14 Маусым, 2019

Ақтөбе облысында аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жандандырылды

839 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында көпбалалы және аз қамылған отбасылардың әлеуметтік мәселесін шешу жұмыстары жандандырылды.

Ақтөбе облысында аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жандандырылды

Кеше өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен халықтың аса мұқтаж тобын баспанамен қамтамасыз ету сұрақтары бойынша жиын өтті. Атқарылған жұмыстар туралы Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов есеп берді.

«Облыс бойынша 30 мың адам баспана кезегінде тұрса, олардың ішінде 23 500-і Ақтөбе қаласында. Бұл мәселе бірден шешілмейді, бірақ тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр және біз ең алдымен аса мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Осы жылдың өзінде облыста 1 млн м2-ден аса тұрғын үй салынды, бұл дегеніңіз 8 мыңнан аса пәтер. Олардың жартысы мемлекет қолдауының арқасында аз қамтылған отбасыларға тиімді шарттармен берілетін болады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – біздің жұмысымызда басымдық болып табылады. Биыл біздің облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасымен көпбалалы және толық емес, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін 1600 пәтер пайдалануға беріледі»,- деді облыс әкімі.

Осы жылдың басынан бері халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы құрылған жұмыс тобы тек Ақтөбе қаласында азаматтардың баспана беру туралы 170 өтінішін қараған. 97 өтініш оң шешімін тапты. Нәтижесінде 45 отбасы сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерлерге ие болды. Қалған өтініштер бойынша қазіргі таңда келісімшарттар жасалып жатыр.

Сондай-ақ, аз қамтылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларды баспанамен қамту үшін демеушілердің де қаражаттары белсенді түрде тартылуда. Мәселен, биыл тек «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорының өзі 37 отбасының «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы бойынша алған баспаналарының бастапқы жарнасын төледі. Аталмыш қордың өкілі Алтынай Мұханованың айтуынша, бұл мақсатқа жалпы сомасы 22,7 млн теңге бөлінген. Қаражатты кәсіпкерлер берген. Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме небәрі  2 пайыз.

Облыс әкімі қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпкер Болат Итеғұловқа «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» медалін тапсырды. Кәсіпкер Шахан Жолдасбаев та әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытып, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дәріптегені үшін осы медальмен марапатталды.

Жиын аяқталғаннан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин халықтың аса мұқтаж тобына беріліп жатқан тұрғын үйлерді қарап шықты, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Гаухар Әбдіразақованың үйінде болды. Ол «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қоры берген бастапқы жарнаның көмегімен «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабынан мемлекеттік бағдарлама арқылы үйлі болды.

«Өз ас үйім, жеке жуынатын бөлмем болса деп армандаған едім. Осының бәрі бізде болған жоқ. Бірақ қазір бәрі жақсы, біздің жаңа пәтер жайлы. Қолдау көрсеткені үшін мемлекетке рахмет. Енді мемлекеттің көмегімен өз ісімді ашуды жоспарлап отырмын»,- деді Гаухар Әбдіразақова.

Өңір басшысы көпбалалы аналардың мәселесі әрі қарай да шешілетіні жайында атап өтті.

«Мемлекет көмегіне мұқтаж отбасының бірде бірі назардан тыс қалмайды»,- деді Оңдасын Оразалин.

Темір Құсайын