Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мейіргер Шархат

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мейіргер Шархат

Мейірбике деген сөздің төркіні – мейірім. Сырқат жанды сауықтыруға бар күш-жігерін арнайтын абзал жан ғана бұл  мамандықтың нағыз иесі атана алады. Атырау облысындағы Құлсары қаласында осындай мейірбике тұрады. Оны Жылыой ауданының халқы «Мейіргер Шархат» деп ерекше құрметпен атайды. Аудандық ауруханада 28 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Шархат Сәдуақасова үшін алдына келген науқастың құлан-таза айығып кеткенінен артық бақыт жоқ. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған аязында, күзгі нөсер жауында да, тәуліктің қай уақыты болсын ол көмек күтіп отырған адамның үйіне жеткенше асығады. Дәрісін беріп, екпесін салып, қызуын өлшеп, жағдайы жақсарғанша қасында отыру қашаннан әдетіне айналған. Қала тұрғыны Зейнолла Бозтаев: «Денсаулығым сыр бере қалса, мейіргер Шархатты іздеймін, дейді. – Кез келген уақытта қасымыздан табылады, біздің учаскеде осындай медицина маманының болғанына қуанамыз». Мұндай мысалдар көп. Өзіне бөлінген учаскенің жасымен де, кәрісімен де тіл табысып, елге етене жақын болғаны үшін де жерлестері оны жақсы көреді.

Науқас адамға кейде дәрігердің дәрісінен бұрын ашық-жарқын қабағы әсер етеді. Шархат Майланқызы емдік шаралар жүргізбес бұрын әр сырқаттың жанына үңіліп, күш-жігер беруді әдетіне айналдырған. «Мейіргер болғысы келетін жастардың алдымен адамгершілік қасиеттері жоғары болуы тиіс, – дейді ол. – Адам тағдырына немқұрайлы қарамау, күй­зеліске төзімді болу да маңызды. Менің учас­кемде 1700 адам бар, олардың бәрін туыс­тарымдай көремін».

Шархат  Майланқызы 1965 жылы Жылыой ауданы Қаратон ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Орта мектепті тәмам­дағаннан кейін сол кездегі Гурьев медицина колледжіне оқуға түседі. Бала күннен ар­мандаған мейірбике мамандығын меңгеріп, ең­бек жолын Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы жедел жәрдем бөлімшесінен бастады. 1986 жылы туған жеріне оралып, Теңіз қалашығында жұмысын жалғастырған. 1991 жылы тұрмыс құрып, Жылыой аудандық орталық ауруханасына мейіргер болып орналасты. Содан бері осы жұмысын абыроймен атқарып келеді.

Қызметінде әріптестеріне сыйлы, ауылдастарына беделді Шархат Сәдуақасова бір әулеттің өнегелі келіні, асыл жар, абзал ана. Өмірге үш бала әкеліп, зайыбымен бірге бақытты ғұмыр кешуде.

Қарапайым адами бақыт деген де осы емес пе?

 

АТЫРАУ