Экономика • 19 Маусым, 2019

Зығыр өндіруден бірінші орында

1207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өсімдік шаруашылығын әртараптандырудың нәтижесінде былтыр майлы дақылдардың жалпы индексі 2, 7 млн тоннаны құрады. Қазақстан зығыр өндіру көлемін 930 мың тоннаға жеткізіп, әлемдік рейтингте 1-ші орынға шықты. Жағымды статистиканы «Қазмедиа» орталығында өткен халық алдындағы есепте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров келтірді.

Зығыр өндіруден бірінші орында

Сала басшысы экспорттық әлеуетті арттыру басты назарда екендігін атап, осы бағыттағы көрсеткіштерді жіпке тізді. Атап айтқанда, арпа экспорты 2 есеге, рапс майы мен қызанақ 1,4 есеге және соя 2 есеге өскен. 11,7 млн тонна астық экспортталды. Бұл 2017 жылғы деңгейден 33%-ға көп.

Минералды тыңайтқышты қолдану қажеттілігі 18%-ға же­тіпті. Былтыр бұл көрсеткіш 10-14%-дан аспайтын. Өткен жылы тыңайтқыштарды субсидиялау процесі толықтай автоматтандырылды, сондай-ақ бөлінетін қаражат көлемі 24%-ға көбейген.

Бұған қоса министр сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін 2018 жылы 25 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілгенін баяндады. 6 мың бастан астам мал бағылатын бұл фермалардың 7-еуі өнеркәсіптік, 18-і отбасылық фермалар. Тек ұйымдастырылған шаруашылықтардың өзінде 1, 5 млн тонна сүт өндірілген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,6%-ға артық дейді Ауыл шаруашылығы министрі. Салыстырмалы түрде алсақ, 2015 жылы ол 900 мың тоннаның мөлшерінде болған.

– Құс шаруашылығында 5,6 млрд дана тауық жұмыртқасы өндіріліп, 2017 жылдағы дең­гейден 10%-ға жоғарылады. Ал­ғаш рет 671 млн дана жұмыртқа экспортталды. Ақмола облысында ең үлкен бройлерлік құс фабрикасы іске қосылды. Былтыр мал шаруашылығы өнімдерінің индексі 2,0 трлн теңгеге өсіп, 2017 жылдың көрсеткішінен 3,9%-ға артты. Мемлекеттік бағдар­ламаның негізгі міндетінің бірі – өткізу нарықтарына жол ашу әрі экспортты дамыту. Бүгінгі күннің өзінде 13 тауар тобы (балық өнімдері, асыл тұқымды жылқы, мұздатылған қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршақтары, сойы­с жылқылары, рапс күнжарасы, сиыр еті, ұн, өсімдік майы, ар­па, жүгері) бойынша Қытай на­рығы ашық. Иранмен тірідей ұсақ мал, мұздатылған және сал­қындатылған қой және сиыр еті­мен қатар тағамдық жұмыртқа жет­кізуге арналған келісім бар. Сол секілді Сауд Арабиясы Ко­роль­­дігімен мал сою және өсіру үшін отандық ірі қара мен ұсақ мал­ды экспорттауға арналған вете­ринарлық сертификатқа қол жет­кіздік. Нәтижесінде агро­өнер­кәсіптік кешен өнімдерін Қытайға шығару 30,4%-ға (барлық экспорт – 258,2 млн АҚШ доллары), Парсы шығанағы елдеріне экспорттау (Қатар, Кувейт, БАӘ, САК, Оман, Бахрейн) 4,1 есеге, Иранға – 2,1% (328,9 млн АҚШ доллары), Еуроодаққа саудалау 14,6%-ға (303,6 млн АҚШ доллары) артты. Жалпы, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сыртқа шығару динамикасы 24,5%-ға ұлғайып, өңделген өнім экспорты 3,5%-ға көбейді, – деді спикер.

Шетелдік нарыққа шығу мақ­сатында Израиль, Түркия, Кувейт, Оман, Жапония және Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерден басқа Еуроодақ елдерімен де келіссөз жүргізу жоспарлануда. Осы орайда Қытай тарапы­мен 2018 жылы экспортқа бағ­дарланған қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қо­йылатын импорттық талаптарды келісу жөніндегі жол картасына қол қойылды. Былтырғы жылдың жалпы кестесіне сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,5%-ға және тамақ өнім­дерінің мөлшері 1,6%-ға ж­о­ға­рылағанынан хабар етті сала ми­нистрі.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»