Спорт • 11 Маусым, 2019

Жетісу өңірінің жұрты өз спортшыларын құрметтеуде

588 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертең Алматы облысы Алакөл ауданының Лепсі ауылында «Қазақ батырлары» жобасы аясында бокстан еліміздің мақтан тұтар азаматары – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам және әлем мен құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Жәнібек Әлімханұлының жүлдесі үшін республикалық турнир басталады.

Жетісу өңірінің жұрты өз спортшыларын құрметтеуде

«Қазақ батырлары» жобасы белгілі кәсіпкер, қазақтың атымтай жомарты Бауыржан Оспановтың бастамасымен 2016 жылы қолға алынған болатын. Сол кезден бері жыл сайын Лепсі ауылында орналасқан спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта Жетісу өңірінен шыққан атақты спортшылардың құрметіне түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Бұл күндері Жоңғар Алатауы бөктерінде өтіп жатқан айтулы турнир жоғарыда есімдері аталған қазақтың жуан жұдырықты жігіттеріне арналса, алдағы апталарда басқа да спорт түрлері бойынша бәсекелердің шымылдығы түріледі.

Атап айтсақ, 15-18 маусым аралғында грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаев пен Демеу Жадыраевтың жүлдесі үшін жарыстың жалауы желбірейді. Екеуі де ел спортына елеулі еңбек сіңірген азамат. Нұрбақыт Теңізбаев – Бейжің Олимпиадасының күміс және 2009 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Демеу осыдан екі жыл бұрын Париждегі дүниежүзілік доданың ақтық сынында белдесіп, күміс медальді мойнына ілді.

18-21 маусым күндері еркін күрес шеберлері боз кілемге шығады. Республикамыздың әр өңірінен жиналған балғын балуандар Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Мәулен Мамыров және дүниежүзілік додада үшінші сатыға табан тіреген Дәурен Жұмағазиевтің жүлдесі үшін таласады.

Ал 25-28 маусым аралғында дзюдошылардың додасын тамашалаймыз. Жарыс жолына шығатын жас өрендер Олимпиада асқан шеберлік танытып, жүлдегерлер санатына қосылған Айдын Смағұлов пен Асхат Житкеев және әлем чемпионатының финалисі Азамат Мұқановтың жүлделерін сарапқа салады. 

– Еліміздегі «ZHERSU» деп аталатын іргелі корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов Жетісу өңірінен шыққан әйгілі спортшыларға құрмет көрсету мақсатында осындай бастаманы қолға алғанда, барлығымыз ол ұсынысты қуана-қуана қабылдадық. Биыл сол турнир төртінші рет өткізіліп отыр. Айтулы жарыстың деңгейі уақыт озған сайын артып келеді. Сөз орайы келгенде, осы бағытта бізге үнемі қолдау көрсетіп жүрген Бауыржан Кеңесбекұлына, Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевқа, Алматы облыстық Спорт басқармасының бастығы Нұрбақыт Теңізбаевқа зор ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Расында да, әлемдік аренада Қазақстанның әнұранын сан мәрте шырқатып, еліміздің спорттық даңқын асқақтатқан саңлақтардың біздің өңірге жиі ат басын бұруы жергілікті жастар үшін үлкен стимул екені сөзсіз. Қазіргі кезде Лепсідегі спорт-интернатта оқып жүрген жас өрендердің барлығы да келешекті сол ағалары секілді биік шыңдардан көрінуді армандайды. Ал өз шәкірттерімізге дұрыс бағыт-бағдар беріп, сол белестерге жетелеу – біздің басты парызымыз, – дейді Лепсідегі спорт-интернаттың директоры Сержан Омаров.