Аймақтар • 20 Маусым, 2019

Атыраулықтардың өмір сүру ұзақтығы жоғарылады

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам капиталын дамыту саясатының бағыт-бағдары Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде айрықша айтылды. Елімізді табысқа бастайтын бағыттардың қатарында әділетті әлеуметтік саясат та бар. Барлық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасы мұнайлы аймақта қалай жүзеге аспақ?

Атыраулықтардың өмір сүру ұзақтығы жоғарылады

Соңғы екі жылда Атырауда өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Ал өмір сүру ұзақтығы – 73,22 жасқа жетіп, бұрынғы деңгейден біраз өсті. Соның ішінде аналар өлімінің 52 пайызға азайғаны халық денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралардың нәтижесіз емес екенін көрсетеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева: «Медициналық мекемелерді қазіргі заманғы технологиямен қамтамасыз ету жұмысы жалғасын табуда. Биыл жергілікті бюджеттен арнайы қаржы қаралып, аудандық ауруханаларға жылжымалы медициналық кешен, наркозды тыныс алу аппараты, цифр­лы рентген, фетальды монитор аппараттары секілді басқа да заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Оңалту және медбикелік күтімді дамыту, фтизиопульмонологиялық санаторий ашу да биылғы жоспарда бар. Төрт ауданда ерекше балаларды оңалтуға арналған бөлімдер ашылады», дейді.

Медициналық мекемелердің жаңа жабдықтармен толығуы қашанда назарда. Бүгінде Атыраудағы емдеу ұйымдарында соңғы үлгідегі құрал-жабдықтардың қатары көп. Күні кеше облыстық перинатал­дық орталыққа тағы бір жаңа аппарат алынды. Елбасының биз­нес­тің әлеуметтік жауапкерші­лігі туралы тапсырмасы аясында «ЭксонМобилҚазақстанИнк» компаниясы өкпеге жасанды желдету жасау құрылғысын сыйға тартты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, перинаталдық орталықта орта есеппен айына 160 ота жасалады. Енді ота кезінде өкпені жасанды желдететін құрылғы дайын тұрады, бұл өз кезегінде ана мен бала денсаулығына оң ықпал ететін жайт. Жалпы, мұнайлы аймақта ірі өндірістік кәсіпорындар денсаулық сақтау мекемелеріне жиі демеушілік көрсетеді. Мысалы, жоғарыда атал­ған бір ғана компания бұған дейін шала туған нәрестелерді күтіп-бағу жаб­дығын, құрсақтағы сәбидің жағ­дайын бақылайтын фетальды мониторлар мен 11 жедел жәрдем көлігін сыйға тартқан. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мұғалімдер мен дәрігер­лердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағ­дайын жақсарту үшін тиісті қолдау көрсе­теміз», деді. Мемлекет тарапынан бюджеттік сала қызметкерлеріне көр­сетілетін қолдау шараларының аясы кеңейетіні аймақтағы маман­дардың да ертеңге деген сенім­деріне, адал жұмыс істеуге деген құлшыныстарының артуына оң ықпалын тигізері анық. Ал жергілікті деңгейде қандай жұмыстар атқарылады? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Құдайбергенқызы учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбек-а­қы­сын 20 пайызға өсіру көзде­ліп отырғанын айтады. Биыл ауыл­дардағы медициналық мекемелерді қаржыландыруға 6 949,2 млн теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 5 амбу­латориялық-емхана ұйымы, 1 ауруха­на пайдалануға беріледі. 2025 жылға дейін облыста 29 ауылдық амбулаториялық емхана ұйымы мен бір аурухана салу жоспарланған. Мұның бәрі шалғайдағы ауыл тұр­ғындарын сапалы, қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар. Ден­сау­лық сақтау ұйымдарында бір дәрігерге жүктелген жұмыс ауқымын азайту қол­ға алынуда. Талап бойынша бір дәрігерге белгіленген адам саны 1700-ден аспауы тиіс, ал аймақта бұл деңгейге қол жеткізу үшін әлі 88 жалпы тәжірибелі дәрігер қажет. Жасыратыны жоқ, Атырауда дәрігер тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Қазірдің өзінде алыстағы ауылдар 30 медицина маманына мұқтаж. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жыл басында Индер ауданына барған іссапар барысында: «Медицина саласына тапшы мамандарды алдырайық және олар міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етілуі керек. Жергілікті билік медицина қызметкерлеріне барлық жағдайды жасауға дайын» деп атап өткен болатын. Осы проблеманы шешу мақ­сатында облыстық әкімдік тарапынан нақты шаралар қолға алынды. Биыл еліміздегі медициналық оқу орын­дарының 214 түлегі Атырауға жұ­мыс­қа келеді деп күтілуде. Демек, ауру­­ханалардың ақ халаттылармен то­лық қамтылатын күні де алыс емес.

 

АТЫРАУ