Соның өзінде жыл сайын 12 мың тонна өнім өндіруде. Алайда, бүгінгі таңда ауданда кәсіпорын жүктемесін толық қуатына көтеру мәселесі күн тәртібінде тұр. Егер аталған зауыт толық жүктемесімен жұмыс атқарған жағдайда жыл сайын 109 мың тонна мал азығын дайындай алады. Сонымен қатар бүгінде 5 адам мұнда зауыттың жұмысын қашықтықтан басқару арқылы жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 92 мың теңгені құрайды. Дей тұрғанмен, ауданда ауыл шаруашылығы саласына қатысты кейбір мәселелер де бар. Айталық, жергілікті шаруашылықтар тиісті мал азығын өздері қамтамасыз ететіндіктен, сауын сиырлардың сүтіндегі майлылық көрсеткіші 2,8 пайыздан аспайды. Ал сүт өнімдерін қабылдап алатын кәсіпорындардың талабы бойынша сүт майлылығы 3,6 пайыз болу керек. Ендігі жерде аудан басшылығының тарапынан осы мәселе шешімін табуы тиіс.
Ауданның білім беру саласында жыл сайын алға ілгерілеу болғанымен, әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар. Мәселен, Ә.Бөкейхан атындағы 730 орындық мектепте бүгінде 1600 бала білім алуда. Аудандағы мектеп жетіспеушілігі туралы мәселе өткен жылы жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер де қабылданған. Алайда, бұл мәселені аудандық білім бөлімі дер кезінде көтермеген. Мұны Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова бала санының артуымен түсіндірді. Яғни, былтырғы оқу жылында 7 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттаған. Сондықтан да ауданда мектеп мәселесінде осындай қажеттіліктер туындап отыр. Дегенмен, бұрынғы жылдары мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен балаларды қамту көрсеткіші 79 пайыздан аспаған болса, бүгінде 1-6 жас аралығын қамту үлесі 82,8, ал 3-6 жас аралығын қамту үлесі 98,8 пайызға артқан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда әсіресе ауыл жастарын жұмыспен қамту, оларды кәсіпкерлікке тарту маңызды. Мәселен, бүгінде ауданда 64 443 халық болса, оның 14 453-і, яғни 22 пайызы – жастар. Бұл ретте ауданда жастарды әлеуметтендіру жұмыстары басты назарда. Ағымдағы жылы 718 жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша 192 жас жұмыспен қамтылған. Ендігі жерде ауылдарда да мемлекет қолдауының нәтижесінде кәсібін ашуға ниетті жастардың қатары көбейіп келеді.
Жамбыл облысы