15 Мамыр, 2013

Шарайна

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 1:21

Иран мұнайынан бас тартуға шақырды

АҚШ конгрессмендерінің бір тобы Ираннан мұнай алуға жаһандық эмбарго енгізуді талап етті. Осылайша саясаткерлер Иран билігінен атом бағдарламасын жүзеге асыру мәселесінде белгілі бір деңгейде шектеуге қол жеткіземіз деп есептейді. Бұл туралы сенаттың халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы демократ Роберт Менендес жария етті.

 

Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 1:21

Иран мұнайынан бас тартуға шақырды

АҚШ конгрессмендерінің бір тобы Ираннан мұнай алуға жаһандық эмбарго енгізуді талап етті. Осылайша саясаткерлер Иран билігінен атом бағдарламасын жүзеге асыру мәселесінде белгілі бір деңгейде шектеуге қол жеткіземіз деп есептейді. Бұл туралы сенаттың халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы демократ Роберт Менендес жария етті.

Жалпыға ортақ эмбаргоны жақтау­шылардың пікірлерінше, әлемдік рыноктағы көмірсутегінің ықтимал жетіспеушілігінің орнын Таяу Шығыс және Солтүстік Америка елдерінде мұнай өндіруді арттыру есебінен толықтыруға болады. Алайда президент әкімшілігіндегі бірқатар шенеуніктер мен сарапшылар конгрессмендердің ұсынысын сынға алды. Өйткені, дейді олар, Иран мұнайынан бас тарту әлемдік рыноктағы теңсіздікке және мұнай бағасының өсуіне ұрындырады.

 

Құрт-құмырсқа, бақа-шаян жұғымды тамақ

Жер тұрғындарына тамақтарына құрт-құмырсқаны көбірек қосу керек. Бұл азық-түлік жетіспеушілігінің орнын толтырудағы ықтимал қиындықтарды жеңілдетуге септеседі және аштықтың алдын алады. Мұндай пікірді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі ұйымы білдірді.

Мұны Нидерландыдағы Вагенинг университеті де  қолдап отыр. Құрт-құ­мырс­қа мен бақа-шаянды барынша көбірек тұтыныңдар. Өйткені, олар орасан көп және протеиндер мен минералдардың бай көзі болып табылады, деп мәлімдеген баяндаманың тұсаукесерінде БҰҰ өкілі Эва Урсула Мюл­лер ханым. Оның сөзіне қарағанда, құрт-құмырсқалар аса жұғымды тамақ болғандықтан, оны Жер шары тұрғындарының үштен бірі  тұтынады.

 

Үш грузин әскериі қаза тапты

Ауғанстанда орналасқан Грузияның әскери контингентінде кезекті рет адам өлімі орын алды. Қарулы жасақтың әскери базаға шабуылы салдарынан үш грузиялық әскери қаза тауып, бірнешеуі жараланды. Ал шабуылды автокөлікті пайдаланған жанкешті жүзеге асырған.

Бұл туралы Грузияның қорғаныс министрі Ираклий Аласания өткізген брифингте айтылды. Оның сөзіне қарағанда, грузиялық әскерилер шабуылдың бетін қайтара алған. Сөйтіп, жағдай олардың бақылауында көрінеді. Министр қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Оқиғаға орай Грузия президенті мен премьер-министрі де көңіл білдірген. Грузияның әскери контингенті  Ауғанстанда 2009 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Олардың саны шамамен 1,5 мың адам.

200 жолаушысы бар қайықтар суға батты

Мьянмада 200 жолаушысы бар қайықтар суға батып кеткен. Оқиға салдарынан кем дегенде 50 адам көз жұмған. Көптеген жолаушылар жоғалып кеткендер қатарын толтырып отырса керек. Алайда, ел билігінің қолында нақты деректер жоқ секілді.

Бангкоктегі БҰҰ қызметкері Кирстен Милдреннің мәліметінше, адамдар 3 қайыққа бөлініп мініпті. Моторы бар үлкені ағаштан жасалған кішірек екеуін сүйреп келе жатқан екен. Алдыңғы қайық Ракхайн штатындағы Пауктав қаласы маңында шатқалға соғылған сияқты. Адамдар су тасқынынан құтылмақ ниетпен қайыққа мінсе керек. Қазіргі кезде табиғат апатынан қашқан 140 мың адам қауіпсіз жерлерге орналасып үлгеріпті.

 

Вермонт штаты эвтаназияға рұқсат берді

АҚШ-тың Вермонт штатының заң шығарушылары эвтаназия туралы заң жобасын мақұлдады. Штат конгресі өкілдер палатасының 75 мүшесі заң жобасын қолдап дауыс берсе, 65-і қарсылық білдірген. Бұдан бұрын осыған ұқсас заң жобасын Вермонттың сенаты мақұлдаған еді.

Енді жақында эвтаназия туралы заңға штат губернаторы Питер Шамлин қол қояды деп күтілуде. Осыдан кейін Вермонт АҚШ-та эвтаназия рұқсат етілген төртінші штат болады. Орегон 1997 жылы эвтаназия рұқсат етілген алғашқы штат еді. Кейін оған Вашингтон мен Монтана қосылған-тын. Жалпы, эвтаназия жарты жылдан аз ғұмыры қалған пациентке немесе ақыл-есі дұрыс емес сырқат өз еркімен өмірден озғысы келген жағдайда қолданылады.

Януковичті масқаралағанға – айыппұл

Украинаның Николаев қаласының тұрғыны Анатолий Ильченкоға Киевтегі Алтын қақпа маңында мойнына «Янукович ешкі» деген плакат тағып алып қыдырыстап жүргені үшін айыппұл салынды. Айыппұл сомасы 51 гривнаны (6 доллар шамасында) құраған  көрінеді.

Бұл айыппұл сомасы қылмыстық ко­декстің «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапкершілікке сәйкес келеді екен. Ал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының деректерінше, мойнына плакат ілген зейнеткермен суретке түсуге шетелдік туристер көп қызығушылық танытқанға ұқсайды. Оның әрекеті сондай-ақ ондаған милиционердің назарын аударған. Бірақ олар зейнеткерді ұстамаған жөн деп шешкен. Бірақ кейінірек әкімшілік хаттама толтыруға мәжбүр болған.

 

Майя пирамидасын қиратып тастады

Белизде құрылыс кезінде майя пирамидаларының ішіндегі ең үлкені ішінара бұзылған. Белиздегі археология институтының басшысы Хайме Авенің сөзіне қарағанда, пирамида өткен аптада бұзылса, бұқаралық ақпарат құралдарына енді ғана мәлім болып отыр.

Құрылыс компаниясы пирамиданы жол салу үшін экскаваторларды және бульдозерлерді қолданған кезде бұзған. Хайме Авенің атап көрсетуінше, құрылысшылар көне ескерткішті табиғи ландшафтпен еш шатастырып алуы мүмкін емес еді. Қазіргі кезде Белиз полициясы тексеру жұмыстарына кірісіп кеткен. Полицияның қылмыстық іс қозғауы да ғажап емес көрінеді. Өйткені, ішінара қираған пирамида жасы 2,3 мың жылды құрайтын көне ескерткіш болып табылады.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.