Спорт • 20 Маусым, 2019

Төрт дзюдошымыз үздіктер санатында

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дзюдошылардың әлемдік рейтингінде Қазақстанның төрт бірдей балуаны үздік ондықтың қатарынан еніп отыр. Олар – аса жеңіл салмақтағы Елдос Сметов пен Отгонцэцэг Галбадрах және Ерлан Серікжанов (66 кило) пен Ислам Бозбаев (90 кило).

Төрт дзюдошымыз үздіктер санатында

Бұл жайтқа біз бекер назар аударып отырған жоқпыз. Төрт жылда бір өтетін Олимпия ойындарына қатысатын дзюдошылар дәл осы рейтингі арқылы анықталады. Тарқатып айтсақ, әр салмақтың 18 үздігі Олимпиада жолдамасына бірден иелік етеді. Одан кейін құрлықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында қосымша 100 жолдама таратылады. Олар дзюдо күресінің дамуына көңіл бөліп жатқан жер жаһандағы әр мемлекеттің өкілдеріне беріледі. Ерлер мен әйелдерді қоса алғанда ғаламдық додада барлығы 352 татами шебері бақ сынайды. Ал егер бір мемлекеттің бірнеше өкілі үздіктер қатарынан көрінген жағдайда, жолдама рейтингте ең жоғары орынды иеленген балуанға бұйырады.

Қазақстанның ерлер құрамасы мүшелері арасынан ең жоғары орында ел мақтанышы Елдос Сметов тұр. 60 кило салмақта күш сынасып жүрген Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы қазіргі кезде алтыншы орынды иеленуде. Былтыр Бакуде өткен дүниежүзілік додада 66 кило салмақ дәрежесінде белдесіп, күміс медальді мойнына ілген Ерлан Серікжанов жетінші сатыға жайғасты. Құрлықтың деңгейдегі ресми жарыстарда сан мәрте жеңіс тұғырына көтерліген 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев 10 орынға табан тіреді. Сонымен қатар, тағы төрт қандасымыз «ТОП-20» балуанның қатарында. Ғұсман Қырғызбаев (60 кило) пен Елдос Жұмақанов (66 кило) 12 орындарды еншілесе, Дидар Хамза (81 кило) – 16 және Жансай Смағұлов (73 кило) – 19 сатыларға тұрақтады.

Біздің ең олқы соғып тұрған тұсымыз – алыптарымыздың әлсіздігі. Мәселен, +100 кило салмақ дәрежелерінде айқасатын Ерасыл Қажыбаев қазіргі кезде небары 33 орынды, ал 100 кило салмақтағы Айбек Серікбаев пен Виктор Демьяненко 61 және 64 орындарды қанағат тұтуда. Егер алдағы уақытта олар қарқындарын күрт күшейтпесе, Олимпиада дуынан шет қалулары әбден мүмкін.

Әйелдер арасында жалғыз ғана Отгонцэцэг Галбадрах «ТОП-10» дзюдошының қатарына енуде. 48 кило салмақтағы қайсар қыз тоғызыншы орынды олжалауда. Ал өзге аруларымыздың қарқыны тым баяу.

Осыдан шамамен бір ай бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде «Грузиндердің даңқы дүркіреп тұр» деген мақала жарыққа шыққан еді. Сол мақаламызда түрлі мемлекеттің туы астында өнер көрсетіп жүрген айтулы ұлттың бес бірдей өкілі әлемдік рейтингте көш бастап тұрғанын тамсана жаздық. Қазір де олар өз тұғырларынан тайған жоқ. Атап айтсақ, Грузия ұлттық құрамасының мүшелері Важа Маргвелашвили (66 кило), Варлам Липартелиани (100 кило) және Гурам Тушишвили (+100 кило) өз салмақ дәрежелерінде теңдессіз деп танылуда. Сондай-ақ, ресейлік Роберт Мшвидобадзе (60 кило) мен испаниялық Николаз Шеразадишвили (90 кило) де шашаларына шаң жұқтырмай келеді. Қалған екі салмақта әзірбайжандық Рустам Оруджев (73 кило) пен ирандық Саид Моллаейдің (81 кило) мерейі үстем.  

Бүгінгі таңда ерлердің әлемдік рейтингінде Ресей мен Жапония құрама командалары мүшелерінің қарасы мол. Ресейліктердің  – 9, жапондардың – 8 жігіті «ТОП-10» дзюдошы санатында. Моңғолияның – 6, Грузия мен Израильдің – 5, Бразилия мен Оңтүстік Кореяның – 4, Қазақстан, Әзірбайжан және Голландияның – 3 өрені мықтылар тізіміне қосылды. Ал әйелдер арасында Жапонияның – 3, Францияның – 2 және Бразилия мен Кубаның – 1 балуаны әлемдік рейтингте көш басында келеді.