Маусым айының алғашқы аптасында Қарағанды облысының Теміртау қаласында дәл осындай би өнерінің үздіктерін сынға салған «Танцевальная феерия» VI республикалық байқауы ұйымдастырылды. Айтулы шарада Киров орта мектебінің хореографы Т.Чичагинаның жетекшілігімен өнер көрсеткен талантты бишілерден құралған «Жас жалын» би тобы айрықша көзге түсті. Топ жетекшісінің пікірінше, жеткіншек бишілер музыкалық ырғаққа сай ықшамдаған кербез дене қимылдарымен, би өнерінің мәнін түсіну деңгейімен ерекшеленді. Олар әсем қимылмен мың бұрала билеп жүріп, намысты да қолдан берген жоқ. Кеш қорытындысы бойынша, талантты ансамбль жүлделі 2-орынға ие болды.
Қанжығасы майланып қайтқан би тобындағы әр бишіге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жеңіс тұғырына көтерілген өнерпаздар жанарынан шексіз ризашылық сезімі айқын байқалып тұрды. Кеш соңында жеңімпаздар өздері үшін жанкүйер болып, қолдау білдірген жетекшілері мен ата-аналарына да алғысын жеткізуді ұмытпады. Байқаудан қанжығасы майланып, жүлделі оралған балдырғандарға мектеп директоры Ж. Солтанов білім ордасының барша ұстаздар қауымы атынан құттықтауын жолдап, «Жас жалын» би тобының көркемдік жетекшісі Б.Чичагинаны арнайы алғыс хатпен марапаттап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ салтанатты жиын соңында мектеп директоры жас өнерпаздардың алда әлі де талай белесті бағындыратынына зор сенім білдірді.
Айна АЛПЫСБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті