Әлем • 12 Маусым, 2019

Fashion-индустрия нарығы қалай дамуда?

2271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде киім-кешек нарығын Қытай, Түркия және Ресей елдері толтырып отыр. Қала берді Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның көйлек-көншегі де үсті-басымызды бүтіндеп отырғаны тағы рас. Осы орайда «ForteBank» алаңында отандық сән әлемінің жетекші сарапшылары Қазақстанның сән саласындағы трендтері мен мүмкіндіктерін, кенжелеп тұрған кей мәселелерін талқылады. Жергілікті дизайнерлер бизнес-үрдістерді зерттеуге көбірек ден қойылуы керектігін айтады.

Fashion-индустрия  нарығы қалай дамуда?

Әртараптандырылған экономи­ка­ның дамуы жылдан-жылға белсенді дамып келеді. Оның ішінде шағын және орта бизнес саласындағы fashi­on-индустриясының орны айрықша. Соңғы деректерге сүйен­сек, Қазақстанда 984 жеңіл өнеркәсіп жұмыс істейді. Оның басым бөлігі оңтүстік өңірлерде орналасқан тігін өндірістері мен тері цехтары. Ал кейінгі бес жылда қазақстандық дизайнерлердің саны 3,5 есеге артқан. Алайда сән, дизайн сынды креативті өнеркәсіп салаларына шындап кіріскендер аз. Алғашқы ұлттық «Saukele» брендінің негізін салушы Сәуле Самидиннің айтуынша, ең әуелі дизайнерлер үшін кәсіби алаң болуы шарт. Онсыз fashion-индус­трияның экономиканың маңыз­ды құрамдас бөлігі ретінде мойындалуы жақын күндердің шаруасы емес.

– Екі жылдан бері ұлттық бренд «Saukele» жобасын қолға алғалы бері көптеген мәселе алдымнан шықты. Нарық аясының соғұрлым шектеулі болуы аяқтан шалатын бірден-бір мәселе. Екінші, тәжірибе көрсеткендей мемлекеттің кешенді қолдауынсыз отандық өнімдерді экспортқа шығарудың жекелеген қиындықтары еңсерілмей келеді. Тек соңғы жылдары ғана «Made in KZ» идеологиясы жұмыс істей бас­та­ды. Құралай Нұрқаділова, Айгүл Қасымова сынды 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан талантты дизайнерлер бар, бірақ өсу жоқ. Олар қаржылай жағынан анау айтқандай пайда көрді деп айта алмаймын, – дейді ол.

Бұл ретте Fashion Night Astana сынды көптеген ірі сән жиынын ұйымдастырып жүрген Айман Әлза­қо­ва жоғары кəсіби білім беру жүйе­сін жаңғыртудың негізгі талаптарын қайта қарастыру керектігін алға тартады. Яғни, дәстүрлі білім беру жүйесіндегі мамандықты игеріп қана шығу тиімсіз. Әлемдік кеңістікке ене отырып, бәсекеге қабілетті тұл­ға дайындау мақсатында нақты нəти­же­ге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну өзекті мəселелердің бірі болып қала бермек.

– Лондон, Париж сән институттарында дизайнерлерге жеке коллекция­ны қалай құруды оқытса, ритейлерге жекелеген тауардың сату механизмін үйретеді. Бүгінгі күні сатудың өзі үлкен білімді қажет етеді. Менің ойымша, барлық мәселенің түбірі сапалы білімнің жоқтығынан туындап отыр. Дизайнерлер саны артты дейміз, ал олардың кәсіби білімі қай деңгейде?! Жоғары білім берудің оқу жоспарлары кеңестік жүйенің бағытымен емес, заманауи мектептер негізінде құрылса, бәлкім, бірдеңені өзгерте алған болар ма едік, – дейді Айман Әлзақова. Өз кезегінде атал­ған пікірмен келісетіндігін жет­­кіз­­ген Kazakhstan Fashion Week брен­дінің негізін салушы, белгілі сарапшы Саят Досыбаев салалық интерпретация мен тауарды позициялау әдістеріне тоқталып өтті. Сарапшының сөзінен аңғарғанымыз, нарық сыйымдылығына әсер ететін жекелеген ерекше факторларға мән берілуі тиіс.

– Таяуда Өзбекстанның Бұхара қаласында «Ipak va ziravorlar» (жібек және дәмдеуіштер) фестивалі өтті. Тұрақты мерекеге айналған басқосуда шетелдік қонақтар толып жүр. Олардың тұрмыстық дәстүрлері мен сән үлгісі туризмнің қайнар көзіне айналды. Өзбектің тақиясын киіп, үстіңе жеңіл халатын іле сал – ерекше сәнді көрінеді. Ал қазақстандықтар ойлап тапқан шапандар киюден гөрі сахналық жабдыққа көбірек ұқсайды, – дейді Саят Досыбаев.

Ал экспортқа шығудың қиын­дық­тары туралы сөз еткен өзге сарапшылар сән индустриясын заңнамалық деңгейде ілгерілету, кәсіби қоғамдастыққа қарағанда дизайнерлердің мүдделерін жоғары деңгейде қолдау қажеттігі туралы әңгімеледі. Экспорттық сатылымды арттыру үшін сатып алушының қалауына сәйкес өнім ұсына алу, сон­дай-ақ сауда агенттіктеріне дұ­рыс таныстыра білу үлкен рөл атқа­ра­ды. «Дизайн саласы бізде әуестік я қолөнер деңгейінде қабыл­да­нады. Шағын компаниялар тек шығармашылық бағытта емес, бизнес ретінде дамуы керек. Кәсіби менеджмент, мақсатты команда құру, маркетинг және HR сынды әлсіз тұстар реттелуі тиіс», дейді Еуропалық қайта құру және даму банкі «Шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобы» өкілі Татьяна Шпулинг. Сарапшылардың айтуынша, тауар немесе жабдықтар импортына нөлдік мөлшерлемелер еркін экономикалық аймақ шеңберіндегі ірі кәсіпорындарға ғана белгіленген. Жергілікті нарыққа бейімделуіне қолайлы орта қалыптастыру үшін шағын және орта бизнес саласына да арнайы жеңілдіктер қарастырылу қажет.