Еліміз бойынша барлығы 169 тестілеу пункті жұмыс істейді. Елордадағы жоғары оқу орнына ат басын бұрған ведомство басшысы: «Биылғы ҰБТ-ны бастайтын бірінші лекке сәттілік тілеп келіп отырмын. Мен 10 жыл бойы тестілеу өткізу рәсіміне қатыстым. Байқасақ, балалар жылдан-жылға байсалды болып келеді. Биыл тексерістен өткізу барысынан бастап бақыладым, сонда олардың салмақты, көңілді болды. Бұл – ҰБТ өткізуді жетілдіруге бағытталған 4 реттік тапсыру мүмкіндігінің нәтижесі. Үміткер санасындағы бір емес, бірнеше мүмкіндіктің барына деген сенімділік психологиялық жай-күйін реттеуге ықпал ететіні сөзсіз», деді.
Оның айтуынша, биыл бітірген барлық 134 мың мектеп түлегінің 115 мыңы қаңтар, наурыз айларында өткізілген ҰБТ-да бақ сынады. Олардың алған сертификаты еліміздегі ЖОО-лардың ақылы оқу бөліміне түсуге де мүмкіндік береді.
Еліміздің бас педагогы: «Бұл – үлкен емтихан. Сондықтан қобалжымай, асықпай, мектепте 11 жыл бойы үйренгендеріңізді ойлап, ешқандай тыйым салынған заттарды пайдаланбай, шын білімді көрсетіп, абыроймен алып шығады деп сенемін. Биік шыңдарды бағындырып, еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін!» деді талапкерлерге.
Айта кетейік, маусымдағы ҰБТ-да шекті балл жинай алмағандар тамыз айындағы тестілеуге қатыса алады, бірақ бұл мүмкіндік сертификатты жөндеп алуға ғана берілген. Ондағы нәтижемен, мейлі ол маусымдағы қорытындыдан екі-үш есе жоғары болсын, тек ақылы негіздегі оқуға түсе алады.
А.Аймағамбетов биыл мемлекет бакалавриатқа 53 758, магистратураға 13 000, докторантураға 2312 грант бөлінгенін айтты. Біз газетіміздің өткен санында бакалавриатқа 51 мыңнан аса грант бөлінгенін жазғанбыз. Оған медицина мамандықтарындағы орын санының әлі қосылмағанын естеріңізге саламыз. Болашақ дәрігерлерге мемлекеттік білім беру гранттарын кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі белгілейді.
«Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысады», деген сөз бар қазақта. Бүгінгі қоғам арасында, әсіресе ата-аналар үшін ҰБТ білім бәйгесі сынды. Дина Бердібекқызының баласы астанамыздағы №54 мектепті бітірген. ҰБТ-дан баласының жақсы нәтижеге қол жеткізуін күтетінін айтқан ана: «Баламның білімге деген құштарлығы жоғары. Кішкентай кезінен білім сайыстарына қатысып, мақтау қағаздарымен марапатталып келеді. Баламнан үлкен үміт күтемін, тестілеуден жақсы нәтиже көрсетуін қалаймын. Бастысы, егемен Қазақстанымыздың дамуына үлесін қосатын азамат болса екен деймін. Балам ҰБТ-ға ерекше ден қойып дайындалды. Ол ағылшын, қытай тілдерінен қосымша курстарға да қатысты», дейді. Оның айтуынша, баласы актер мамандығын, яғни өнер саласын таңдап отыр. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі рөлдерді сомдаған көрінеді. Ата-ана баласының басқа салаға бет бұрғанын қалағанымен, перзентінің қалаған мамандығын өзі таңдауына ерік беріпті. Өйткені әркім ертеңгі өміріне өзі жауапты болуы керек.
Ал болашақта заңгер болуды қалайтын Оралбай Жанат 11-сыныпқа көшкелі бері ҰБТ-ға тұрақты түрде дайындалғанын айтады. Барлық білім қорын жинақтап, тестілеуге келіпті. Сондықтан ең жоғары 140 балл алудан үмітті. «Өзіме сеніп келдім. 11 жыл жинаған білімімнің нәтижесін бүгін білемін. Келешекте құқық қорғау саласында қызмет еткім келеді. Барлық үміткерлерге сәттілік тілеймін!», дейді Оралбай.