Аймақтар • 16 Маусым, 2019

Атырауда жас футболшылар өрттен құтқарылды

540 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

16 маусым күні түнгі сағат 00:19-да қалалық «101» желісіне Әуезов көшесіндегі «Райхан» қонақ үйінен өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

Атырауда жас футболшылар өрттен құтқарылды

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі берген мәліметте тілсіз жаудың қонақ үйдің астыңғы қабатында орналасқан саунадан шыққаны айтылған. Жедел түрде штаб құрылып, сағат 00:26-да оқиға орнына жеткен құтқарушылар 3 баланы құтқарды және 31 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Айта кетейік, олардың 29-ы бала. Балалардың бәрі Атырауға Оралдан спорттық жарысқа келген. «9 шаршы метр аумақты шарпыған өрт сағат 01:39-да сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ» делінген хабарламада.

Қазір  өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 32 адам және облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 8 дана техника жұмылдырылды.

Бүгін әлеуметтік желілерде Атыраудағы осы өрт оқиғасында балаларды құтқаруға атсалысқан азаматтар туралы ақпарат тарап, қызу талқыға түсуде. Қонақ үй жанындағы «Айва», «Башня» мейрамханаларының қызметкерлері тілсіз жауды құрықтауға көмектескені жөнінде жазылып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқиға ертең нақты зерделеніп, марапатқа ұсынылатын азаматтар болса, қосымша хабарланатынын мәлімдеді.

Атырау