Медицина • 11 Маусым, 2019

Табиғи тағам – денсаулық кепілі

3294 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы бекіткен адам ден­сау­лы­ғының қалыпты болуының бұл­жымас бірнеше қағидаттары бар.

Табиғи тағам – денсаулық кепілі

Бұл ретте оның алғашқы шарты: үздіксіз қимыл-қозғалыс, мүмкіндігіне қарай жаяу жүру екеніне көз жеткіземіз. Қимыл-қозғалыс – бұл өмірдің нағыз өзі деген нақылға бергісіз сөзі де осындайда айтылса керек. Ал аты шулы халықаралық ұйым бекіткен денсаулықтың екінші қағидаты – дұрыс тамақтана білу. Тамақ ішу нормаларын сақтау және құрамында әртүрлі химиялық қоспалары бар консерванттарды тұтынбау. Оның есесіне дәрумендері мол табиғи тамақтарды молырақ пайдалану болып шығады.

Күнделікті өмірде осы талаптарды сақ­тап жүрміз бе? «Иә» деп айтуға кел­мейді. Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттерге кірсеңіз, керек заттың бәрі алдыңыздан самсап шығады. Ал оның сапасы мен құна­ры қандай? Сертификатталған ба, адам ағзасына зиянды әсері жоқ па? Бұған ешкім басын ауырта бер­мей­ді. Тіпті сауда орындарында пайда­ла­ну мерзімі мен жарамдылығы әлде­қа­шан өтіп кеткен азық-түлік түрлері кез­десіп қалатыны арнайы рейдтер ке­зінде байқалып қалып жүр емес пе? Тағы бір кереғар жайт, қазіргі кезде сауда сөрелерінде сатылатын бірқатар жеміс пен көкөніс түрлерінің сыртқы тауарлық көрінісі кез келген тұтынушының тәбетін ашатындай, тіпті биологиялық-анатомиялық тілмен айтқанда оны көрген сәтте асқазаннан сөл, яғни шартты рефлекс бөлдіретіндей жұтынып жайнап тұрады. Ал ауыз тиіп көрсеңіз иісі де, дәмі де жоқ өнім екенін білесіз. Бірде қызметтен қол босаған кезде бағбандықпен айналысатын Бауыржан Тұманов деген есімі елге елеулі азаматтың былай дегені бар: Ең тәтті алма – құрт түскен алма. Шірі­ген алма. Ал консерванттық өнім болса оған құрт та түспейді, шірімейді де. Баукең жүзім де өсіреді. Бірде ол әдейі сынақ жүргізіп көрмек болып, өзі өсірген балшырындай дәмі тіл үйіретін жүзімнің бір тал сабағы мен базардан сатып алған дәл сондай кесіндіні шыбын-шіркейлер мен құрт-құмырсқалар келеді-ау деген жерге тастап кетіпті. Не болғанын біл­мекші болып, ертеңіне келіп қара­са өз қолымен баптап өсірген таби­ғи жүзімнің шырынын әлгі ұсақ жән­­дік­­тер сорып, тесіп, сыртқы жұ­қа қабығын ғана қалдырыпты. Ал жа­сан­­ды жүзімге шыбын-шіркейлер тиіс­пеп­ті, сол күйінде тұр екен.

Бұл мысалдың өзі көп жайтты аңғартпай ма? Айталық, қазіргі кезде тұр­ғындар тұрақты түрде тұтынатын тағам­ның бірі – сүт. Бұл ретте сауда орындарында отандық өнімдерден гөрі Беларусьтан жеткізілген қатырма қораптар мен пластик ыдыстардағы сүт өнімі бірден тұтынушы назары­на ілігеді. Аталған өнімдердің жарам­ды­лығы мен пайдалану мерзімі ұзақ уа­қыт­қа арналған. Яғни, бір гәп бар деген сөз. Рас, таяуда еліміздің аумағындағы бір ірі агрофирма иесі тұтыну мерзімі екі-үш күннен аспайтын, асса бұзылып кететін сүт өнімін шығара бастады деген жақсы хабарды естіген едік. Міне, нағыз та­биғи өнім деп осыны айты­ңыз. Мұн­дай жағдайда оны тек сол аймақ­тың тұрғындары ғана пайдалана алары анық. Оны өзге өңірлерге шы­ға­руға пайдалану мерзімінің тым шек­теу­лі­лі­гі мүмкіндік бермейді.

Жаңа сауылған сүт күннің ысты­ғын­да екі-үш сағаттың ішінде іріп, бұзы­лып кетпей ме? Табиғи азық-түлік түрінің басты ерекшелігі де осын­дай. Егер қала тұрғындары дүкен сөрелерінде тұрған қатырма қағаздағы сүтті пайдаланса бұған түсіністікпен қарауға болатын шығар. Өйткені оның аула­сында, пәтерінің балконында мөңіреп тұрған сиыр жоқ. Ал ауылда тұратын отбасылар да дәл осылай істесе не деуге болады? Бұл – дәрменсіздік. Қорасында сауын сиыры бола тұра, сау­май ауыл дүкенінен зауыттың сүтін сатып алу ауылдағы аналар мен әжелердің күнделікті дағдысына айналып бара жатқаны қынжылтады.

Рас, ел ішінде төрт-бес сиырды қатар сауып, бұзауын жамыратпай бөлек бағып, айраны мен майын, құрты мен қаймағын, ірімшігі мен сүзбесін балалары мен немерелерінің несібесіне пайдаланып отырған, осы арқылы олардың бойына еңбек тәрбие­сін дарытып жүрген өнегелі отбасылар баршылық. Солардың бірі – Шалқар көлінің жағасында орна­лас­қан Шотановтар әулеті. Бір жолы журналистік іссапармен жүргенде осы шаңырақтан дәм татудың сәті түсті. Дастарқанда Шәрәпи аға мен Дариға жеңгейдің өз қолымен баптаған ет өнімдері және көкөніс түрлері сықасып тұр. Үлкен кәрлен кесеге көк сүтінен жаңа ғана айырылған әрі қоюлана қоймаған балқаймақ қойылыпты.

– Қане, жігіт екеніңді көрейін. Мына кеседегі қаймақты жұтып, сімі­ріп ішіп қоя аласыз ба, – деді үй иесі бір сәтте.

– Шәке, үйіңізге келген көлденең көк аттының бәріне тостағандап ішкізе беретіндей қаймағыңыз соншама көп пе еді, – дедім мен. Осы сәтте Шәкең Дариға жеңгей мен маған бір көз тас­тап алды да:

– Құдайға шүкір, жеңгей екеуміз осы шаңырақта бес сиыр ұстап сауып отырмыз. Кесемен іше алатын адамға қаймақ табылады, – деп жауап қайтарды.

Ешқандай қоспасы жоқ табиғи ұлттық тағамдарды тұтынған адамның денсаулығы мықты, отыз екі тісі сау болатынына әулет басы Шәрәпи Шотановтың өзі де айқын мысал бола алады. Оның жасы жетпіске жақын­дап қалса да қырықтағы жігіттей қыл­шылдап тұрғанын көрдік. Мұны ұдайы тынымсыз еңбек пен қимыл-қозға­лыс­тың және жарасым тапқан тату-тәтті жұбайлық өмірдің тигізген әсері десек қателеспеспіз.

Түптеп келгенде, әңгімеміздің арқа­уы халқымыздың абыз ақса­қал­дарының бірі, денсаулық сақтау ісінің майталманы, Қазақ тағамтану ака­де­миясының президенті Төрегелді Шармановтың шетелдерден ағылып келетін көкжасық, денсаулыққа кері әсері бар қоспа қосылған азық-түлік түрлерінен гөрі ұлттық тағамдарды тұтынуға басымдық беру жөніндегі пайдалы кеңестерімен сабақтасады. Қазы мен қартаны, жал мен жаяны кертіп жемейтін қазақты қазақ дей аламыз ба? Жылқы еті қанша желінсе де жақсы қорытылатынын, ден­саулыққа зияны болмайтынын, құра­мында холестерин кездеспейтінін Төкеңнің ұдайы айтып жүргені де қан­дас­тарға ой салуға тиіс.

Халқымыздың ежелгі өмір сүру дағ­дысынан қалған болар, қысқы мер­зімге қарай соғым сою үрдісі кеңі­нен тарағаны мәлім. Осы дәстүр елі­міз­дің қысы ұзақ өлкелерінде әлі күн­ге дейін жалғасып келеді. Соңғы уа­қыт­та соғымға жылқы малының таң­да­лып сойылуы да ата-баба салты мен дәстүрінің бүгінгі жалғасы мен сабақ­тас­тығындай көрінеді.

Ұлт денсаулығы – еліміздің басты байлығы. Сондықтан да Тұңғыш Пре­зи­де­нт – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы мен халық денсаулығын жақсарту және қазақстандықтардың орташа ғұмыр жасын өсіру жөнінде байыпты бағдарламалары белгіленді. Бүгінгі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ер азаматтардың денсаулығын жақсартуға қатысты Тұңғыш Президент жүзеге асырған реформаларды одан әрі баянды ету жөнінде лайықты қадамдар жасауға бет бұрғаны сабақтастықтың бір көрінісіндей әсер қалдырады.

Соның ішінде таза, табиғи тағам­дар­ды тұтыну, жоғарыда айтылғандай ден­саулықтың жақсы болуының бас­ты бір факторы. Өйткені бүгінгі уа­қыт­та аурудың 60-70 пайызы тамақ ішу нормаларын дұрыс сақта­ма­ған­дық­тан және жасанды консерванты мен кері қоспасы мол азық-түлік түрлерін ұдайы тұтынғандықтан пайда болатынын ғалымдар айғақтап отыр. Осындай құнары мол табиғи тамақ пен ас қана адам­ның ас арқауы бола алатыны назар­дан тыс қалмаса екен демекпіз.

 

АҚТӨБЕ