«Сүндет – мұсылманға міндет» деген де сөз бар. Исі мұсылманның ғұрпына айналған сүндеттеу салты бүгінде Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде қалыпты үрдіс саналады. Тіпті АҚШ-тың өзінде, айталық, Солтүстік Америкада профилактикалық әрі гигиеналық мақсатта жас балалардың тоқсан пайызы сүндеттеледі. Өйткені Американың медициналық ассоциациясы (АМА – Аmerican Medical Association) 2000 жылғы баяндамасында сүндеттеудің несеп, қуық жолдарын сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтынын жазды. Кейбір деректерге сүйенсек, әлемдегі ер адамдардың алтыдан бір бөлігі сүндеттеледі екен. Ал халқымызда сүндет тойға жету – ерекше бақыт. Сүндеттелген баланы хандай құрметтеп, үкі тағып, тай мінгізіп, қуанышты бөлісуге келген қонақтар «ержеткен» кішкентай той иесін құралақан қалдырмаған.
Қазіргі ата-аналар үштен асып, жетіге жақындаған баласын сүндеттеуді бұрынғыдай молдаларға емес, дәрігерлерге тапсырғанды жөн көреді.
Ауыл адамдары күздігүні егістіктен тапқан аз ақшасын немесе малын сатып сабылса да сүндет тойды өткізеді. Ал қалтаны қағып алатын қаланың қатаң тіршілігінде күн кешіп жүрген отбасыларға той түгілі баланы сүндетке отырғызудың өзі оңай емес. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген елорда әкімдігі «Сүндет-2019» акциясын ұйымдастырды. Әкімдік 2 күнге созылған шараға көп балалы отбасылардан 3-7 жас аралығындағы 110-нан астам бала тіркелгенін мәлімдеді. Алайда, акция өткізіп жатқан №2 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбын Нұртасұлы балалар саны тізімдегіден әлдеқайда көп екенін айтты. «Бұл шараның мақсаты – ел астанасындағы көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету. Осы шараға өзіміздің тәжірибелі мамандарды тарттық. Оған қоса Урологтар қоғамының конгресіне Германия, Түркиядан келген үздік урологтар атсалысты. Акция басталғаннан бергі үш сағаттың ішінде 40 баланы сүндеттеп үлгердік», деді дәрігер.
Балаларды түрлі мультфильм кейіпкерлері, көңілді шарлармен безендірілген аурухана күтіп алды. Мұндайда балдырғанның үрей әлемінен алыстары анық. Сондай баланың бірін ата-анасымен шыға берісте кездестірдік. Нұрдәулет мұндағы дәрігерлердің мейірімді, сыйлық пен тәттілер беретін қолы ашық жандар екенін жеткізді. Ол ойын ойнап, көңіл көтеруге келгендей, шат-шадыман жүгіріп жүр. Анасы Ақтолқын Сыздықова акция туралы қалалық көп балалы аналардың әлеуметтік желідегі тобынан оқып біліпті. «Хабарды білген бойда әкімдікке қоңырау соғып, жол сілтеуімен осында келдік. Бірінші баламды сүндетке отырғызғанда сәл қиындау болды. Дәрігерлік қызметті де қалтамызға қарай іздейміз ғой. Былтыр сұрастырғанмын: ауыртпай, наркоз беріп жасайтын болса, 25 мың теңге, ал ауырғанын басатын дәрімен ғана шығарып салса, 15 мың теңге екен. Құдай сәтін салған болар, тегін қызметтің нәсібін көріп қалдық. Бізге жақсы көмек болды», дейді ана.
Ал Нұрдәулеттің әкесі телефонда туыстарына «Баламыз сүндеттеліп, азамат болды!» деп сүйіншілеп жатты.