Әлем • 12 Маусым, 2019

Халықаралық стандарттарға сай өткен сайлау

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемдік ақпарат құралдары Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы жөнінде көптеген хабар таратқанын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Осы орайда біз шетелдік ақпарат құралдарының ішіндегі жетекші орынға ие агенттіктер мен басылымдардың жариялаған хабарларын тағы да ықшамдап ұсынып отырмыз.

Халықаралық стандарттарға сай өткен сайлау

ХINHUA ақпа­раттық агенттігі Қазақстан Орта­лық сайлау комис­сия­сының алдын ала қо­рытындыларына сәй­­кес, қазіргі ел Пре­зиденті Қасым-Жо­март Тоқаев сайлауда 70,96 пайыз дауыс жинады, деп хабарлады.

Сондай-ақ «Қазақстанның жаңа­дан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні журналистермен кездесу кезінде өзінің инаугурациясы 12 маусымда өтетінін айтты. Инаугурациядан кейін ел Пре­зиденті Бішкекте өтетін Шанхай ын­тымақтастық ұйымы саммитіне барады», деп жазды.

Сонымен қатар агенттік сайлау­да Қытай байқаушыларының: «Қазақ­стандағы Президент сайлауы халықаралық стандарттарға сай ұйым­дастырылды. Барлық учаскелерде сайлау барысы ашық әрі демо­кратиялы түрде өтті. Ешқандай да бұр­малаушылық тіркелген жоқ», деген сөзін келтірген.

TREND ақпараттық агенттігі Қазақстанда өткен кезектен тыс президенттік сайлаудың басталуынан бастап, соңғы нәтижесіне дейін егжей-тегжейлі жазды. Агенттік 2019 жылғы 9 маусымда өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының нәтижелері бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинағанын атап көрсеткен.

Сонымен қатар ақпараттық агенттік Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің телефон арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтағанын атап көрсетті. «Әзербайжан Республикасының Прези­денті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Респуб­ликасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі», делінген ақпаратта.

Сондай-ақ агенттік сайлау ашық әрі  қалыпты жағдайда өткенін хабарлады. «Қазақстанда өткен кезектен тыс президенттік сайлау ел заңына сәйкес және халықаралық тәртіпке сай өтті. Президенттік сайлауға барлығы 7 кандидат қатысты. Үміткерлер арасында жалғыз әйел адам болды»,  деп жазды.

Түркия ақпарат агенттіктері елі­міздегі сайлау барысынан ақпарат таратып, дүйім жұртты хабардар етіп отырды. TAKVIM газеті сайлау ашық әрі әділ өткенін атап көрсетті. Сонымен бірге «Қоғамдық пікір» институтының 325 сайлау учаскесінде 13 200 сайлаушыға сауалдама жүргізгенін, оның нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70,96 пайыз жинағанын жазды. Сонымен қатар басқа үміткерлердің нәтижесімен бөлісе отыра, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мансабы туралы қысқаша ақпарат беріп өтті.

Түркияның беделді газеті «елде алғаш рет әйел үміткер Дания Еспаеваның додаға қатысуы Қазақстандағы гендерлік саясаттың жолға қойылғанын, әйел адамның қоғамда ойын ашық білдіре алатынын көрсетті», деген сарапшылар пікірін келтірген. Сонымен бірге Дания Еспаеваның: «Мен Қазақстан әйелдерінің атынан, кәсіпкерлерінің атынан сайысқа түсіп отырмын», деген сөзін де жазды.

MILLIYET газеті болса, пре­зидент­тіктен үміткерлермен, олардың бағдарламаларымен таныстырады. Одан әрі басылым 9 274 110 адам қатысқан сайлауда Nur Оtan пар­тиясының өкілі Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жеңіске жеткенін мәлімдейді. 10 халықаралық ұйымнан және бірнеше мемлекеттен байқаушылар бақылағаны, оппозициялық кандидат Әміржан Қосанов 16,23% пайызбен екінші орын алғаны туралы мәлімдейді.

 Түркі тілдес елдер Парламент­тік Ассамблеясының байқаушы ко­мис­сиясының мүшесі, Қырғызстан парламентінің депутаты Рыскелді Момбековтің оннан астам сайлау ор­талығына барғанын және сайлаудың халықаралық стандарттарға сәйкес тыныш және бейбіт жағдайда өткізілгенін жазады.

IRAN PRESS ақ­­парат агент­ті­гі ха­­­лықтың 77,4%-ы қатысқан сай­лау­да үміткер Қ.Тоқаев 70,96%, ал оппозиция өкі­лі Ә.Қосановтың 16,23% дауыс жина­ғанын хабарлады. Оппозиция өкілі Ә.Қосановтың үміткерлер қатарынан көрінуі шетелдік басылымда ерекше назарға алынып, кеңінен талқыланды.

«19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. Одан кейін мемлекет басына келген Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау болатынын мәлімдеді. 7 үміткер қатысқан сайлауда Қ.Тоқаевтың жеңетініне еш күмән болған жоқ», деп жазады аталған ақпа­рат агенттігі. Сонымен бірге шетелдік агенттік сайлауға халық белсене атсалысып, көтеріңкі көңіл күйде болғанын атап көрсетті.

Қазақстанда өткен Президент сайлауы туралы хабарлар Еуропаның ең оқылымды баспасөз беттерінде жарық көрді. Соның бірі Францияның салмақты басылымы Le Monde газеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаушылардың 70 пайыздан жоғары дауысына ие болып, жеңіске жеткенін жазды. «Орта­лық Азияда өзіндік орны бар ел – Қазақ­стандағы кезектен тыс өткізілген бұл саяси науқан елдің даму бағдарына жаңа серпін беретіні күмәнсіз», дейді басылым.

Сондай-ақ газет сайлаушылардың 77,4 пайызы дауыс бергенін жазып, басқа кандидаттардың да қанша дауыс жинағанына, оның ішінде кімдердің көрсеткіші жоғары болғанына тоқтал­ған. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев­тан кейін екінші орынға тұрақтаған Әміржан Қосановтың 16,23 пайыз дауыс жинағанын бөлек атап, бұл осы уақытқа дейінгі ел тарихында өткен сайлауларда басты кандидатқа қарсылас болғандардың арасындағы ең жоғары нәтиже екенін атаған.

Ресей астанасы Мәскеудің бас басылымы Қазақстандағы сайлау науқаны­ның әр жаңалығын қалт жібермей, оқыр­ман назарына ұсынып отырды. Онда Орталық сайлау комиссиясы жариялаған кандидаттардың көрсеткішін шығарып, елдің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын басымдықпен жеңіске жеткенін хабарлады.

Бұған қоса, «Вечерняя Москва» газеті Қазақстандағы сайлауға қатысты сарапшылардың көзқарастарын сұрап білген. Айталық, Халықаралық жаңа мемлекеттер институтының директоры Алексей Мартынов Қазақстанда өткен Президент сайлауы елдің алдағы даму барысын айқындаған нүктесі деп санайды. Оның айтуынша, бұл сайлаудың ерекшелігі – елдің Тұңғыш Президентінің қатысуынсыз өткені және оппозиция өкілінің бұған дейінгілердің ішінде жоғары пайызға ие болғаны. Саясаттанушы жаңа Мемлекет басшысы Ресеймен тату көршілік қарым-қатынастарды жалғастырады және дамыта береді деген пікірін келтірген. Өйткені Қазақстанның өркендеуіне ықпал еткен Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген салиқалы саясатын жалғастыру – алдағы уақытта да тура жолға бастай бермек.