Қазақстан • 14 Маусым, 2019

Президент бастамалары қоғамдық келісімді нығайтады

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітап­ханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңей­тілген отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұлықтау рәсімінде көтерген ұтымды бастамалары мен алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Президент бастамалары қоғамдық келісімді нығайтады

Алқалы жиынға ҚХА Төр­ағасының орынбасары – хат­шылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚХА Төрағасының орынбасары Юсуп Келигов, Шерзод Пулатов және Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары мен ҚХА Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосуда алдымен Жансейіт Түймебаев сөз бастап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті бо­лып сайлануы еліміздің жаңа тарихи кезеңінің бастауы бол­ғанын айтып, ұлықтау рәсі­­мінде Мемлекет басшысы белгі­леп берген даму бағыттары Ассам­блеяның да назарында болуы керектігін мәлімдеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсі­міндегі сөзінде жаһандық мақ­сат­тарын ғана емес, сондай-ақ оларға қол жеткізудің негізгі тәсілдерін де атап көрсетті. Бұл бір формуламен тұжырымдалды: күшті, өкілетті Президент, ықпалды, әрекетке қабілетті Пар­ламент, халыққа есеп беретін Үкімет. Алайда жүргізіліп жатқан экономикалық өзгерістерге сәйкес болуы үшін саяси трансформация процесі белгіленген. Және де бұл процесс биліктің халық алдындағы жауап­кершілігін арттыру, азамат­тық қоғамды дамыту, билік пен қоғамның диалогы, сондай-ақ пікір­лер плюрализмі векторы бо­йынша құрылады. Ал Мемлекет басшысы атап көрсеткен10 міндеттің қатарында көптеген  маңызды мәселе бар, – деді Ж.Түймебаев.

Келелі кеңеске қатысушылар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ел арасында жиі талқыла­на­тын қандай мәселелер күн тәр­тібі­не қойылуы керектігі тура­лы пікір­лерін ортаға салды. ҚХА Төр­аға­сы­ның орынбасары Ю.Ке­ли­гов бұл жиынның сыртында ай­­тыл­­маған әлі қаншама мәселе ба­­рын, ең болмаса осында сөз етілген критерийлер бойын­ша Ас­самблеяның жұ­мысын жан­дан­дыру қажеттігін атап көрсетті.

Ал «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жастар мәселесіне де көңіл бөлетініне сенім білдірді.

– Сайлау арқылы Қазақстан халқы, әсіресе жастар қазіргі таңда бүкіл әлем құрметтейтін тәуелсіз еліміздің құрылуындағы Тұңғыш Президентіміздің аса көрнекті рөлін мойындап отыр. Бұл сайлаудың нәтижесін Елба­сына көрсетілген зор құрметпен, оның саясатына деген сенім деп қабылдауға толық негіз бар. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы түрлі пікірлерді және мемлекеттегі түйінді мәселелерді зерделеу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды ұсынды. Бұл ішкі саяси ахуалдың жақсаруына, қоғамның демократиялануына және сабақтастықты, әділеттілік пен өрлеуді іске асыруға септігін тигізеді, – деді М.Споткай.

Жиын соңында жиналған қауым Президент алға қойған мақсат­тарына сай жұмыс істе­генде ғана Ассамблеяның ісі одан әрі ширай түсетінін айтып, ойларын қорытындылады.


Динара ӨМІРТАЕВА,

ЕҰУ-дың журналистика факультетінің студенті