17 Наурыз, 2010

ПРОКУРАТУРА ПАТРИАРХЫ

1036 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мына жалғанда адам рухының қайсарлығына тең келер ештеңе жоқ шығар. Алла тағаланың кемел туындысы — адам жаны керемет құ­былыстардың қоймасы сияқты. Бірақ, Жаратқан ием махаббат, сұлулық, ерлік, қабілет атаулыны кез келген пендесіне қопарып төге салмағаны және ақиқат. Қалай дегенмен де, тәңіріміз осы қасиетті сезімдерді өмір үшін күресе білетін, өз кәсібінің хас шебері, парасатты да сырбаз пенделеріне шым-шымдап дарытатын тәрізді. Біз сөз етіп отырған күрделі тағдыр иесі, енді бірер күннен соң жүз жасқа толатын еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы прокуратура саласының патриархы Нұрғали Балдықбайұлы Смағұлов та осындай тұлғалардың санатынан. Қашанда адам табиғаттың түлегі болып дүниеге келіп, бірте-бірте әлеуметтің тұлғасы боп биіктей береді. Осы бір сапалық секірістің бастау сөресі, әманда, ата-ана, атамекеннен бастау алады. Тән қаңқасынан талпынып шығып, рух қанатына ілесіп, самғау мен шарықтау сапарына аттандырар да осы аялы бесік — туған жер. Нұрғали Балдықбайұлы 1910 жылы 16 нау­рызда Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келді. Сәби шағында анасы дүние салды. Әкесі кезінде Қырғызстандағы Тоқмақ гимназиясын бітірген көзі ашық, сауатты адам болған. Кеңес өкіметін орнықтыру жолындағы шайқастардың бірінде, яғни 1931 жылы тап жауларының қастандығынан мерт болды. Ал жасөспірім Нұрғали есін біле бастағаннан діни сауатты, Құранды аударған абыз-қарт атасының тәлім-тәрбиесін алып өсті. Ата ғибраты қанына сіңген, бүгінде жүз жасқа жетіп отырған Нұрғали аға да осынау ұлан-ғайыр ғұмырында ар-ождан тазалығына қылау түсірген жоқ. Және ұрпағына да осы қағиданы берік ұстауды аманаттады. “Тыныш ұйықтағың келсе, таза ожданды тө­сеніш ет” деген ғой даналар. Осы орайда Шә­кәрім қажының “Ар білімі” деген білім оқыты­­луы керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойлас­тырып, пән ретінде жазып... адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек”, – деген сөзі бейнебір Нұрғали ағаның өмір жо­лына қаратып айтылғандай. Қашанда білімнің, ақиқаттың ауылын іздеп шыққан албырт шәкірт бірте-бірте әлеуметтік болмыс деп аталатын ию-қиюы көп ну орманға сұғына береді. Сұғына енген сайын іздеген сүрлеуінің бұралаңы жиілеп, тапқан жауабынан гөрі жанын қинаған сауалы көбейе түседі. Шынында да сананың сандал көгін ақ тер, көк тер етіп жауап іздейтін алуан сауалдар айналамызда толы ғой. Соның біріне де селт етпей, тапқанды ішіп, табылғанды киіп, бұйырған жарықты тауысып шығуға да болады. Ал нағыз адам болу деген, ең алдымен төңі­ре­гіңдегі кереметті көріп таң қалу емес, келең­сіздіктерді көріп қиналу, одан арылар амал іздеп, аңтарылу болмақ. Ар деген нәрсенің өзі де сондай батпан сауалдарды өзгеге қоймай, өзіңе қою үшін берілген. Өмірбаян парақтарын ақтарып отырсақ, тумысынан зерек бала Нұрғали білім іздеп шарқ ұрыпты. Елді ашаршылық жайлаған өткен ғасырдың сонау 1929 жылдарының өзінде Қордай ауданындағы Қасық ауылының жеті жылдық мектебін бітірген өрімдей жас Нұрғали өз қатарластарымен бірге Жаркент қаласындағы педагогикалық техникумға аттанады. Барар жеріне көзді ашып-жұмғанша жетіп келетін бүгінгідей күн қайда, әуелі Семей бағытына қатынайтын жүк пойызына отырып, содан кейін Үштөбе арқылы жаяу-жалпылап, арып-ашып, бірер күннен кейін Жаркентке де жетеді. Небір қиындық көріп жеткендері не керек, техникумда орын толып, сабақ басталып кетіпті. Алайда, қайсар жастар бұған мойымастан, қайтадан жаяу-жалпылап Алматыға жетіп, сұрастыра-сұрастыра сол кездегі Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының төрағасы Сармолдаевты тауып алып, жағдайларын айтып, көмек сұрайды. Білімге сусаған бұл жастардың осы әрекеті неткен қайсарлық десеңші! Ақыры, “Талапты ерге нұр жауар” дегендей, Нұр­ғали бастаған бір топ жас Алматы педа­го­гикалық техникумының дайындық курсына қа­былданады. Бұл буын аштықты да, қиыншы­лық­ты да көріп өсті. Ашаршылық нәубетін, қуғын-сүр­гін зұлматын бастан кешіріп, Ұлы Отан со­ғысының қанқұйлы жылдарына тап келді. Нұрғали ағаның өмірбаян соқпағына көз салсақ, оның өз тұстастарынан бөлінуі — балаң Нұр­ға­лидың Алматыдағы педагогикалық техникумның 3-курсында оқып жүргенінде Әділет министр­лі­гінен Қазан қаласына барып, оқуын жалғасты­ру­ға ұсыныс келген кезінен басталады екен. Ал­ған бетінен қайтпайтын қайсар жас осы ұсы­ныс­ты қуана қабылдап, көп ұзамай Қазан қала­сын­дағы Құрылыс институтының заң факультетіне түседі. Тағдыр дегенді қойсаңшы, сол Қазан қа­ла­сында өзінің болашақ жары Мәриямды кез­дестіріп, күні бүгінге дейін қол ұстасып, бірге ғұ­мыр кешіп келеді. “Бала — балқытылған ал­тын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасау зергердің өз қолында” деген халық дана­лығы. Сондықтан да болар, қай заманда да білім адам баласының көкірегіне қасиетті сәулесін түсіретін ғажайып құбылнама. Осынау қасиетті сәуле Нұрғали Балдықбайұлының да көкірегіне шуағын шашып, Қазандағы оқуын бітіріп, 1937 жылы елге оралып, Семей қалалық проку­ро­рының көмекшілігіне орналасты. Ә дегеннен-ақ өз ісіне деген жауапкершілік оны еңбек жо­лы­ның баспалдақтарымен жоғары қарай көтере берді. Сөйтіп, алдымен Семей облыстық прокурорының орынбасары болды, сосын 1942 жылы Қазақ КСР бас прокурорының орынбасарлығына тағайындалды. Одан кейінгі кезеңдерде Нұрғали аға прокуратура саласының өңірлердегі ақсап жатқан тұстарын көтеру үшін республикамыздың жер-жерлеріне арнайы жіберіліп отырылды. Мысалы, 1943-1948 жылдары Жамбыл облысы, Мерке ауданының прокуроры, 1948-1950 жылдары Көкшетау облысының прокуроры, 1951-1956 жылдары Қостанай облысының прокуроры, 1956-1959 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының, 1959-1971 жылдары Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып үздіксіз еңбек етті. Осының барлығын саралағанда, күрделі өмірбаян иесі өзінің қызметтік аясында шарықтап шыңға да шықты, тіршіліктің ащысын да, тұщысын да татты. Азды-көпті қол жеткен табысы болса, ол маңдай тері мен білім-білігінің нәтижесі. Нұр­ғали аға осындай ерен еңбектерінің арқасында 1941, 1962 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының құрмет грамоталарымен ма­рапатталды. Ал 1963 жылы 3-дәрежелі мемле­кет­тік әділет кеңесшісі шеніне ие болды. Сон­дай-ақ осы жылдар аралығында оған “Ерен ең­бегі үшін”, “Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін” медальдары және көптеген ордендер, сон­дай-ақ “Прокуратураның құрметті қызметкері” атақтары берілді. Бір адам үшін осының бәрі аз марапат емес. Сөз арасында айта кетейік, қызмет бары­сын­да Нұрғали Балдықбайұлының әділ шешімдеріне байланысты сол кездегі партия органдарының кейбір лауазымды адамдарының наразылықтары туып отырды. Бірақ та, көбіне ондай наразы­лықтар Нұрғали ағаның қылмысты қопара ақтарып, шындықты батыл айтуына байланысты еді. Яғни, ол құқық қорғау саласында адал­дық­тың, біліктіліктің, кәсіби іскерліктің, парасатты болудың маңыздылығын алға қойып, ондай та­лаптарға сәйкес келмейтін істерге, адамдарға, биік лауазымдарына қарамай, күрес жүргізіп отырды. Сондай күрес жүргізе отырып Нұрғали Смағұлов Қазақстан мемлекеті үшін аянбай қызмет етуді абыройлы міндетім деп санады. Мысалы, Жамбыл облысының Мерке ауданында прокурор болып істеп жүрген жылдары Мерке ауданының бірінші хатшысы Донцовтың қоғамға жат қылықтарын бұлтартпас фактілермен әш­ке­релеп, партия қатарынан шығартып, жұмыстан босаттырды. Ал 1957 жылы сол кездегі Шымкент облысы Киров аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысының үстінен де іс қоз­ғап, бұл жолы да Нұрғали Балдық­байұлының мерейі үстем болды. Қазір ойлап қарасақ, сол өңірдегі “жарты патша” саналатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларына қарсы шығып, қарсы шығып қана қоймай, қылмыс­та­рын мойындарына қойып, дәлелдеп, партиядан шығартып, биліктерінен аластатып, тәубаларына түсіруін ерлік емес деп кім айта алар?! Ел жүгін арқалаған азамат Нұрғали Балдық­байұлы талай ұстаз, талай ағаларынан тәлім ала жүріп, өзі де қаншама жас дарындардың қам­қор­шысы бола білді. Қашанда өз еңбегіне ша­быт­танбаған, зейнетіне рақаттанбаған, жүректің қанын сорғалата еңбектенбеген адам өз сала­сын­да айта қаларлықтай ештеңе тындыра алмайды. Осыны ерте түсінген Нұрғали аға қаршадайынан соны қиырға бет түзеді. Табиғат-ана оған адам баласында сирек кездесер кемел қабілет, тамаша түйсік, өткір ой-зерде сыйлады. Әсіресе, жан алып, жан беріскен қызмет барысында адамдық қалыпты биік ұстау кімге болса да үлкен сын ғой. Мақтасақ та жарасқандай, дарынды жан әуелден бес сипатты өзіне мұрат тұтқан сияқты. Бір үйдің үміті, бас көтерері болғандықтан, жастайынан білім алып, еңбекке араласып, атқа мінді. Жақсылыққа мастанбасқа, жамандыққа жасымасқа бел буып өсті. Нұрғали аға мұрат тұтқан жоғарыдағы бес сипаттың бірі — біреуге тіл тигізуден сақтану. “Ақыл – дос, ашу — дұшпан” дегеннің мәні осы. Екіншісі — әдептілік. Қазақ әдептен аспай, кішілік көрсету арқылы кісілік танытқан. Үшіншісі — өзгеге күдіктенбеу, өйткені өзге өзіңе күдіктенбесін. Иман жиям десең, пиғылыңды таза ұстау парыз. Төртіншісі — не істесең де зергерлікпен тындыра білу, аяғына дейін жеткізе білу. Нағыз ырыс дегеніңіз осы. Ал, бесіншісі — өз басыңа тілемейтін істі біреуге істемеу. Қиянаттан асқан қылмыс болмайды. Осы бір бес қасиет Нұрғали ағаның өмір бойғы темірқазығына айналды. ...Ұзақ жылдарға созылған жемісті еңбектің өтеуіндей болып, бүгінде республика көлемінде Нұрғали ағамыздың жүз жасқа толу мерейтойына байланысты рухани шаралар өтіп жатыр. Өткен жылдың күзінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәми Алматыда Нұрғали Балдықбайұлының үйінде арнайы болып, әңгімелесіп, кетерінде жүз жасқа толғалы отырған прокуратура ардагерінің омырауына “Прокуратураның құрметті қызметкері” төсбелгісін қадап, естелікке алтын сағат сыйлады. Сол кезде Бас Прокурордың бастамасымен абыз-ақсақалдың жүз жылдығын жоғары деңгейде атап өту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Бір ғасыр ғұмырының алтынға бергісіз 35 жылын прокуратура саласына арнаған Нұрғали Балдықбайұлы бүгінде әлі тың, сергек. Ардагер генерал жүз жасқа толу мерейтойы қарсаңында, яғни осыдан бірер күн бұрын өзінің туып-өскен атамекені — Жамбыл облысының Қордай ауданында болып қайтты. Осынау есте қаларлық шараны Бас Прокурор Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің тікелей бастамасымен Алматы қаласы және Жамбыл облысының прокуратурасы, сон­дай-ақ Қордай аудандық әкімдігі ұйымдастырған еді. Елде Нұрғали ағаның құрдастары болма­ға­нымен, ізін басқан, қамқорлығын көрген іні-замандастары баршылық. Ауданда екі күнге созылған жылы жүзді кездесулер ғасыр жасаған Нұрғали Балдықбайұлының мерейін тағы бір көтеріп тастады. Нұрғали ағамызға Қордай аудандық мәслихатының шешімімен “Қордай ауданының құрметті азаматы” атағы берілді. “Асыл ағаш тік тұрып қартаяды” демекші, Нұрғали аға бүгінде жүз жасты ауыздықтаса да сабырлы, ширақ қалпында, дөңгеленген дәулеті, дүбірлеген әулеті бар, зайыбы, қазіргі таңда 97 жастағы Мәриям апа екеуі алаңсыз ғұмыр кешуде. Сөзіміздің соңында “Өмірдің базарында, Алланың назарында болғайсыз, Нұрғали аға, әлі де жастан-жасқа жете беріңіз, прокуратура патриархы!” демекпіз. Мұхтар ЖӨРГЕНБАЕВ, Бас Прокурордың орынбасары, 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.