Аймақтар • 11 Маусым, 2019

Атырау қаласының әкімі: «Зарослый» елдімекеніндегі мәселе шешіледі

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау қаласының маңында орналасқан Зарослый елдімекенінің тұрғындары инженерлік коммуникацияның жоқтығынан бірнеше жылдан бері жаңа қоныстарына көше алмай отыр.

Атырау қаласының әкімі:  «Зарослый» елдімекеніндегі мәселе шешіледі

Бүгінгі күні Зарослый тұрғын үй кешенінде 120-ға жуық ғимарат бар, жер учаскелері жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген. Көптеген жергiлiктi тұрғындар  тұрғын үйлерін салып үлгерді, бірақ әлі қоныс аударған жоқ.

- 2014 жылы елді мекенде электр желілері орнатылды, алайда белгісіз тұлғалар барлық электр сымдарын, қуат кабельдерін және трансформаторлық жабдықты ұрлады. Қазіргі уақытта жауапты органдар  заң бұзған ұрыларды іздестіруде, - деді Атырау ауылдық округінің әкімі Әділтұрақбай Құмаров.

Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен Әлимұxаммед Құттұмұратұлы Зарослый елді мекенінде жағдайды бақылап, тұрғындармен кездесіп, жиын өткізді. Тұрғындардың айтуынша, елді мекенде жарықтың жоқтығынан көптеген үйлер ұрылар мен бұзақылардың мекеніне айналған.

Атырау қаласының әкімі жиналғандарға аумақта жақын арада электр жарығы мәселесі шешілетінін айтты.

- Қалалық мәслихаттың маусым сессиясында электр желілерін және трансформаторлық қосалқы станцияларды қалпына келтіруге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қаржыландыру туралы ұсыныс енгіземіз. Дәл осы уақытқа дейін демеушілік есебінен 250 Вт трансформаторлық қосалқы станция орнатылды, ал тұрғындар тұрақты түрде тұру үшін  тұрғын үйлерге сымдар тартылады,- деді қала басшысы.

Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай,  жақын арада электр қуатына және газдандыруға, сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелер шешілетін болады. Ол үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атыраудағы филиалы мен «Атырау су Арнасы» ЖШС-нің көмегімен кейбір олқылықтарды жою қажет.

- Зарослый тұрғындарының проблемалары қысқа мерзімде шешілуі тиіс: электр және газбен, сондай-ақ, осы айда үйлерді жоспар бойынша сумен қамтамасыз ету керек. Біз бірнеше жылдар бойы қиындық туғызған проблеманы шешіп, адамдарға  қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайларды жасауға міндеттіміз », - дейді  Әлимұxаммед Құттұмұратұлы.

Атырау
Соңғы жаңалықтар