Қазақстан • 18 Маусым, 2019

Кәсіпкерлер құқы аяққа басылмасын

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Осы жиында айтылғандай, мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің заңды талабын орындауға құлықсыздық танытады екен.

Кәсіпкерлер құқы  аяққа басылмасын

Мәселен, қызылжарлық Ерік Әзеновтің Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен алысып келе жатқанына биыл үш жылдан асты. Қос тарап 2016 жылы жер қойнауын пайдалану жөнінде арнайы келісімшартқа отырған. Сол бойынша кен орнында 6 млн АҚШ долларына ас тұзын өндіретін зауыт ашып, 100 адамды жұмыспен қамту көзделген еді. Алайда теріскейдегі әкім-қаралар тиісті жер телімін бермей, шаруаны жүргізуге кедергі келтіруде дейді кәсіпкер.

– Бұл мәселеге қатысты Солтүстік Қазақстан облысы сотының шешімі бар. Онда әкімдіктің заңға қайшы әре­кет­тері көрсетілген. Облыстық сот жіберілген олқылықтарды толық кө­лемде түзетуге қаулы шығарды. Үш сотта да жеңіп шықтым, алайда әкім­дік тиісті міндеттерін орындауға асы­ғар емес. Мемлекетпен келісімшарт жасас­тық, бірақ атқарушы органдар жауапсыздық танытып отыр, – дейді Е.Әзенов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатиров мұндай фактілерден кейін кейбір мемлекеттік органдарға деген сенімсіздік пайда болуы ықтимал екендігін жасырмады.

– Мемлекеттік  органдардың «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдар­ла­масы бойынша орындамаған мін­деттемелерін мысалға алуға болады.­ 2015 жылы бизнес нысандарына инфрақұрылым тарту бойынша жақсы бастама қолға алынды. Бұл іс тоқтап қалған соң келісімшарт жасасқан тұл­ғалар құралақан қалды. Осы ретте жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға жеке және қарызға алынған ақша жұмсалғанын айта кету керек. Кезінде «Семей Инжиниринг» АҚ мен Қорғаныс министрлігі арасында осыған ұқсас жағдай тіркелген еді. Зауыт министрліктің тапсырысын толық көлемде орындап шықты. Әйтсе де жауапты ведомство атқарылған іске қаражатты аудармай әлек қылды. Салдарынан ақшаны сот арқылы алуға тура келді, – деп нақты деректерді кел­тірді халық қалаулысы.

Отырыс кезінде спикерлер Есеп комитетінің деректерін де баян етті. Мәселен, өткен жылы 9 млрд тең­ге көлеміндегі бір мың атқару құ­жа­ты орындалмаған. Жоғарғы сот­тың Аза­маттық істер жөніндегі сот ал­қасының төрағасы Мейрамбек Тай­мерденов бүгінде мемлекеттік қыз­мет­керлерді заңды бұзғаны үшін жауап­кершілікке тарту күн тәртібіндегі мәсе­лелердің қатарында екендігін айта­ды. Әзірге келісімшартты бұз­ған тарапқа айыппұл салу немесе мүлік­ке шектеу қою заң жүзінде қарасты­рылмаған.

Кеңестің нәтижесінде Әділет ми­нистрлігі, Жоғарғы сот және Бас про­куратура жүктелген міндетті бұзған жауапты тұлғаларды қылмыстық, әкім­шілік, сондай-ақ тәртіптік жауап­кер­шілікке тарту жөнінде ұсы­нысты қарастыруға уәде етті.


Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»