Бәріміздің тілегіміз біреу, ол – ел тыныштығы. Бұл орайда стратегиялық маңызды міндеттерді одан әрі баянды ете отырып, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Мемлекет басшысы қызметке кіріскен күннен бастап ұлттық мүдде мен бірлікке үлкен мән беретінін, мықты мемлекеттің болашағы нақ осы құндылықтармен тығыз байланысты екенін мәлімдеді. Халық алдында салтанатты түрде ант бере отырып өзіне жүктелген барлық талаптарды қалтқысыз орындайтынын атап көрсетті.
Алдымызда ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білеміз. Сондықтан тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге ұмтылыс секілді халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді еліміздің ертеңі – жастарға аманаттай білсек, бәсекеге қабілеттігіміз артады, бірлігіміз нығаяды. Ең бастысы, қиындықтар мен проблемаларды бірігіп еңсерудің, сын-қатерлерді жеңудің бірыңғай тәжірибесі қалыптасып, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылумен қатар, жасампаз өзгерістер күнделікті дағдыға айналары сөзсіз.
«Бақ бағалағанның басында тұрады» деген тамаша сөз бар. Саяси күштердің белсене қатысуымен демократиялық талаптарға сай өткен саяси науқан ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмыла білетінімізді, елдік мәселелер ешкімді бейжай қалдырмайтынын көрсетті. Қоғамды мазалайтын, толғандыратын проблемалардың шешу жолын ұсынған Президенттің нақты бағдарламасы бәріміздің көкейімізге қонады.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА,
«Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі
Солтүстік Қазақстан облысы