Қазақстан • 17 Маусым, 2019

Ортақ міндет – Отанға адал қызмет

898 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таңмен таласа оянып, жұмысқа асығып, күннің қабағы жұмылғанда ошақ басына оралуды қалыпты тірлікке айналдырған кез келгеніміз үшін қоғамдық тәртіпті сақтайтын сала қызметкерлерінің қалыпсыз тіршілік дағдысы таңсықтау әлем екені рас. Өйткені қараңғы түнмен бірге тыныштық құшағына енер қаланың бізге беймәлімдеу тұстарындағы түрлі тәртіп бұзушылықтардың алдын алып, тәулік бойы тыныштығымызды күзететін тәртіп сақшылары ол еңбегін дабыра-дабылсыз-ақ үнсіз атқарып үйренген.

Ортақ міндет – Отанға адал қызмет

Алдын-ала келіскеніміздей, құқық қорғау саласы қызмет­керлерінің жұмысымен жақынырақ танысу үшін межелі уақытты 18.50-ге белгіледік. Айтылған уақыттан тура 30 минутқа ерте келген жол патрульдік полициясының қызметтік көлігі жайбарақат жүрісімізге жан бітіргендей, бір-ақ сәтте бойымызды жинап алдық.

– «18.50-де кездесеміз» деп келісіп едік... – дедік амандықтан соң, кешікпесек те, серігімізді күт­тіріп қойғанымызға аздап қысыл­ған­дай.

– Біздің жұмыс осындай! Уақыт бәрінен қымбат! – деді нық дауыс­пен полиция формасындағы жас жігіт.

Көлік тізгініндегі полиция ин­с­пек­­торының уақытқа мұнша­лық­ты мұқияттылығының, әсіресе бүгін салмақты себебі бар. Өйткені бізді түнгі қызметтік ауысым жиналысына үлгертуі тиіс. Тапсырма солай.

 Біз бас штабқа келгенде сақа­дай сай сапқа тұрған тәртіп сақшы­ла­рына басшылық тарапынан нақты тапсырмалар беріліп жатыр екен. Әр рота өзіне бағытталған жүк­те­мені қабылдап алып, шұғыл қызмет орнына аттанды. Қаздай тізі­ле қақпадан шыққан біркелкі қыз­мет­тік көліктің соңын ала біз де тәр­тіп сақшыларының түнгі жұмыс тәртібімен танысуға жөнелдік. Бізді полиция лейтенанты Нұрсұлтан Есте­міров пен кіші сержант Руслан Құдияров бастап жүрді.

Әлі қас қарая қоймағандықтан, рация үні әзірге саябыр тапқан. Осы тыныштықты пайдаланып, қос жігітті әңгімеге тарт­тық.

– Жұмыстың қызатын қауырт сәті – түн ортасы, шамамен сағат 23.30 бен таңғы 3.00-дің арасы. Бұл, әсіресе жұмыс аптасының соңғы күні – жұманың кешінен бас­тап жексенбіге дейін тіпті үдей түседі. Адамдардың көшеде көп жүретін мезгілі – жаз біз үшін тынышсыз маусым. Осы уақытта бізге де, көлігімізге де тыным жоқ. Бұл күндері орта есеппен 10-15 құқық бұзушылықтың алдын аламыз. Солай жүріп, тіпті таңның қалай атқанын да байқамай қаламыз, – деген полиция лейтенанты Нұрсұлтан Естеміровтің сөзін әрі қарай кіші сержант Руслан Құдияров жалғады:  – Салыстырмалы түрде алғанда, ең көп қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық бүгін біз тәртібін бірге қадағалайтын елор­да­ның Сарыарқа ауданында тірке­ле­ді. Ал ең тыныш аудан – Есіл ауданы, – деді.

Тәртіп сақшыларының айтқа­нын­дай, сағат тілі 23.00-ден өте бере-ақ әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғаларға байланысты арнаға келіп түскен шағым­дар күрт көбейіп, рацияға дамыл болмады. Ерлі-зайыптылар орта­сын­дағы отбасылық кикілжің, көңіл көтеру орнындағы ішімдік ішіп, тәртіп бұзған жастардың жанжалы, көшедегі ұрлық-қарлық, жолда жүру ережесін бұзу сынды қала тұрғындарынан толассыз келіп түсіп жатқан шағымдар түнгі тыныштықты күзеткен тәртіп сақшыларына тіпті ой жинақтауға мұрсат бермейтіндей. Біз куә болған сондай бір оқиға сағат тілі 02.11-ді көрсеткенде Нұр-Сұлтан қаласы темір жол вокзалы жанында орын алды. Ішімдікті мөлшерден тыс қабылдаған 29-30 жастағы бойжеткен құрбысы екеуі көшеде айқайлап, олардың бұл әрекетін тоқтатпақ болып ескерту жасаған полиция қызметкеріне қол көтеріп, иығындағы погонын жыртуға дейін барған. Біз отырған көлік Сарыарқа ауданына қарасты болғандықтан, хабарлама түсе салысымен дереу сол жаққа жөнелдік. Формасы лай-батпаққа малшынған, қызметтік киімінің жұлым-жұлымы шығып, погоны жыртылған полицей тәртіп бұзушылықты тоқтата алмай біраз әбігерге түсіпті. Айтқанды тыңдайтын бойжеткен жоқ, дөрекі сөзді тәртіп сақшысына аямай төгуде. Ал полицейдің бойжет­кен­ді тыныштандырмақ әрекеті сәтсіз. Ішімдікке сылқия тойған адамда айтқанға көніп, дегенге бағынатын сабыр болмайтыны анық. Жан-жағын жайпап, қолына түскеннің барлығын сындырып жатыр. Бойжеткенді амалсыз Нұр-Сұлтан қаласының наркологиялық диспансеріне жеткізуге тура келді.

Түн ауғанына қарамастан, бұл жақтағы «тірлік» тіпті қызу екен. Мас күйде жеткізілген адам қарасы өте көп. Тіпті бірнеше метрге со­зыл­­ған кезек түзіліп үлгеріпті. Азан-қазан әлем. Әркімнің өз уәжі мен шындығы бар. Оңайлықпен тәртіпке бағынар емес. Бірі «мен мас емеспін» деп ақталып әуреге түссе, келесісі тәртіп талап етушілерді сөзбен сыбайды. Ал енді біреуі өзінің қиындыққа толы өмірін айтып, шер тарқатқысы келеді. Ниет танытсаң, жүрегін ашып, сырын ашуға да­йын. Құлақ түрсең, әрқайсысының бір-біріне мүлдем ұқсамайтын өз драмасы мен трагедиясы бар. Міне, түнгі тыныштықты күзеткен тәртіп сақшылары осындай түрлі тағдыр мен сан алуан мінезді адамдардың бар «еркелігін» көтеріп, қанша жерден ашу мен намысқа тиетін сөздер айтылып жатса да түгесілгелі тұрған төзімін ашуға берілмей, салқын сабырға жеңдіріп үйренген. Өйткені қызметтік этика соны талап етеді.

– Бұл көргендеріңіз айдың бергі жағы ғой. Қызметте жүріп, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келеміз. Қайғылы жағдайлар жиі болып тұрады. Біздің әрбір шақыруға шығуымыз тәуекел. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Қызметте жүріп қаза болған әріптестеріміздің қыршын қиылған өмірі құқық қор­ғау саласы қызметінің қанша­лық­­ты ауырлығын көрсетсе керек. Сондықтан бұл жұмысқа жан қалауымызбен келгендіктен, алдымызда кездесетін қандай жағдайға да психологиялық тұрғыдан да­йын болуға тырысамыз. Жылына бірнеше мәрте психологтың қабыл­дауын­да болып, түрлі тестерден өтіп тұра­мыз. Әлі есімде, оқу бітіре салып, қызметке қабылданған сәтте бірін­ші рет кісі өлімін көріп, бір­неше күн өз-өзіме келе алмай жүрдім. Қарапайым халық сырт­­тай ғана танып, бізді қатал, мейі­рім­сіз деп ойлайды. Бірақ біз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Қиналамыз. Бірақ қызметтің аты – қызмет, – деп сырын ашты полиция лейтенанты Нұрсұлтан Естеміров.

Расымен де ақиқатын ақтарсақ, әр полицейдің өмірі тәуекелге толы. Өмір мен өлім арасындағы күрес. Ал біз білетін полицей кім?! Оған Азамат Битан есімді әлеуметтік желі қолданушысының желіде кең тараған мына бір азаматтық пікірі айқын баға болатындай: «Полицей – Екібастұзда ойнап жүріп құм астында қалған баланы құтқарып қалған Тахир Қасымов. Полицей – Керекуде үш баласы бар суицид жасамақ болған әйелді өлімнен ара­ша­лаған Ербол Айғожин. По­ли­цей – Қарағанды өңірінде суға батып бара жатқан тұрғынға екін­ші ғұмыр сыйлаған Дастан Азан­ба­ев. Полицей – өткенде ғана Аты­рауда көпірден секірген қыз­ды құтқарам деп қаза тапқан Шал­қар Ақымғалиев. Полицей – жылдың басында Алматыда бол­ған өртте 6 адамның өмірін сақ­тап қалған Әділет Әлімқыдыр. По­лицей – Петропавлда өзін өзі өлтір­мек болған 22 жастағы қыздың өмірін арашалап қалған Денис Комаров. Полицей – Таразда болған жантүршігерлік оқиғада қоғам үшін жанын қиған Ғазиз Байтасов емес пе?!».

Ал біздің арамызда есімдерінің бірін біліп, бірін білмейтін мұндай бейбіт күннің батырлары өте көп. Тіпті мұны айтпағанның өзінде, қара­­пайым халық отбасына арнай­тын мереке мен демалыс күн­де­­рін­де қызметтік міндеттері мен жауапкершілігі бірнеше есе ұлға­йып, үй бетін көрмей, тәулік бойы үзіліссіз еңбек ететін құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмысы шын мәнінде ерлікпен пара-пар. Мәселен, бізбен бірге түнгі рейдке шыққан кіші сержант Руслан Құдияровтың отбасын құрғанына көп болмапты. Келіншегі – студент. Үйінде кішкентай қызы өсіп келе жатыр.

– Жұмысқа кеткенде қызым ұйық­­­­тап жатады. Үйге келгенде тағы қалың ұйқының құшағында жата­­ды. Балама көңіл бөлуге кейде тіпті уақыт жатпей де қалады. Сон­дықтан да демалыс күндері ұй­қым­ды азайтып, көп уақытымды қызыма арнауға тырысамын. Қарап отырсам, отбасы, бала-шағамызға қарағанда, жұмыстағы серігімізді көбірек көреді екенбіз. Біздің арамызда 4-5 жыл бір көлікте қызмет атқарып келе жатқан жігіттер бар. Солай жүріп бір-бірімізбен достасып, туған бауырға айналып кеттік, – дейді Руслан Нұрғалиұлы.

Міне, осылайша қас қарайған сәт­тен таң атқанша тәртіп сақшы­ла­рымен түнгі кезекшілікке бірге шығып, олардың тек кәсіби маман ретіндегі ғана емес, адами армандарына да ортақтасып үлгергендейміз. Жанымызға еріп, қызмет тәртібімен жа­нын сала егжей-тегжейлі таныс­тыр­ған әрбір жастың жанарынан өз ісіне деген шексіз сүйіс­пен­шілікті аңғару қиын емес. Бізді қуантқаны – олардың жұмысы ғана емес, армандары да ортақ болып шықты. Ол – Отанға адал қызмет ету!