын, жігіттерімізді бір сынап алатын турнир болады деп ойлаймыз. Қазақстанның Бокс федерациясы осындай жарыстарды өткізуге немесе қатысуға үлкен мән беріп келеді. Өйткені, биыл Азия ойындары өтетін жыл. Азия ойындары дегеніміз өте үлкен жарыс, ал Қазақстанның бокс құ­рамасына ең үлкен сенім ар­ты­ла­тыны белгілі. Мұның алдында 23 – 31 мамыр күндері Астанадағы “Дәу­лет” спорт кешенінде қыздар ара­сын­да Азия чемпионаты өтеді. Сон­дық­тан да республикалық Бокс фе­де­ра­циясының басшысы Тимур Асқарұлы ұлттық құрамаға да, жастар құра­ма­сына да ерекше мән беріп, олардың дайындығы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Мысалы, құраманың бірінші нөмірлі боксшылары 2 500, ал екінші нөмірлі боксшылары 1 500 доллардан жалақы алып тұрады. Сонымен қатар жастар құрамасына да жақсы жағдай жасалып отыр. Жақында біздің жастар құрамасы Ираннан келді. Осында өткен Азия чемпионатында төрт боксшымыз ал­тын медаль жеңіп алды! Бір бокс­шымыз – күміс, тағы екі боксшымыз – қола жүлдегер атанды. Кома­н­да­лық есепте Қазақстан бірінші орынға ие болды. Иран, Қытай, Үндістан құ­ра­малары екі алтыннан алса, Өз­бек­стан бір-ақ алтынмен шек­тел­ді. Азияда бірінші болған жас жігіт­те­рімізге де материалдық сыйақы беріледі. 2011 жылы біздің Астанада жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтетіні белгілі. АИБА-ның бұл шешімі – біздің елге көрсеткен үлкен сенім. Осындай халықаралық деңгейдегі және республика бойынша өтетін шараларды үйлестіруде федера­ция­ның Атқарушы директоры Данияр Рүстемұлы Абулғазин үлкен жұ­мыс­тар атқарып келеді. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.