Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Жылқышы құрығын, шопан таяғын ұстап қалмасын

767 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдік көп. Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалының директоры Мұхтар Әлімханұлы биылғы қаржыландырудың негізгі бағыттары анықталғанын айтты.

Жылқышы құрығын,  шопан таяғын ұстап қалмасын

– Биыл қор «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие бағдарламалары бойынша 2,4 млрд теңге несие беруді жоспарлап отыр. Етті мал шаруашылығын дамыту аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы жұмыс істейді. Сон­дай-ақ тауарлы сүт фермала­рын дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жалғас­тыру жоспарлануда, – деді ол.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несиелер түрлі мақсатқа жылдық 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Несие бағдарламасына байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік кезеңінің ұзақтығы өзгереді. Сондай-ақ қордың несие бағдарламалары жағдайында аграршылар қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклділігі ескеріледі.

«Игілік» бағдарламасы аясында ірі қара, ұсақ мал, түйе, құс, бал арасын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілетін заемның ең ұзақ мерзімі – 15 жыл. Несие ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге етті бағыттағы им­портталған ірі қараның аналық басын және отандық ұсақ малды, техника мен жабдықтарды сатып алуға бері­леді.

Бұл бір облыстағы шаруаларды қолдауға арналған қордың жұмысы. Осыған байланысты көкейде жүрген ойды бір екшеп алдық.

Қазақстан буферлік аймақтан шықты. Енді экспортқа төрт түлікті шығара алады. Бұл отар-отар қойы, табын-табын сиыры, келе-келе түйесі, үйір-үйір жылқысы бар же­­­­­­келеген шаруашылықтар үшін бөрікті аспанға ататын жаңалық болғанымен аудан, қала тұрғындары үшін соншалықты қуанышты болмай тұр. Иран бал та­­­­тыған бағланның етіне зәру, Зеңгі ба­ба тұқымын да жаппай сатып алып жатыр. Бүгінде өзбек халқы 30 миллионнан асты. Тумысынан еңбекқор халық есік алдындағы алақандай же­ріне көкөніс, бау-бақша өнімдерін еге­ді. Жері аз, халқы көп мемлекеттің осал жері ет өнімдері аз еді. Өзбекстан бас­­шы­­­лығы жеңіл несие беру арқылы әр отба­сына мал сатып әперетін жобаны қолға алды. Мал басын белгілі бір межеге жеткізіп алғаннан кейін экс­порттаушы елге айналмақ. Өз би­дайының құрамы ұн тартуға жарамсыздау болғандықтан Қазақстанның Орталық және Солтүстік облыстарынан ұн сатып алып отырған осы мемлекет соңғы жылдары бидай тартатын диірмендерді көбейтіп жіберді. Біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі «бидайды көп мөлшерде егіп қойыппыз» деп жартысын қырманда шірітіп алып жатқанда ала топылы ағайын ар­зан бидайды толайым сатып алып, өз жерінде ұнға айналдырып, шетелге қымбат бағаға сатып, екі жеп биге шы­ғып отыр.

Көкөніс, бау-бақша және нан мәсе­­лесін шешкен мемлекет енді мал өсі­руді қолға алды. Кеденшілерден сұрау салғанда байқағанымыз, күніне жүз­деген рефрижераторлар мүйізді ірі қара мен қойларды Өзбекстанға алып өтіп жатады екен.

«Біз қауіп еткеннен айтамыз» деген осы шығар. Төрт түліктің сыртқа өт­кеніне қуанып жүріп, жайылымға шы­ғарар мал таппай қалып жүрмейік. Күншығыстағы көршінің тәбеті жақ­­сы. Ортаңқол қаласының халқы Қазақ­стандағы барлық адамдардың санымен қарайлас. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі «мал – жекенікі, сата ма, соя ма өзі біледі» деп кетпеннің сабынан қарауыл қа­рамай, төрт түліктің шекара асуына мониторинг жүргізіп отырғаны абзал болар еді. Рас, Қазақстанға сырт елдерден асыл тұқымды мал келіп жатыр. Тонналап ет беретін мүйізді ірі қаралар экспортқа бағытталған. Түйе деген түлік бар. Оның сүтімен ешқандай малдың сүті теңесе алмайды. Ғасыр дертіне айналған обыр, су­самыр ауруларына мың да бір ем. Түйе ең ащы шөптерді қорек ете­ді. Ал антибиотиктердің улы, ащы шөп­терден жасалатынын ескерсеңіз, түйе сүтінің қасиетін біле беріңіз. Бү­гінде денсаулығына дәру ізде­ген әлем халқының назары түйе сү­тіне ауып отыр. Ғұмырында түйені зоо­бақ­тан көріп келген Қытай мем­лекеті түйе сүтін көп тұтына бастады. Түркістан қаласында жылына түйе сүтінен жүз тонна ұнтақ дайын­дайтын зауыт ашты. Қытай елінен бөлек, Еуропа елдерін жарылқамақ. Өз­бекстан Қызылорда облысынан түйе сатып алып жатыр. Алдағы үш жыл­дығын ойлайтын ағайын Ойсыл­қара тұқымына бекерден-бекер құсы түсіп отырған жоқ.

Соңғы уақытта Қазақстан нары­­ғында ет қымбаттап кетті. Солтүстік Қазақстан облысынан «Хабар» арнасына берген сұхбатта базарда ұсақ малдың сатылуы тым азайып кеткені айтылды. Содан туған ой, экспорттық әлеуетіміз артты деп мал сатудың қызығына түсіп кетпейік дегендік еді. Сайын даламызды төрт түлікке толтырып алып, артығын сатсақ жөн. Мал басын тиісті деңгейге көтеру керек. Сатудың мөлшері мемлекет тара­пынан белгіленбесе,  жылқышы құрығын, шопан таяғын ұстап қалуы кәдік.

 

Қызылорда облысы