Туризм • 19 Маусым, 2019

Балқаш қол бұлғайды

551 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балқаш қаласында Қарағанды облыстық әкімдігі мен кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумға Ресейдің Түмен, Омбы қалаларынан, сондай-ақ Моңғолиядан туризм мамандары қатысты. Шетелдік қонақтар Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан келген мамандармен бірге курорттық аймақтағы жағажайлық демалыс орындарын аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Балқаш қол бұлғайды

– Осы форумға біз демалыс орындарын өз көзімізбен көріп, алған әсерімізді түмендіктерге жеткізу үшін келдік. Қазақ­станда, атап айтқанда Бал­қаш қаласында табиғат тамаша, демалыс орындары жай­лы және баға­лары да қолжетімді. Қонақ­жай­лылық жоғары деңгейде, адамдары ашық-жарқын, – деп ағынан жарылды Түмен деле­гациясының мүшесі Татьяна Семенова.

Туроператорлардың айтуынша, қа­зір­гі таң­дағы өзекті мәселелердің бірі көлік қа­тынасы екен. Туристер Бал­қашқа пойызбен келер болса, онда олар­ға ауысулармен жүруге тура ке­леді, ал автомобильдік саяхат жол­дың қашық­тығынан көп уақытты алады. Транс­фер мәселесі шешілсе, көптеген қиын­­дықтар жойылып, ресейлік турис­тер ағымы ұлғаяр еді деген пікір айтты мамандар.

Моңғолиядан келген қонақ Бағ­жанар Ханат Алтай мен Шығыс Қазақ­станға шетелдік туристерді тарту тә­жі­рибесімен бөлісті. Оның фирмасы бұл іспен табысты айналысып жүрген көрінеді. Шетелдік маман енді Балқаш көлі маңындағы ғажайып көріністерге қызығушылық танытып отыр­ғанын да жеткізді.

Туристік форум аясында Балқаш қала­сында «Денсаулыққа жол» атты жеңіл­атлетикалық марафон және кемелер шеруі ұйымдастырылды. Одан кейін форумның пленарлық отырысы өтіп, онда сала мамандары отандық туризмді дамыту мәселелерін талқылады.