Спорт • 12 Маусым, 2019

Жазғы универсиада өз мәресіне жетті

958 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен X жазғы Универсиаданың жабылу салтанаты өтті.

Жазғы универсиада өз мәресіне жетті

Салтанатты жабылу рәсіміне Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры, «Қазақстан Республикасы құрметті спорт қайраткері» Садық Мұс­тафаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов,  Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ факультет деканы Сабыржан Мұхтаров, М. Оспанов атындағы БҚМУ дене тәрбиесі кафедрасының жетекшісі Еркін Жетимековтар қатысты.

- Бүгінгі таңда студенттер спортына деген қызығушылық артуда. Оған дәлел, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өткен ІХ-шы жазғы Универсиадаға  52 жоғары оқу орнының студенттерінен 359 команда сапында 2943 спортшы қатысса, ал биылғы Х-шы жазғы Универсиадаға  62 жоғары оқу орын студенттерінен 480 команда сапында 4025 спортшы қатысты. Ұлттық орталықтың бастамасымен алғаш рет республикалық Универсиаданың жеңімпаздары еліміздің намысын қорғау үшін осы жылы өтетін Неаполь (Италия) қаласындағы ХХХ-шы жазғы Бүкіләлемдік Универсиадаға жолдама алды.  Құрметті әріптестер, жастар арасында спортты кеңінен насихаттап, студенттер спортына, бұқаралық спортқа  аса көңіл бөліп,  қарқынды дамуына үлес қосайық. Білім және ғылым минитсрлігінің атынан Универсиаданың жабылу салтанатында шымырлыққа шыныққан студентттерге, жаттықтырушыларға, Ақтөбе облысының әкімдігіне, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетіне, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне, дүбірлі доданы  ұйымдастырып, өткізгені үшін алғысымды білдіремін.», - деді орталықтың бас директоры Садық Мұстафаев.     

Универсиада жарыстарын ұйымдас­тыру­шылар, жеңімпаздар мен жүлдегерлер, олардың   оқытушылары мен жат­тықтырушылары  Қазақстан Респуб­ли­касының  Білім және ғылым министрі Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың  грамотасымен, Ұлттық ғылыми-прак­тикалық дене тәрбиесі орталығының алғыс хатымен,  естелік медальдармен және «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері»  төсбелгісімен марапатталды.

Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің коман­дасы, жүлделі екінші, үшінші орындарды Жұбанов университетінің командасы және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің командасы еншілесе, Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті және  С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командалары 4–6 орынды қанағат тұтты.

Мерекелік кеш соңында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Х-шы Жазғы Универсиадасының ұйымдастырушылары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкіліне Универсиада туын табыстады.

Айта кетейік, Х-шы жазғы Универсиада жарыстары еліміздің 7 қаласында  (Алматы, Орал, Өскемен, Шымкент, Тараз, Семей және Ақтөбе)          өткізілді. Универсиада спорттың 31 түрінен 38 жарыс өткізілді.