Руханият • 13 Маусым, 2019

Түрленген корей таяқшалары

653 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «K-Chopsticks: Connection» атты тағамға арналған корей таяқ­шалары қолданбалы өнерінің көрмесі осы халықтың мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік берді.

Түрленген корей таяқшалары

Көрмеге Чончжу қаласының 46 шеберінің 400-ге жуық туындысы қойылды. Түрленген таяқшалар корей мәдениетінің атрибуты ғана емес, Шығыс Азия халықтарының салт-дәстүрін ерекшелейтін мәдени мұра ретінде танылған.

– Тағамнан дәм татудың үш жолын білеміз. Бангладеш, Индонезия сынды мемлекеттер тамақты қолмен жейтін болса, батыс халықтары дастарқан басында қасық пен шанышқыны пайдаланатыны белгілі. Бұл әдістер тамақты үзуге, шаншып, түртіп алуға көмектесетін болса, таяқшамен тамақтануға әдеттенген Шығыс Азия елдері тағамның бүтіндігін сақтауға мән береді. Ішілген астың адамға құнар беретінін ескерсек, Шығыс Азия елдері таяқшаларды өмір мен қуатты байланыстырушы құрал ретінде қабылдайды. Сол себепті, таяқшаларды жасау өнеріне, тіпті оны дұрыс ұстау ере­желе­ріне елде зор көңіл бөлінеді, – деді Чончжу қаласы мәдени өндірісті ілгерілету қорының бас хатшысы Пак Санг Он.

Экспозицияға қойылған ханчжи (корей қағазы) шебері Ли Чонгуктың қытай­дың бұрыш ағашы Пундиден жасалған таяқшалары қарапайымдылығымен ерек­ше­ленеді. Өйткені пунди ағашы қара­пайымдылық пен табиғат тыныш­тығының символы саналады. Ал Ким Сон­хоның авторлығымен жасалған лакталған таяқ­шалар дәстүрлі өнер жолындағы азапты жолды меңзейді. Бұдан бөлек балалар асханалық жиынтығы, қола қасықтар сериясы, қоладан жасалған тостағандар сынды қолөнер бұйымдары жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.