Руханият • 14 Маусым, 2019

Академиктің қойын дәптері

889 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында «Толғанай Т» баспасынан «Академик Шора Сарыбаев: Қойын дәптер» деген атпен су жаңа кітап оқырманға жол тартты. Кітапты құрастырған – әдебиеттанушы, ақын Болат Шарахымбай.

Академиктің қойын дәптері

Жалпы, өзіне ұнаған сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтел­дер мен өлең жолдарын арнайы қойын дәптер арнап ерінбей жазып жүру – көбіне ыждағатшыл, шы­­ғар­машыл адамдарға тән дәстүр. Мұның өзі олардың ой теңізін кешіп, одан інжу-маржан сүзіп, үнемі ізденіс үстінде жү­ретінін айғақтайды. Елдің мұңы мен мұратын, тілі мен тілегін, үрейі мен үмі­­­тін, аңсары мен арманын 93 жыл бойы үздіксіз жү­­регінде тербетіп, былтыр ғана дүниеден өткен қазақ сөз өнерінің алыбы, академик Шора Шам­ғалиұлы Сарыбаев өзі­нің ұзақ ғұмырында артына осындай бірнеше қойын дәптер қалдырған нағыз парасат иесі бола­тын. Бүгін оқырманға  жол тартқан бұл жинақ со­лар­дың ішінен ірік­теліп, сұ­рып­талып алынып, топ­тас­тырылып, ал­ғаш рет көп­шілікке ұсы­нылып отыр.

Кітаптың алғысөзін жазған Майра Шорақызы былай дейді: «Поэзия – әкеміздің  өмір бойғы ең сүйіп оқитын жанры еді және оның ұзақ ғұ­мырының бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Ол осы бір әдеби жанрды  жанымен сүйді және оның шабытты оқырманы, жанкүйер тыңдаушысы және нағыз зерттеушісі бола білді. Оның жеке кітапханасында жүздеген өлең  топтамалары, газеттен және журналдан қиып алынған поэзиялық туындылар көптеп  сақ­талған. Оны ғылыми және педагогикалық жұ­­мы­­сына деректі материал ретінде өзінің фило­ло­гиялық шеберлігін арт­­тырудың импульсі және поэтикалық шы­­­­ғар­­­­­­ма­шылығын насихат­тау­дың бірден-бір құралы ре­тінде пайдаланды. Поэ­зияның  ұлттық құн­ды­лық ретіндегі рөлін жаны­мен ұғынып, сол арқылы өмірдің ақиқи мәнін түсі­нуге ұмтылды».

Сондай-ақ кітапшада Шора Шам­ғалиұлының өз қолымен қағазға тү­сір­ген қолжазбалары ар­­хивтік құжат ретінде қо­сымша берілген. Бұл құ­жаттардың тіл білімі мен ғылымы саласында жан-жақты жемісті қызметі мен ғұмырбаяны туралы зерттеу жүргізгісі келетін жас ізденушілерге негізгі құжат көзі болып табылады деп ойлаймыз.