Бокс • 15 Маусым, 2019

Алматыда боксшылар бәсекесі аяқталды

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда бокстан Халық Каһарманы Қайрат Рысқұлбековты еске түсіруге арналған және Қазақтың спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Зәкірияновтың жүлдесі үшін халықаралық турнир өз мәресіне жетті.

Алматыда боксшылар бәсекесі аяқталды

«Жастар жылын» қолдау аясында өткен осы жарыста Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстанның бірқатар оқу орындарының студенттері қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті жүлделерді сарапқа салды. Ал бәсекелерді тамашалауға келген ардагер боксшылардың қатары мол болды. Солардың арасынан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, КСРО-ның екі дүркін чемпионы Кәрімжан Әбдірахманов, кезінде Одақтық жарыстарда оза шапқан Болат Сағындықов, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушылар Серік Әбденәлиев, Борис Цхвирашвили, Жұмабек Өмірзақов, Хамит Бараев, Эдуард Габдулов, Болат Нүрпейісов, Мұрат Сиқымбаев және Қазақстанның студенттер құрамасының бапкерлері Дастан Сәдуақасов пен Қайрат қажы Кәрменовты көзіміз шалды.

 

–  Осы жарысты біздің Академия 19 мәрте ұйымдастырып отыр. Оның деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанына барша жұрт куә. Бүгінгі таңда айтулы оқу орнының қабырғасынан шыққан және осы турнирде шеберліктерін шыңдаған боксшылардың дені қалың көрерменге жақсы таныс. Олардың қатарында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтар да бар. Бұйыртса, алдағы жылдары осы жарыста жеңімпаз атанғандарға спорт шебері атағы берілетіндей дәрежеге көтеруді көздеп отырмыз, –  дейді Қазақтың Спорт және туризм академиясындағы бокс және ауыр атлетика кафедрасының меңгеруішісі Тайыржан Ысқақов.

 

Жарыстың өзіне келер болсақ, жиналған жұрт 81 кило салмақта сайысқа түскен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аят Маржықбаевтың өнеріне ерекше риза болды. Осыған дейін жастар арасындағы құрлық біріншілігі мен «Азия балалары» турнирінде жүлде алған астаналық жас өрен осы додада да асқан шеберлік танытты. Бастапқы бәсекелерінің барлығын айқын басымдықпен ұтқан Ерік Маржықбаевтың шәкірті финалда «Бостан Боксинг» клубының өкілі Алдан Селмұрзаевқа сан соқтырды. 

 

60 кило салмақтағы ҚазСТА студенті Ертуған Зейнулиновтың да мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. Студенттердің әлем чемпионаты мен жастардың Азия біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерліген Алмас Жыңғылбаев пен Қайрат Кәрменовтің шәкірті ақтық айқаста Нұрсұлтан Исаханнан басым түсті. Жарыс аяқталған бетте ең үздік боксшыға тиесілі арнайы сыйлықты дәл осы Ертуған иеленді.

 

Ал өзге салмақ дәрежелерінде мына былғары қолғап шеберлері жеңімпаз атанды: 49 кило – Сырым Батырбеков (ҚазСТА), 52 кило – Еламан Бүтінбаев (Нұр-Сұлтан), 56 кило – Алмас Нұрғали (Алматы), 64 кило – Нұрдос Төлебай (ҚазҰУ), 69 кило – Азамат Ибраимов (ШҚО), 75 кило – Ражаббой Атаназаров (Өзбекстан), 91 кило – Рүстем Ілиясов (ҚазСТА) және +91 кило – Наврузәлі Бегәлиев (Өзбекстан).