Тарих • 20 Маусым, 2019

Мұстафа Шоқай мен Нәжіп Фазылға арналған халықаралық симпозиум басталды

732 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «Жастар жылына» орай түркі дүниесін зияландырғандар: «Мұстафа Шоқай – Нәжіп Фазыл» атты YI халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Жас ұрпақты түбі бір түркі халықтарының тұтастығын ту еткен тәлімді тұлғалардың ғибратты ғұмырынан тағылым алуға үндейтін айтулы шараны Халықаралық Түркі академиясы мен Шет Тілдер және Іскерлік карьера университеті бірлесе ұйымдастырып отыр.

Мұстафа Шоқай мен Нәжіп Фазылға арналған халықаралық симпозиум басталды

Өмірі өнегеге айналған қайраткер Мұстафа Шоқай мен танымал түрік ақыны Нәжіп Фазыл Қысакүректі үндестіретін ортақ мұрат – түркі халықтарының бірлігі. Ұйымдастырушылар басқосудың басты мақсаты Мұстафа мен Нәжіптің  қайраткерлік жолын  кейінгіге үлгі ете отырып, тамырлас жұрттардың ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастығын арттыру екенін айтады. Конференция жұмысына Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан секілді  бауырлас мемлекеттерден келген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Мұстафа Шоқай ұлы Түркістан идеясын ту еткен болса, Нәжіп Фазыл ұлы Шығыс идеясының кеңге қанат жаюын көкседі. Екеуі де азаттық идеясына, ояну идеясына шақырды. Сол жолда жан сала күресті. Олардың тағы бір ұқсастығы екеуі де руханияттың  жоғын жоқтап,  мәдениет пен ғылымды өрістетуді  мұрат тұтты.  Мәрия Шоқайдың естелігінен Мұстафа француз, ағылшын, орыс, түрік тілдеріндегі Құран кітабын салыстыра оқып, үнемі ізденіс үстінде жүргені, әсіресе исламға күйе жағылып жатқан тұста араша болып мақала жазғаны мәлім. Дін мен ділдің, тіл мен дәстүрдің, таным мен тағылымның тереңге тамыр жаюын мәңгілік мұратына балаған толағай тұлғаның баға жетпес мұрасы әлі де толық ашылған жоқ. Әлі де зерттеуді қажет етеді»,- деп – аталған симпозиум жас ғалымдарды осы мақсатта жұмылдыратынын жеткізді.  Шоқайтанушы ғалым өз сөзінде, Мұстафадай қайраткердің түркияның азаттық алуына да сүбелі үлес қосқанын тілге тиек етті.

Үш күнге жоспарланған симпозиум жұмысы «Мұстафа Шоқай: Ұлы түркістан идеясы және атқарған еңбектері», «Нәжіп Фазыл Қысакүрек және Ұлы Шығыс идеясы», «Мұстафа Шоқай: Өлеңдері, шығармалары және Жас Түркістан газеті», «Мұстафа Шоқай туралы жазылғандар және ғылыми жұмыстар» тақырыптарындағы жекелеген сексияларда жалғасты.

 – Кешегі Мұстафа мен Нәжіптің асыл арманы ақиқатқа айналғанын көріп отырмыз. Әрқайсысы өз алдына тәуелсіз мемлекет атанған бауырлас елдердің жан-жақты ынтымақтастық қарым-қатынастары жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Соның бір дәлелі Түркия мен Қазақстанды тығыз байланыстыратын біздің университетіміз. Бізді қолдаған Халықаралық түркі академиясына және алыс-жақыннан келген зерттеушілерге алғысымызды білдіреміз, – дейді Шет Тілдер және Іскерлік карьера университетінің ректоры, профессор Сабри Хизметли.

Бұдан бөлек Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік унтверситеті, Мұстафа Шоқай ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкір, Қырғызстандағы Махмұт Қашғари Шығыс университетінің ректоры Алмаз Ибраев,  Сивас Жұмхуриет университетінің ректоры Әлім Йылдыз, Шет Тілдер және Іскерлік карьера университетінің Президенті түркиялық профессор Әли Өзек  тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды.

Симпозиумда оқылған баяндамалар негізінде ғылыми жинақ әзірленіп, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталатын болады.