Руханият • 18 Маусым, 2019

Қарттарым, аман-саумысың?

571 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газетіміздің жүз жылдығы аясында қолға алынған игі істер елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жалғасын тапты. Орталық кітапханасына жүздесуге жиналған қариялардың қолындағы «Egemen Qazaqstan» көзімізге жылы ұшырасты.

Қарттарым, аман-саумысың?

1989 жылы «Қарттар үй» болып ашылған мекеме 2016 жылы әлеуметтік көмекті қажет ететін жандарға шуағын шашар «Шарапат»-қа айналған. Орталықта 24 пен 96 жас аралығындағы 320 адам қызмет алады. Қызмет алушылардың қатарында елге еңбек еткен елеулі профессорлар да, сот жүйесінде жемісті жұмыс істеген, түрлі саланың майталман мамандары да бар. Орталық директоры Рысты Жағыпарқызының айтуынша, жас көмек алушылар – көбіне І, ІІ топ мүгедектері. «Бұл ғимарат – Елбасының өзі келіп лентасын қиған, заманауи жабдықталған, жылулық үйі. Біз медициналық, әлеуметтік, психологиялық, қаржылық көмек көрсетеміз. Медицина блогымызда физиотерапиялық қызмет алуға болады. Бұдан бөлек массаж бөлмесі, сауна, мешіт, шіркеу, бассейн бар. Азаматтарымыз 4 мезгіл тамақтанады», дейді мекеме басшысы. Р. Жағыпарқызының сөзіне сенсек, атын айтпай қайырымдылық іс істейтін жүрегі жомарт жандар жетерлік. Айталық, бір кәсіпкер үш бірдей шағын жылыжай салып берсе, енді бір қолы ашық азаматтар рамазан айында ораза ұстаған 30 мұсылманға күн сайын ауызашар жасапты.

Бір-бірімен шүйіркелесе кететін шарапаттықтар бір шаңырақ астында көңіл жарастырып, кейбірі тіпті бұдан былайғы өмірін бірге өткізуге бел байлапты. Қазір орталықта 17 отбасы күн кешеді. Бұл да болса, мекеменің – осы жерден көмек алуға келгендерге жаңаша өмір сыйлайтын шарапаты мол шаңырақ екеніне дәлел.

Кездесуге келген қарттар жүз жылдан бері халықпен бірге жасап келе жатқан газетіміздің қысқа да нұсқа тарихымен танысты, қазіргі тіршілігінен хабардар болып, өз ойларымен бөлісті. Газетіміздегі «Мәдениет және руханият» бөлімінің жетекшісі Талғат Батырхан қазақ баспасөзінің айнасы, көшбасшысы болған бас басылымның атынан «Жүз жылдық жылнама» атты мерейтойлық жинағымен қоса бірнеше кітаптарды орталықтың кітапханасына сыйға тартты. Басылым басшылығы мен ұйыған ұжымның ыстық сәлемін жеткізген жетекшіміз бар тараптағы жаңалықтың жаршысына айналған газет елдің мәселесін екшеп, ұлттың сөзін ұстайтынын айтты.

Егемендіктер жылы жүздесудегі әдемі әңгімені өлеңмен өрнектеді, қарттардың салиқалы сөзін әнмен әрлеп, күймен көмкерді. Кездесу соңында қариялар «Egemen Qazaqstan» ұжымына телегей табыс тілеп, батасын берді.

Соңғы жаңалықтар