Қазақстан • 14 Маусым, 2019

Раиса Сайранқызы: Үлкен жеңіс кішкентай қадамнан басталады

3636 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Раиса Сайранқызы: Үлкен жеңіс кішкентай  қадамнан басталады

– Райса Сайранқызы, білуім­ше сіз Батыс кітап на­­­рығымен тығыз бай­­ла­­ныстасыз. Қандай да бір әде­би агенттіктер мен мем­лекеттік қол­­дау­ларға сүйенбей, өз бетіңізше жұ­мыс іс­теп ке­лесіз. Меніңше, сіз­дің тәжі­рибеңіз Қазақстандағы көп­­те­ген авторды қызықтыратын сияқ­­ты.

– Өмірімнің көп уақытын Таяу Шығыс пен Еуропада өткіздім. Көп жыл ойлаған арманымның бірі – кітап басып шығару еді. Осылайша ниет етіп 2017 жылы Моңғолияның Ұланбатыр қаласында ешкімнің кө­ме­гінсіз кәсіпкер жастар бірігіп, «Steppe&World» баспасын аштық. Бас­паның бас редакторы Гүлфайруз Шауетқызы (Ph.D, Моңғолия Ұлт­тық консерваториясының проректоры), қаржы мәселесін жолдасым Алаубек Әбділұлы (Ph.D) атқарады. Жұмысымыздың көбі әлеуметтік желі­лер арқылы жүріп жатыр. Аудар­машы, редакторлармен онлайн тәртіпте хат-хабар алысамыз. Penguin Random House, Curtis Brown, PanMacmillan сынды әлемнің ең ірі, танымал бас­паларымен келісімшарт негізінде бірнеше жобаны қолға алдық. Бұл баспалардың ең әуелгі қоятын шарты – кәсібилік. Кітапты аударып, жа­рыққа шығару рұқсатын баспадан және жазушының өзінен қатар алатын болғандықтан, жұмыс ұзаққа созылады.

– Әйгілі Гарри Поттер серия­лы романын ресми рұқсатпен бі­­рін­­ші болып қазақ тіліне ауда­рып­ шы­ғаруға кірістіңіздер. Мұн­­дай мүм­кіндікке қалай ие бол­­ды­ңыз­дар?

– Гарри Поттердің рұқсатын алу үшін тиісті ұйымдармен бір жыл бойы жұмыс істедік. Атқарып жат­қан жұмыстарымызды бастан-аяқ тексеріп, баспамыздың бағыт-бағда­рымен танысты. Ұзаққа созылған келісім­шарт істерінен кейін әйгілі жазушы Джоан Роулингтен «қазақ тіліне аударуға рұқсат» деген жауа­бын алғанда қуанышымызда шек болмады. Жалпы, Гарри Поттерді аудару өте қиын. Сондықтан көне латын тілінен алған сөз тіркестері мен тұжырымдарды қазақ терминология­сында қалыптасқан қағидаттарға сүйене отырып, тәржімалауды ой­лас­­тырмақпыз.

– «Steppe&World» баспа­сы­ның әлеу­меттік жауап­керші­лігі, ұстаны­мы қандай?

– Рухани жұтаңдықтың орнын толтыратын жалғыз дүние бар, ол – әлем әдебиетін ана тілінде оқу, ана тілінде дүниені тану. Осы жолда қа­зақ халқына әлемнің үздік әдеби шығар­маларын ана тілімізде таныстыруды өзімізге мақсат еттік. Қандай баспа болсын алдымен табыс көзін ойлауы – заңдылық. Баспадан шығатын кітаптарға шығын сыртында 10-15 пайыз, ал дүкендер өз тарабынан 25-30 пайыз шамасында үстеме ақы қосады. Безендіру мен құрылымын үйлестіру сынды техникалық ерекшелігіне байланысты кітаптар негізінен Қытай, Моңғолия, Қазақстан елдерінде басылып шығады. Ал таралымға келер бол­сақ, кітаптарды 2 мың мен 4 мың дана аралығында шығарамыз. Сұраныс артып жатқан күнде, қо­сымша тираж даярланады. Ба­сында баспа өнімдері үлкен қа­­­­­­­ла­лардағы ірі дүкендерге ғана қо­йылған еді, қазір Қазақстанның бар­лық аймағына жеткізуге тырысып жатыр­мыз.

– Мақсатыңыз әлем әдебиетін қа­зақ тілінде сөйлету дейсіз. Бұл идея­­ны іске асыруға сізді не нәр­се құл­шындырады?

– Бұл істі атқаруға алған білімім мен тәжірибем, туып-өскен ортам көп себеп болды. Әкеміздің ел үшін ат­қарған еңбегін көріп өскен соң, қоғамға жақсылық жасау – борышымыз деген тәрбиемен өстік. Ұланбатыр қаласында дип­ломаттардың отбасында төрт бала­ның үшіншісі болып дү­ниеге кел­дім. Әкем Сайран Қадыр кә­сіби арабтанушы, 30 жылдан ас­там уа­қыт Моңғолияның Араб ел­дерінде дип­ломат, Төтенше және өкілетті елшісі қыз­меттерін атқар­ған. Осы се­бепті балалық шақ, сту­денттік кез­дерім Египет, Түркия, Ан­глия елдерінде өтті. Мысырда Каир Аме­рика университетінде бакалавр дәрежесінде білім алып,  магистрлік дәрежемді  Ұлыбританияда Лондон университетінің Шығыстану ме­кте­бін­де және Роттердамдағы Эрасмус университетінің қаржы маман­дығы­мен аяқтағанмын.

Баспа жұмысына тәуекелге бел буған себебім, 2016 жылы Ал­ма­тыдағы сапар­дан туған әсер еді. Ба­лаларыма қазақ тіліндегі кітаптарды ала кетейін деп көп кітап дүкенінің есігін тоздырдым. Қазақ тіліндегі кітаптар кіш­кен­тай сөренің жартысын ға­на алып тұрды. Әсіресе балалар әде­биеті өте жұтаң екен. Өзім орыс мектебін бі­тір­генмін. Орыс тілі, әдебиеті мен мәдениетін жаныма жақын тұ­та­мын, жақсы көремін. Дегенмен әлем әдебиетіндегі шы­ғармалардың дені орыс тілінде болуы мені қатты таңдандырды. Халық саны 3 мил­лион ғана болатын Моңғолияда әлем­нің ең таңдаулы кітаптары моң­ғол тілінде жарыққа шығады. Ме­нің ойымша, қазақ қоғамы кеңес дәуі­рі­нің ықпалынан толығымен арыла алмай келеді. 90-шы жылдар­дан кейін Моңғолия әлемдік қоғам­дастыққа жылдам кірігіп, ғылым, дамы­ған елдердің технологиясын, сол елдердің классикалық және қа­зір­гі заманғы көркем әде­биеті сала­сындағы мәдениеті мен трендін жылдам қарқынмен сіңірді. Армения мен Грузияда да солай. Ана тілінде оқығысы ке­летін оқырман үшін таңдау бар. Ал біздің Орталық Азияға келсеңіз жағдай мүлдем басқа. Со­сын күтіп отыратын емес, бұл істі өзім қол­­­­ға алайын деп шеш­тім. Осылайша кіші­гірім баспа ашып, тәуекел етіп, ақырындап жұ­мысты бастап кеттік. Әлихан Бөкейхан атамыз  айтқандай, «Ұл­тына, жұртына қызмет ету − білімнен емес, мінезден». Ал әкем­нің Моңғолиядағы азғантай қазақ өкілдері  үшін  жасаған іс-шаралары әлі жалға­суда.

– Баспаның осыған дейінгі ат­қар­ған іргелі жұмыстарымен та­­ныс­­тырып өтсеңіз.

– Соңғы бір жылда балаларға ар­налған төрт шығарманы басып шы­ғардық. Әлемге әйгілі ба­­лалар жазушысы Джулия До­­нальдсонның «Ақын қоян» және «Груффало» кітаптарын көрнекті шығыстанушы, журналист Ғалым Боқаш қазақ тіліне майын тамызып аударды. Дональдсонның барлық еңбектері поэтикалық мәтіні­мен ерекшеленеді. 2011 жылы әде­биет саласындағы қызметі үшін Британ империясының орденімен марапатталды, сондай-ақ екі жылда бір берілетін «Балалар лауреатының» жүлдегері. Биыл­ғы Болонья Халықаралық бала­лар әдебиеті көрмесінде «Груффало»­ ертегісінің 20 жылдық мерей­тойы­на қатысып, автор Джулия До­нальд­сон мен әйгілі иллюстратор Ак­сель Шеффлермен жақын таныс­тым. Бұл ертегі алпыстан астам тіл­ге аударылып, 13 миллионнан көп­ тара­лыммен сатылған бестселлер. Одан басқа Швейцарияның Ба­зель қаласындағы Анна Франк қоры­ның рұқсатымен «Анна Франк күн­делігін», Қазақстанның жапонтанушы қоғамымен бірігіп Харуки Муракамидің кітаптарын аударып, шығара бастадық.

– Кітап таңдауда қандай ба­сым­дықтарға сүйенесіздер?

– Алдымен кітаппен толық танысып, ағылшын, орыс, неміс тіл­деріндегі рецензияларды шолып шығамыз. Ең бастысы, әлем оқыр­мандарының жүрегін жаулап алған әрі қазақы салт-дәстүрімізге қайшы келмейтін мазмұндағы кітаптарды таңдауға тырысамыз. Негізі біз адамға жақсы әсер беретін, ойландыратын, толған­дыратын, рухын көтеретін кі­тап­тар­ды көптеп шығарғымыз келеді.

– Балалар кітап индустрия­сын­дағы маңызды шара – Бо­лонья Ха­лық­аралық балалар әдебиеті көр­месіне арнайы ша­қыр­тумен қаты­с­­­тыңыз. Көр­ме­нің биылғы жаңа­лық­тары туралы не айтасыз?

– Италияның Болонья қаласында жыл сайын өтетін көрме – әлемнің барлық баспагерлерін, авторлар мен иллюстраторлардың, әдеби агенттер мен дистрибьюторлардың, кітап­ханашылардың басын қоса­тын жетек­ші алаң. 2019 жыл­ғы көрме бірыңғай ил­люстра­тор­лардың мекені болды. Балалар әде­­биетіне арналған мың­даған иллюстраторлық үздік жұмыс­тар­мен танысып, тәнті болдым. Балалар кітабы нарығының даму тенденциялары мен соңғы жаңа­лықтары кеңінен талқыланып, үздік шығармаларды марапаттау шаралары өтті. Бір күнде 15 кездесуге дейін болып, ондағы күнім өте қарбалас өтті, өзге баспалардың соңғы жұ­мыстарымен танысып, жаңа әріп­тестік байланыс­тар орнатудың сәті түсті.

– Нарықтың жоғары сегменті санала­тын осындай әлемдік әде­би шара­ларға атсалысуда Қазақ­стан кі­тап баспалары қанша­лық­­ты бел­сен­ді? Әлемдік балалар әдебиеті қа­уым­­дастығының жа­ңа­­лық­­та­рынан тыс­қары жат­қан жоқ па?

– Шетелде тұрып Қазақстанның жағдайы туралы кесіп-пішіп айт­­­қаным дұрыс болмас.  Қазақ­стан­дағы кітап нарығы Ресейдің бас­паларымен тығыз бай­ланысты. Ресей баспалары үшін Қазақстан нарығы өте пайдалы. Осы себепті де қазақ тілінде бұл кітаптарды сөй­летуге қызығушылық азырақ шы­ғар деп түйдім. Көрмеден қа­зақ бас­­пагерлерін кездестіре қой­мадым. Мүм­­­кін бірлі-жарым баспаның өкіл­дері жүрген де болар. Алайда мен кітап рұқсаттарын алып жүрген бас­палар соңғы бес жылда Қазақстаннан сұраныс келмегенін айтты. Шетелдік бас­палардың көбі қазақ тілінде шыға­рамыз деген ұсынысымызға ерекше қуанып, жылы қабылдап жатады. Сол жолғы семинарда грузин, орыс, қазақ әріптестер бірге отырдық. Сосын үшеуміз қай тілде әңгімелестік деп ой­лайсыз? Орысша деп айтуыңыз, әбден қисынды. Бірақ біз ағылшынша кеңестік. Өйткені грузин әріптесім орыс тіліне жетік бола тұра, орыс­ша сөйлегісі келмесе, орыс әріп­тесім үшін ағылшынша сөйлесу «керемет» болып көрінді. Ресейлік әріптесім маған қарап, «сен жыр­ғатпассың, қазақтар бәрібір орысша оқиды», дегендей жымиып қалды. Осыған қарап-ақ бәсекенің деңгейі тым жоғары екенін түсіндім.

– Бүгінгі балалар әдебиетінен қан­дай трендтерді көруге болады? Кішкентай оқырмандар үшін не қызық?

– Жалпы, балалар әдебиетін сәби­лер, мектепалды даярлық то­бы, бастауыш сыныптағылар және жас­өспірімдерге арналған әдебиет деп бірнеше жас санатына бөлеміз. 1-7 жас аралығындағы балалар үшін ил­люстрация өте маңызды. Ил­люс­тра­ция балалар­ға арналған шы­ғарманың негіз­гі мағынасын жет­кізу үшін үй­лес­тіруші міндетін ат­қарады. Бай­қасаңыз – балалар ертегі оқығанда не мультфильм көргенде басты кейіпкерлерді, хай­­уанаттарды сипаттаған иллюстрация­ны оңай һәм тез қабылдайды. Осы ретте бас­тауыш сынып жасындағы ба­ла­­ларға комикс романдар, фэнтези жанрындағы кітаптар өте қы­зық­ты саналады. Жо­­ғары сынып оқу­шылары арасында гендерлік теңдік, феминизм тақырыбындағы шығармалар, сон­дай-ақ өзін-өзі тану, түсіну сияқты пси­хологиялық кітаптар көп оқылады. Кіш­кентай оқырмандар үшін көбінде отба­сы құндылықтары суреттелген,­ мейірім, отбасы, достық та­қы­рып­тары көтеріледі. Ал балалар әдебиетінен доктор Сьюза, Кип­линг, Джоан Роу­линг және Астрид Линдгрена кітап­тарын ұсынар едім. Үлкендер үшін Шек­спир, Франц Кафка, Джорж Орвелла, Герман Гессе, Чинуа Абебе, Нагиб Махфуз, Уедерфорд Джек, Кадзуо Исигуро және Харуки Му­ра­ками шығармаларын көргім келеді. Сондай-ақ Үздік әдеби сый­­лықтарға шығарылған барлық шығарма қазақ тіліне аударылуы тиіс деп есептеймін.

– Сіздің баспаңыз – қазақ тілін­дегі жаңа фэнтези-жобалардың бірден-бір басты жеткізушісі. Биыл баспадан қандай жақсы жа­ңалық күтуге болады?

– Ең басты жоспарымыз – Алматы мен Астанада баспаның филиалын ашу. Келесі 18 айда үл­­кендер мен балаларға тосын сыйы­мыз көп. Кітап шығару оңай емес, ең бастысы аударма сапасы мықты болу керек. Харуки М­уракамидің «Норвег орманы», «Harvard Business Review» ғылыми-танымдық журналының таңдамалы мақалалары, Р.Х.Паласионың «Ға­жайып­ әңгімесі», Роальд Дал­ьдың­ шығармалары сынды өзге де кітап­тарды жарыққа шығару жұмыстары жал­ғасып жатыр. Ал­дағы бес жыл­дыққа арналған жос­парлар көп. Үлкен жеңістер әркез кішкентай қадамдардан басталған. Солай!

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»