Саясат • 21 Маусым, 2019

Меритократия қағидаты кадрлық резерв қалыптастыруға жол ашады

3726 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мемлекеттік қызметкерлердің жаңа буынын қалыптасыру мақсатында «Президенттік кадрлық резерв» жасақталатынын айтты.

Меритократия қағидаты кадрлық резерв қалыптастыруға жол ашады

Бүгінде Президент жүктеген міндетке сай басқарудың барлық деңгейлеріндегі мемлекеттік қызметшілердің оңтайлы санын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни, мемлекеттік қызметте тек кәсіби мамандардың қалуы көзделуде. Сонымен бірге «қызмет үшін – адам» қағидаты емес, «адам үшін – қызмет» қағидатына негізделген сервистік мемлекет құруға көшу жоспарлануда. Қазірдің өзінде атқарылған жұмыстар аз емес, алға қойған міндеттер айқын.

Біздің есебіміз бойынша Алматы облысында 7500-ге жуық мем­­ле­кеттік қызметші еңбек етеді. Оның 50 пайызы әйелдер. Осы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 39,3 шамасында. 6800 мемлекеттік қызметшінің жоғары білімі бар. 1256 қызметші бірнеше жоғары білім дипломы, 241 қызметшінің магистрлік дәрежесі бар. Яғни, аймақта мем­ле­кеттік қызметшілерді үздіксіз оқыту, біліктілігін арттыру жұ­мыс­тары тиімді бағытта іске асырылуда. Мысалы, өткен жылы ғана өңірдегі 2876 қызметкер Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен филиалында қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курстарынан өтті.

Кадрлық резерв жасақтау мен мемлекеттік қызметке қабылдау барысында меритократия қағи­датын ұстанудың ықпалы зор. Мерито­кратия дегеніміз – әлеу­меттік шығу тегіне және қаржылық ауқат­тылығына тәуелсіз, басқарушы лауа­зым­дарды ең қабілетті адам­дардың иеленуін ортаға қоятын басқару қағидасы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы заңында «меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілет­тері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету» деп көрсетілген. Соңғы 2 жылдағы статистикаға сүйенсек, өңірдегі 73 пайыздан астам мемлекеттік қызметші ішкі конкурстар нәтижесінде жоғары лауазымдарға тағайындалған. Бұл салыстырмалы түрде өте жоғары көрсеткіш.

Жалпы, әлемдегі кез келген жұмыс беруші, мейлі ол алпауыт корпорация болсын, мейлі ол шағын бизнес өкілі болсын немесе мемлекеттік құрылым болсын қызметке қабылдау кезінде дарынды, көзі ашық, білімді, озық ойлы азаматқа басымдық беретіні сөзсіз. Яғни, бұл ең алдымен бәсекеге қабілеттілік дегенді білдіреді. Біздің де ел өңірлерінде бәсекеге қабілетті жастар көп екеніне сенімдімін. Осындай жастарды қабілеттеріне және жетістіктеріне, яғни тек меритократия жолымен өсіру қажет деп есептеймін. Сарапшылардың айтуынша, әлемде алдағы 10-15 жылда бүгінгі күні қажетті деп саналатын 60-қа жуық мамандық мүлдем болмайды. Осы заңдылық адам бойындағы тағы бір қасиет – өзгерістерге бейімделе алу құзыретін жетілдіруді талап етеді.

Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, үш кезеңнен тұратын тиімді іріктеу жүйесіне көштік. Яғни, кандидат ең алдымен заңнамаларды білу бойынша бағаланады, одан кейін жеке құзыреттіліктері анықталады, осылардан өтсе, әңгімелесуден өтеді. Конкурстық іріктеу де тиімділігін көрсетуде. Қолданыстағы заңна­ма­ларға сәйкес, конкурстар ішкі және жалпы конкурстан тұрады. Ішкі конкурстарға тек қатардағы, яғни қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің ғана қатысуға құқығы бар. Ал жалпы конкурстарға заңмен белгіленген талаптарына сай келсе, кез келген азамат қатысып, үміткер бола алады. Құзыреттіліктер моде­ліне сәйкес кез келген мем­лекеттік қызметшінің бойында негізгі құзыреттер болуы керек. Оларға парасаттылық, жауаптылық, тұ­ты­нушыға бағдарлану, баста­ма­шылық, стреске төзімділік жатады. Әрі қарай қызмет бабымен ілгерілеген сайын өзін өзі дамыту, жеделділік, қызметті басқару, шешім қабылдау, стратегиялық ойлау, өзгерістерді басқару деген сияқты құзыреттіліктер талап етіледі.

Біздің басты міндетіміздің бірі – халық үшін қызмет ету екені белгілі. Ал халыққа қызмет ететін мем­лекеттік қызметшілердің ішін­де жастардың орны ерекше. Себебі бүгінгі жастардың басым көп­ші­лі­гі­нің мақсатшыл, позитивті, ойлау қабілеттері ұшқыр. Біздің облыста мемлекеттік қызметтегі 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 25 пайызды құрайды. Олардың арасында 126 жас маман басшы лауазымдарында еңбек етуде. Ал ауылдық елді мекендерде 488 жас қызметші бар. Өткен жылы конкурстар нәтижесінде іріктелген 1082 азаматтың 57 пайызын да жастар құрады.

 

Серікбай НҰРҒИСАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы