Спорт • 13 Маусым, 2019

«Тәуекел түбі – желқайық, ұшасың да кетесің»

4362 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл қазақтың мәтелі емес, «Қазақстан барысы» күресін жүргізіп отырған спорт комментаторының жанынан шығарған мәтелі.

«Тәуекел түбі – желқайық, ұшасың да кетесің»

Дұрысы, «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Ойы керемет. Бір істі бастауға жүрегі дауаламай тұрған аза­мат­ты қайрау, та­бысқа бастау, өзінің кү­шіне өзін сендіруге көндіру ғой. Ал біздің миллиондаған жан­күйерге спорт ойынын талдап беріп отырған спорт комментаторының ойын ұғып көріңіз.

Айтпайын-ақ дейсің. Жаманатты бол­майын-ақ дейсің. Бірақ айтылмай қалып, іште өлген сөз жетім. «Дұрыс сын адамды ширатады» дейді. Көк жәшіктің ар жағында отырып әлемдік оқиғаларды судай сапырып отырған ағайынға пайдасы тисін деп «Қазақстан барысында» өзіміз байқаған кептің тығынын ағыттық.

Аттарын айтпай-ақ қоялық. Бірақ қазақ күресін әбден зерделедік деген осы жігіттер өзімбілермендікпен біраз шатас­ты, жұртты да шатастырды.

Қызылордалық Сәлімгереев пен қара­ғандылық Ахметбеков күресіп жатыр. Екеуі де мықты. Бес минутта бір-бірін ала алмады. Орыстілді комментатор «енді бес минутқа дейін қосымша белдеседі» деп соғып жіберді. Дзюдодағы «алтын ұпайға» дейін күресетін ережені айтып тұр­ғанын ұғып тұрмыз, бірақ қазақ күресі бұл мәселені белдесумен шешеді.

Енді қазақ комментаторы қателесті. Осы күрестің алғашқы бес минутында Ахметбеков Сәлімгереевті әдіс жасамақ болып тізелігінен тепті. Қос сүйектің буы­нынан тиген соң Сәлімгереев ауырсынып отырып қалды. Қазақ комментаторы аяқтан шалды деп тұр. Шалған мен тебу екі бөлек дүние. Осы тұста қолданған «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» мәтелін не үшін, қандай мақсатқа пайдаланғысы келгенін өзі білмесе, біз түсіне алмадық.

Бекбау Нұрланұлы мен Олжас Шын­кеевтің белдесуі кезінде Ақмола балуанының атына «тізесін әдейілеп тигізді» деген сөз тіркесі қолданылды. Қазақ күресінде әрбір әдістің орны бөлек. Тізе тигізу – бүк әдісіне баланады. Сонда балуан қолдан ұпай беру арқылы қарсыласына жеңіс сыйлап отырғаны қалай?! Олжас Шынкеев әдіс жасағанда «бұратылып» кетеді екен. Бұл да жаңаша теңеу.

Желдей есіп отырған қазақ комментаторы «Атағы айға жеткен» деген сөзді әлденеше қайталап қалды. Бұл азаматтың сөздік қоры мол болуы керек, қолданысқа қарай тұрақты сөз тіркестерін өзі жасай беретін. Қазақтың білетіні «азуын айға білеген» деген қайратты сөз еді...

Кілемде Мақсат Исағабылов белдесіп жатыр. Бір кезде қызылордалық балуанды таныстырып жатқан орыстілді комментатор «Ақшатау арланы» деп бастап, сайрап кетті. Сөйтсек, қарағандылық балуанның өмірбаянын оқып кеткен екен. Қағаздан шатастырған. Алдындағы. Балуандарды жыға да танымағаны-ау.

Бұл жігіттердің сөздік қорында «кеші­ріңіздер, қателесіп кетіппін» деген сөз жоқ екен.

Алматы облысынан келген Дәурен Нұралиновтің «қабағында батырлықтың суреті бейнеленген» екен. Біздің сөз емес, қазақ комментаторынікі. Осы жігіт күрестегі әділетсіздік дегенді жиі айтқан. Айтпағы, 90 кило тартатын балуан мен 120-140 кило тартатын балуандардың өзара кездесуі. Әділетсіздікті қай жерден көріп тұрғанына таңғалмасқа болмайды. Апыр-ау, түйе балуандыққа ешкімді зорлап қоспайды. Өзіңе сенсең күрес. Мәселе, салмақ аздықта емес, әбжілдікте, ақылдылықта. Обадай жігіттердің өзіне салмағы анағұрлым кем балуандардан опырылып құлағанын осы жарыста да көрдік қой. Айтқандай, біз мақаланың басында сөз қылған «Тәуекел түбі – желқайық, ұшасың да кетесің» қанатты сөзі «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров пен «Халық барысы» Дәурен Нұралиновтің белдесуі кезінде қолданылды.

Күресте әдіс, салмақпен қоса ақыл да өте керек. Дәурен белдесу кезінде Ай­бек­­ті жерден тік көтеріп алып кеудеге сал­­ғанда айлакер Айбек атша мініп алып, сал­мағымен басып қалды. Міне, қазақ күресінің бір кереметі!

Өзі айтқандай «айтқаны айдай келетін» комментаторлардың аз-кем кемшілігін тергенде ойымызда кемсіту болған жоқ.

Сәкен Сыбанбай есімді белгілі журналист бар. Со­нау тоқсаныншы жыл­дардың ортасында осы інімізбен «Жас Алаш» газетінде бірге жұмыс істедік. Сәкен сырт көзге сыпайы, момын көрінгенімен жазуы тастай, юморы мықты, бей­нелеп айтқанда құ­ралайды көзге атқан мерген. «Ырғақ» қосымшасын жүргізді. Біздегі шоу бизнестегі мықтылар сол жылдары Сәкеннің тезінен өтті. Жұқалап отырып сойып салатын Сәкен Мақпал Жүні­сованы да сын садағына алған. Редакцияға «разборкаға» марқұм қосағы Заманбек Нұрқаділовті ертіп келген Мақпал затында ақпейіл, ақкөңіл адам ғой. Сынды дұрыс қабылдап, дастарқан басында дос болып қайтты. Сол кездері әнді де, сөзді де өзі жазатын, аузымен құс тістеген «таланттылар» пайда бола бастаған. Алдыңғы легінде Сейфуллин Жолбарыс пен Бақытжан Қажымұқанов. Ән жақсы-ау, таласымыз жоқ. Ал сөз..., кәдімгі ауызекі сөз, арқандай шұбатылып кете береді.

Сәкеннің сынға суарған жебесінен кейін аруақты әулеттің ұрпағы емес пе, Бақытжан «енді әнге сөз жазбаймын» депті дегенін естідік. Расымен, қойды.

Айтпағымыз не? Сәкеннің оларда алты аласы, бес бересісі жоқ еді. Шынын айтқанда, қазақ өнеріне, ұлттық құнды­лықтарға жанашырлық болатын. Біздікі де сол кеп. Сөз сарасы бөтен сөзбен был­ғанбасын дегендік қой.

Көп жанкүйерлер халықаралық спорт ойындарын қазақ арналарынан емес, орыс арналарынан көреміз дейді. Коммен­татор­лар шаршатып, жүйкеңді тоздырады дейді.

Комментаторлар жоқ емес, бар. Өз басыма Сидней олимпиадасының финалисі Ислам Байрамуковтың еркін күресті жүр­гізгені қатты ұнайды. Ислам асып-таспай­ды, артық-ауыс сөзі жоқ. Қос қарсыластың бар мүмкіндігін шемішкедей шағып, ал­дыңа қояды. Өйткені маман, нағыз маман.

Бокста Бақтияр Артаев, Ермахан Ыбы­райы­­мов, олардың атасы Серік Әб­ден­­алиев бар. Сөздері нақ, артық сөйле­мейді. Дұрыс талдайды.

Орыс комментаторларының да ар­тықшылығы осы. Әр спорт түріне маман­­данғандар жүргізеді. Бізде ком­мента­торларға тап­шы­лық бар ма, әйтеуір өтпес пышақ­тай қиқалақтап жатады. Арна басшылары оларды күрес, бокс және басқа спорт түрлерінің жарыс­тарына, жаттығу залдарына кө­бірек жіберсе екен деп тілейсің.

Әліппесін оқып үйренуі үшін. Оқыр­мандар мен тыңдаушы­ларды аяу керек. Әйтпесе, осылай жалғаса береді.

 

Қызылорда облысы