Медицина • 21 Маусым, 2019

«Денсаулық» пойызы Ақмола өңіріне келді

514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Денсаулық» пойызы Ақмола облысы Елтай бекетіне келіп тоқтады. 19 маусым күні он бір адамнан жасақталған дәрігерлер бригадасы ауыл тұрғындарының денсаулығын тексеріп, кеңес берді.

«Денсаулық» пойызы Ақмола өңіріне келді

«Медициналық пойыздар» жобасы өз жұмысын 29 сәуірде бастады. Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының шалғай бекеттері тұрғындарына қызмет көрсеткен пойыз Ақмола өңіріне тұрақтады.

Кең ауқымды әлеуметтік жоба 2010 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ  және Денсаулық сақтау министрлігімен, 2016 жылдан бері «Samruk-Kazyna Trust» қорымен жүзеге асырылады.

Биыл пойыз Қазақстанның 49 шалғай бекетінің жеті мыңнан астам тұрғынына тегін медициналық көмек көрсетті. Оның ішінде 1465 бүлдіршін дәрігер қабылдауында болды, 623 кіші хирургиялық ота, 283 фиброэзофагогастродуоденоскопия (ФГДС) процедурасы мен 2416 ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасалды.

Пойыз сапалы әрі жедел диагностика жасауға мүмкіндік беретін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Пойызға тоғыз вагон тіркелген, оның төртеуі пациенттерді қабылдауға арналған.

Әлеуметтік жобаның ауқымы осы жылы кеңейген. Бұл жайында «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Әсел Шілдебаева:

– Өткен  жылы 124 шалғай бекетте тұратын 40 000-нан астам тұрғын тексерілді. Биылғы жылы біз баратын облыстардың санын арттырдық. Егер бір жыл бұрын пойыз 9 облыстың ғана тұрғындарын тексерсе, онда биылғы маусымда дәрігерлер бригадасы 21 желтоқсанға дейін жолда болып, Қазақстанның 14 облысының 195 бекетін қамтитын болады. 60 000-нан астам адамды қамту жоспарланған, – деді.

Жоба үшін 14 медициналық бригада жасақталған. Әр облысқа барған сайын, дәрігерлер ауысып отырады. Биыл мамандар құрамына С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессорлары қосылған. Дәрігерлер станция тұрғындары ауруларын ертерек анықтап, емделуге бағыт-бағдар береді. Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары емделушілерінің арасынан онкологиялық аурулар, қант диабеті мен гепатит көп анықталған.

Елтай станциясының тұрғыны, зейнеттегі көпбалалы ана Қуаныш Гүлзат пойыздың ауылға келіп тоқтағанына ризалығын білдірді, ауылда кейбір мамандардың жоқтығы қиындық туғызатынын айтты.

«Денсаулық» пойызы 26 маусымға дейін Ақмола облысында болады. Одан әрі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарына жол тартады. Қазақстанның батыс аймақтарына да тегін қызмет көрсетіп, өз жұмысын Жамбыл облысында аяқтайды. Пойыздың жүріп өтетін жалпы жолы 19 мың шақырымнан асады.


 Әсем ТАҢАТАР,

ЕҰУ-дың журналистика факультеті студенті