Анкараның Этимесгут муниципалитетіндегі жаңадан бой көтерген көпқабатты биік үйлердің тұрғындары балаларын ойнатып әрі өздері де тыныстап, серуендеп жүру үшін арнайы егілген әрі жақсы жабдықталған бірнеше саябақ бар. Түрік бауырларымыз солардың біріне Тәттімбеттің, енді біріне Динаның есімін берген екен.
Кезінде бұл саябақтардың ашылуына Қазақстаннан арнайы келген делегациялар қатысып, ұлттық оркестрлеріміз концерт беріп, жергілікті халықтың ризашылығына бөленген.
Күннен-күнге бой түзеп, өркен жайып келе жатқан жас ағаштардың жапырағы үлбіреп, әртүрлі түске боялған әдемі сәкілерге көлеңкесін түсіріп, сая болып тұр. Немере-шөберелері әткеншек теуіп, қолдан жасалған сырғанақтарға барып сырғанап, мәз-мейрам болып жүрген екі қарт сол сәкілердің біріне жайғасып алып, әңгіме-дүкен құрып отыр.
– Біз әзірге Тәттімбеттің де, Динаның да атын алыстан естіп, олардың өнері мен өмірі туралы деректерді көбірек білуге құмартып жүрген жандармыз, – дейді бізге жол бастап келген муниципалитет әкімдігінің өкілі.
Ал біз болсақ, мына саябақтарды көргенімізге қуанып, өң мен түстей таңғажайып бір күй кешіп тұрмыз.
«Мынау саябақтарға Тәттімбет атамыз бен Дина апамыздың ескерткіштері орнатылса, қандай жақсы болар еді, – деген ой келеді. – Содан соң, осында, белгілі бір уақытта музыкалық шығармалары орындалатын болса, саябаққа демалуға келген кісілер ерекше әсер алар еді-ау!..»
– Айтыңызшы, Тәттімбет, Дина туралы жазылған көркем шығармалар, ғылыми-зерттеулер көп пе? – дейді муниципалитет әкімдігінің өкілі.
– Әрине көп. Бірақ оларды тәржімалау қажет қой.
Біздің есімізге төл әдебиетіміздің классигі Тәкен Әлімқұловтың «Сарыжайлау» атты тамаша новелласы түседі. Оны оқып отырғанда кім-кімнің де күй тыңдағандай таң-тамаша әсерге бөленетіні анық.
Міне, қараңызшы:
«Жер көктемде, ел жазда түлейді. Кәрі мен жасты теңестірген жомарт жазға не жетсін! Сары жаздың сәніндей Сарыжайлауда қымызға мас боп асыр салған бозбастардың ішінде Тәттімбет те өмір сүрді. Етегі бүрмелі ақ көйлек, белі қынамалы көк масаты, қызыл масаты бешпент киген қыздар, қара мақпал қамзолды келіншектер айт күндері дүркірей қыдырғанда, мамырдың қырмызы гүліндей құлпырып, қызыл-жасылданып, бал-бұл жанып тұратын сиқыр шақ Тәттімбеттің көз алдында…».
«Жер ортасына келген жасамыс Тәттімбеттің көрген қызығы, кешкен бақыты, енді ойласа, Сарыжайлауда жатыр. Сол жайлаудың шырайындай Сарықыз Тәттімбеттің көкейінде. Күл астында көмулі жатқан қызыл шоқтай әсер етеді…».
«Ақ патшаның әскеріне бекет керек, мұжықтарға қоныс керек деген желеумен дәуірлеп, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс боп тұрған дуанбасы жылдан-жылға айласын, күшін асырып, мығымданып келді де, ақыры Сарыжайлауды тартып алды. Қалың ел ығысып, ысырылып, шөлейтке шығып қалды…».
Немесе мынаған қараңызшы:
«Тәттімбет сары жазды, Сарыжайлауды сағынады. Жазының санына көзі жетпесе, жайлауының саны – көкейде!
Шіркін, дүние-ай, бұл өңірден талай Тәттімбеттер өтер, сансыз ұрпақ сапырылысар, сонда Сарыжайлау түк көрмегендей болып, сағымға шомылып, манаурап жатады-ау! Төсінде асыр салған кешегі бөбегін, бүгінгі арманшыл азаматын ұмытады-ау!».
Кең даласы керіліп, төрт мезгілі кезек-кезек ауысып, жасылы сарыға, сарысы қоңырға, қоңыры аққа айналып, түрленіп жататын елдің поэзиясы міне, осылай төгіліп, осылай толғанады. Мұны қайтіп аударарсың, қалай жеткізесің, оны өзің біл, достым…
Ал енді Дина Нұрпейісова апамыздың тағдыры ше? Ол да сондай қызық әрі тағылымды.
– Олай болса, бізге әңгімелеп берсеңізші, – дейді муниципалитет әкімдігінің өкілі.
«Жарайды, – дейсің басыңды шұлғып. – Тырысып көрейін...» Бірақ табан астында неден бастарыңды да білмейсің…
Дина – өте көрнекті халық композиторы. Ал халық композиторы дегеніңіз – табиғаттың өзі жаратқан таңғажайып құбылыс. Сол себепті оның дарыны, түйсігі, ішкі дүниесіндегі өзі ғана оқи алатын жұмбақ ноталары былайғы жұртқа мүлде жұмбақ. Күй қалай туады күмбірлеп, әуен қайдан келеді? Ол бір тылсым дүние…
– Ал өмірде қандай адам болған? Тағдыр-талайы қалай?..
Қаршадай күнінен күй тартып, көзге түсіпті. Ауыл-аймағы оны күйші қыз, домбырашы қыз деп атап кетеді. Әйгілі Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң секілді күйшілердің күйін нәшіне келтіріп орындайды. Сөйте-сөйте атағы алысқа жайылған тоғыз жасар талантты қызды бірде күй атасы – Құрманғазының өзі іздеп келеді. Оның домбыра тартысына сүйсініп, ақ батасын береді.
– Пай, пай, осындай ұлы композиторлар туралы қызықты әңгімелер айтылғанда музыка тыңдағың келеді, – дейді муниципалитет әкімдігінің өкілі. – Сондықтан да алдағы уақытта осы саябаққа келгендер Дина Нұрпейісованың ескерткішін көріп, күйлерін тыңдаса деген ой келеді.
– Әлбетте. Ол күнге де жететін болармыз...
– Ендеше, Түркия тарапынан да, Қазақстан тарапынан да осындай игілікті істерді бірлесіп атқаруға тиіспіз. Әйтпесе, бұл саябақтар неге Тәттімбеттің, Динаның атымен аталады деген сұрақтың көпшілік көкейінде қала беретіні анық қой.