Экологиялық алаяқтар анықталуда
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:22
Жер астын барлау мен бұрғылау жұмыстарының қарапайым тұрғындар түсіне де, түйсіне бермейтін тұстары жетерлік. Геология мен геодезия тілінде бұрғылау шламы деген ұғым бар. Бұл, бұрғылау кезінде пайда болатын ұсақ, ұнтақ улы қалдықтар деген түсінікті береді. Егер осы өндірістік қалдықтар дер уақытында жиналып алынып, арнайы жасақталған орындарға көмілмесе қоршаған ортаға айтарлықтай зиянын тигізеді.
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:22
Жер астын барлау мен бұрғылау жұмыстарының қарапайым тұрғындар түсіне де, түйсіне бермейтін тұстары жетерлік. Геология мен геодезия тілінде бұрғылау шламы деген ұғым бар. Бұл, бұрғылау кезінде пайда болатын ұсақ, ұнтақ улы қалдықтар деген түсінікті береді. Егер осы өндірістік қалдықтар дер уақытында жиналып алынып, арнайы жасақталған орындарға көмілмесе қоршаған ортаға айтарлықтай зиянын тигізеді.
Орал өңіріндегі прокуратура органдары тиісті тексерулер мен қадағалаулар барысында бұл бағыттағы экологиялық талаптардың белден басылғанын анықтады. Атап айтқанда, Зеленов ауданының Январцево ауылдық округі аумағында 816 текше метр көлемінде улы өнеркәсіптік қалдықтар ашық жерде жиналмай қалған. Бұл белгіленген тәртіпке сәйкес жинастырылмаған табиғатқа қауіп төндіретін ұсақ рудалар деуге болады. Өндірістік қалдықтар арнайы көметін жерге жеткізілмеген. Қысқасы, экологиялық алаяқтар ойларына не келсе, соны істеп, қоршаған ортаға едәуір зиян келтірген. Оның мөлшері 119,3 миллион теңге құрайды. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының талабына сәйкес экология департаменті анықтаған зиян мөлшері осындай.
Дәл жоғарыдағыдай көріністер аталған ауданның Дарьинск және Рубежка ауылдары маңайында да орын алғаны белгілі болып отыр. Ашық жерде қалған бұрғылау шламдары мал мен жанға қоса өсімдіктер дүниесіне де қауіпті. Өйткені, ол буланған жағдайда табиғи тепе-теңдік бұзылады. Зиянды заттар жерге сіңіп кетсе тағы да қатер әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан да, улы қалдық жерге сіңбей тұрғанда арнайы қойма мен базаға жеткізіліп, залалсыздандырылуы керек, дейді эколог мамандар. Өкінішке қарай, мұның бір де бірі істелмеген. Бұл тұрғыдағы экологиялық талаптар сақталмаған.
Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экологиялық талаптарды бұзу дерегі бойынша, Қылмыстық кодекстің 278-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бүгінгі күні бұған тікелей кінәлі экологиялық алаяқтардың есімдері анықталуда. Осыған орай, бұрғылау қызметі саласындағы субъектілердің теріс іс-әрекеттері жан-жақты тексерілуде. Бұлай болатын себебі, қазіргі уақытта облыс аумағында заңсыз өнеркәсіптік қалдықтардың ашық-шашық қалуы жүйелі сипат алып отыр.
– Бұл жөнінде баспасөзге жазудың өзі де аздық етеді. Мұндай өрескел экологиялық алаяқтық көріністер жөнінде бар дауыспен дабыл қағу керек, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысының прокуроры Серік Қараманов.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.