Спорт • 12 Маусым, 2019

Гоги Когуашвили: Әлем чемпионатында барынша мол жолдама алуды көздейміз

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кезінде грек-рим күресінен əлемнің бес және Еуропаның төрт дүркін чемпионы атанған Гоги Когуашвили бұл күндері Ресейдің ұлттық құрама командасын баптауда. Жуырда ғана Алматыда өткен даңқты бапкер Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған жарысқа өз елінің өрендерін бастап келген айтулы маман осы турнирден алған əсері жəне биыл күзде Нұр-Сұлтанда өтетін əлем чемпионаты жайында өз ойымен бөлісті.

Гоги Когуашвили: Әлем чемпионатында барынша мол жолдама алуды көздейміз

– Биыл да Болат Тұрлыхановтың кубогын аса жоғары деңгейде өткізген Қазақстанға жəне Азия күрес федерациясының президенті, даңқты балуан Дəулет Тұрлыхановқа өз ризашылығымды білдіремін. Осындай бəсі бөлек бəсекеге қатысу біздер үшін үлкен мəртебе. Алматы боз кілеміне кіл мықтылар жиналғандықтар жарыстың дəрежесі де аса жоғары болды. Бұл турнирді қарт құрлықта орналасқан бірқатар мемлекеттер таяу күндері өтетін Еуропа ойындарына даярлық ретінде қарастырылды.

– Гоги Мурманович, Ресей құрамасы соңғы үш жылда халақаралық аренада орасан зор табысқа қол жеткізе алды. Соның сыры неде?

– Күнделікті қажырлы еңбек. Барлық сыры осы! Күрес түрлерінде бізде тамаша дəстүр бар, мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр, əр аймақта жұмыс оңды жүргізілуде. Ал біз тек ел сенімін ақтауымыз керек. Биыл күүзде Қазақстанның астанасында өтетін əлемдік додада Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады. Біздің мақсат – осы жарыста барынша мол лицензияға иелік ету. Расында да, қазіргі командамыз өте қарулы. Ұлттық құрама сапында сақа спортшылар да, ірі жеңістерді аңсаған жалынды жастар да бар. Сол себепті де алға қойған жоспарды жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

 Қазақстан құрамасы жайында пікіріңіз қандай?

– Сіздерде мықты балуандар әркезде көп болған. КСРО дəуірінде Қазақстан көшбасшы командалардың қатарында жүрді. Иə, соңғы 20 жылда алтынға қол жеткізе алмай жүргендеріңіз маған мəлім. Саған қарамастан əр жарыста жақсы нәтиже көрсетіп жүрсіздер. Келешекте қазақ топырағынан жаңа үшкемпіровтер, тұрлыхановтар, мельниченколар мен байсейітовтердің шығатынына сенімдімін. Өз жерлеріңізде өтетін додада Қазақстанның спортшылары сəтсіздіктің сеңін бұзып, бас жүлде алуына шын жүректен тілектеспін.