Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің платформалық бағдарламасында сабақтастық, әділдік және өрлеу деген бағытты атап өтті. Жеке басым, осы саяси бағытты қос қолдап қолдаймын және сол бағыттағы жоспарланған жұмыстардың толыққанды орындалатынына, іс жүзінде нәтиже беретініне сенім артамын.
Бүгінгі күннің басты мәселесі әрине, қазақстандықтардың әлеуметтік мәселесі. Президентіміз атап өткендей, дәрігерлер мен ұстаздардың абыройын асқақтатып, жағдайын жақсарту қажет. Иә, саламатты өмір үшін білікті дәрігер, ал сауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін ұлағатты ұстаз керек екені анық. Сондықтан осы мәселелердің шешім табуы ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Бұл – біздің жарқын болашағымыздың кепілі.
Оған қоса Қасым-Жомарт Кемелұлының жүріп өткен өмір жолы, саяси жолдағы тәжірибесі, білімі мен біліктілігі іштегі сенімді одан әрі күшейте түсті. Айта кететін жайт, Президентіміздің әлемдегі ықпалды ұйым басшыларымен болған кездесулері және соңғы атқарылып жатқан жұмыстар оның әлемдік аренадағы беделін айқын көрсетіп берді. Бұл біз үшін мақтаныш.
Нұрғиса ДӘУЕШОВ,
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері