Қазақстан • 24 Маусым, 2019

Бедерлі белес биігі: кемеңгерліктің 30 жылы

1047 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Жан-жақты жаңғырулар көшін түзеген тәуелсіз еліміздегі іргелі өзгерістерді бүгінде әлем жұртшылығы мойындап үлгерген. Тарих толқынында талай қилы кезеңдерді басынан өткерсе де, кемел келешекке керуен тартқан жас мемлекеттің жарқын жетістіктерінің бастауында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар. Азаттықтың алтын бесігіне баланған Алматыда мемлекет дамуын биік межеге жеткізген қайраткер тұлғаның саяси көшбасшылық құбылысын зерттеуге арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен алқалы басқосуға әлем елдерінен келген сарабдал сарапшылар мен егемендіктің елең-алаңында Елбасымен қоян-қолтық жұмыс істеген зиялы қауым өкілдері жиналды.

Бедерлі белес биігі: кемеңгерліктің 30 жылы

Халықаралық маңызы бар жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылда Қазақстанның экономика мен сая­сат, мәдениет пен білім саласында жеткен жетістіктеріне жекелей тоқталды. Пре­зидент осынау жылдар ішінде Қазақ­стан биік белестерге көтеріліп, елдегі экономикалық бағдарламалар өз жемісін бергенін, ішкі жалпы өнім көлемі он есеге ұлғайғанын, Қазақстанның тарихы, шын мәнінде, мемлекетіміздің негізін қалаушы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылық тарихы екенін атап өтті.

 – Бұл жай ғана мерейтойлық дата емес, «қазақстандық даму» жолын анық­таған ел тарихындағы аса маңызды кезең болды. Қазіргі заман дамуының қар­қыны мүлде өзгеше. Бәсекеге толы заманда өмір сүріп келеміз. Бәрімізге Ел­ба­сының айқындап берген адал болу, ел игілігіне еңбек етуді басты мақсат деп түсіну қағидасынан сабақ алу қажет, – деді конференцияны ашқан Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Елба­сының басшылығымен посткеңес­тік кеңістікте ең табысты мем­лекеттік құрылыс жобасы жүзеге асы­рылғанын шетелдік сарапшылардың мойындай­ты­нын айтты. Баяндамада айтылған­дай, инф­ляцияның шарықтаған, кәсіпорын­дардың жұмысы тұралаған, тауар­лар­дың жаппай тапшылығы күшей­ген кездегі посткеңестік экономи­каның қиранды­сы­ның орнына әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына қосылған қуатты мемлекет құрылды.

Мемлекет басшысы қазіргі халық­аралық қатынастардың негізгі факторларына айналған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезі, Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Еуразия­лық экономикалық одақтың құрылуы сияқты Елбасының сыртқы саясаттағы бастамаларына жан-жақты тоқталды.

– Қазақстан орасан зор ядролық қару­дан өз еркімен бас тартып, Жер бетіндегі ірі ядролық полигондардың бірін жапты. Елбасы әлемдік дипломатия тарихына жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде енді. Тұңғыш Президент қана Қазақстанның астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әзір­ге осы мыңжылдықтағы алғашқы әрі жал­ғыз саммитін өткізіп, Еуразиялық қауіп­сіздік декларациясын қабылдады. Елбасы әлемнің ең биік мінберлерінен халық­аралық қатынастарды түбегейлі рефо­р­малауға бағытталған ұсыныстарын жеткізді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз со­ңында Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті саналы ғұмырын хал­қына қызмет етуге арнаған елі­нің адал перзенті әрі жаһандық дең­гей­дегі саясаткер екенін атап өтті.

 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең жоғары лауазымындағы қыз­метіне баға бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан қандай қиындықтарды басынан кешіргенін еске алды. Кеңес өкіметі ыдырағаннан ке­йін барлық ауыртпалығымен жеке-дара қалған Қазақ елін бедер­лі жылдар белесіндегі биік та­­быс­тарға жеткізу оңай бол­м­аға­­нын, ең әуелі ішкі эконо­ми­ка­л­ық жағ­дайларды қолға алып, әлеу­меттің әлеуетін көтеруге ден қой­­ғанын айтты.

– Бүгінгі басқосуда бар­ша­ңызды, әсіресе, ескі, таныс достарымды, әріптестерімді көргеніме қуаныштымын. Естен кетпес 1989 жыл уақыт өткен сайын алыстап барады. Сол кезде сіздер мені Қазақстан Коммунистік партиясы Ор­талық комитетінің бірінші хатшысы лауазымына сайлап едіңіздер. Өздеріңіз көп жыл бойы куә болған ел мүддесі жо­лын­дағы қызметім дәл сол күні басталған болатын. Біз тәуел­сіз Қазақстанның ір­гесін бір­ге қаладық. Егемен елі­міз­дің жаңа тарихын жазуды бірге бас­та­дық. Мен осы жиында жас­тарды да көріп отырғаныма қуа­ныш­тымын. Біз 30 жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жұмыс істеп, халқымызға қызмет еттік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Сондай-ақ Елбасы қоңсылас жатқан мемлекеттер мен шетел басшылары арасында диалог орнатып, өндіріс орындарын жаңа заман сұранысына қа­рай өркендеткенін, елдегі сая­си-экономикалық реформалар сәтімен іске асып, соның ар­қа­сын­да жүйелі жұмыстар атқа­рыл­ғанын жеткізді.

 – Сол кездегі беделді басшылар Горбачев пен Ельцин 1990-жылдардың басында маған КСРО Премьер-министрі болуды ұсынған болатын. Егер мен Кеңестер Одағы Үкіметінің басшылығына келген жағдайда қалай болар еді деген сұрақтар әлі күнге дейін талқыланып жүр, бірақ бұл маңызды емес. Сол кезде мен өмірімдегі ең ма­ңыз­ды шешімді қабылдадым. Сол уақыттан бастап менің бас­­ты міндетім – туған Қазақ­станым­ның тағдыры болды. Сол жылдары саясаткер ретін­де стратегиялық ойлаудың маңы­зын алғаш рет түсіндім. Осы алмағайып заманда кемемді қай жағалауға жеткізсем деген үлкен таңдау алдында тұрдым. Қазір сол қиындықтарды қалай шешкенімді айтсам деп отырмын. 1990-жылдары мен және Қазақстан қандай сынақтармен бетпе-бет келді? Біріншіден, эко­но­миканың тоқырауы. Эко­но­ми­калық байланыстардың үзілуі, гиперинфляция, бюд­жет­тік тапшылық болды. Халық­тың табысы төмендеді, жаппай жұмыссыздық орын алды. Қазақ­стандағы 130 кәсіпорын өз жұ­мысын тоқтатты. 90-жылдары ІЖӨ 60 пайызға төмендеп, өнер­кәсіп 28 пайызға қысқарды. Біз­ге қысқа уақыт ішінде іс-әре­кет жоспарын құруға тура кел­ді. Нарықтық экономиканы құра бастадық. Қазақстан тез әрі тиім­ді реформа жүргізді деген па­йымды жиі естідік. Біз өте үлкен жұмыс атқардық, – деп атап өтті Елбасы.

Осы жылдар ішінде қол жет­кізген жетістіктердің бар­лығы табанды еңбектің нәти­жесінде келді. Сондықтан егемендігімізді тұғырдан тайдырып алудан асқан қасірет жоқ екенін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев, ел жастарын тәуел­сіздік дейтін қастерлі ұғымның қасиетін тереңнен зерделеуге шақырды.

– Осы орайда мен «Қазақ­стан-2050» Стратегиясындағы сөзімді қайталап айтсам дей­мін. Алдағы сынақтардан сүрін­бей өту біздің өзімізге, бекем бірлігімізге байланысты. Ауыз­біршілік пен тұрақтылық бол­ғанда ғана еліміз өсіп-өркендей алады. Қазақ халқы бірліктің арқасында жауларын жеңіп, елі мен жерін сақтап қалған. Қазақты бағындырып, бодан ету үшін хандығын тартып алып, жүзге, руға бөлінуін айлакерлікпен пайдаланған. Қазір де біздің еліміздің табыстарын көре ал­майтын, байлығымызға қы­зы­ғатындар аз емес. Оны еш­қашан ұмытпауымыз қажет. Олар ішімізге іріткі салу үшін қолжаулық болатындарды, жетекке еретіндерді іздейді. Өкінішке қарай, ондайларды табады. Бұл – баяғы «бөліп ал да, билей бер» дейтін жымысқы саясат. Бізге төнетін ең үлкен қауіп осы. Тәуелсіздіктің қан­дай қиыншылықпен келгенін зерт­темейтін, білмейтін жас­тар бүгінгі еркін күнінен, азат Отанынан айырылып қала­тынын түсіне бермейді. Мем­лекет бұған жол бермеуі қа­жет. Бүкіл халық болып бір­лікті, тыныштықты қолдау керек. Қазақ дәл бүгінгідей өмірді ешқашан көрген жоқ. Айы­ры­лып қалмайық. Менің еліме айтатын негізгі өсиетім осы. Ұлы Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» дегені де осы болар. Ұмытпайық. Халық пен Пре­зидент әрдайым бірге. Біз бар­лық жетістікке ынтымақтың арқа­сында қол жеткіздік. Ішкі қарама-қайшылыққа тап болған елдер ілгері емес, кейін кетіп, әлемдік дамудың көшінен қалып қойды. Ата-бабамыз: «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп бекер айтпаған. Осылайша, олар Отанды сүюге, елді береке-бірлікте болуға шақырды. Мен алдыңғы толқын  аға буынға сөзімді арнаймын! Сіздер пайым-парасаттарыңыз бен көрегендіктеріңізге сүйеніп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берулеріңіз керек. Олар Отанды сүюдің, мемлекетті нығайтудың, тәуелсіздікті қорғаудың және жарқын болашақ үшін жұмыс істеудің маңыздылығын жете түсінуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Конференция жұмысына қаты­сушылар саяси көшбас­шы­­лық феноменіне байланыс­ты саяси, тарихи, экономикалық, құқық­тық және басқа да аспек­тілер­ді бір­неше тақырыпқа бө­ліп «Қазақ­стан Республикасы­ның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасуына қосқан үлесі», «Елбасының тарихи миссиясы», «Елбасының жаһандық және аймақтық бастамалары», «Саяси көшбасшылық феномені: тарих, ерекшеліктері, өзгешелігі» ба­ғыттары бойынша өз ойларын ортаға салды. Елбасымен үзең­­гілес бол­ған әріп­тестері оның ішкі сая­си тұрақ­тылық пен тыныш­тық­ты әркез бірінші ке­­зе­кке қойып, қыс­паққа алған қаржы дағ­дарыс­­тары кезінде де елді елең-алаң­­нан аман алып шыққанын тебірене баяндады.

– Осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын дәл осы сарайда тарихи оқиға болды – Қазақстан бас­шысы ауысты. Қазақстан Ком­мунистік партиясы Орталық ко­ми­тетінің бірінші хатшысы бо­лып Нұрсұлтан Назарбаев сай­ланды. Осылайша Қазақстан тари­хында тарихи кезең бас­талды. Ел басшылығына келген Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің жа­ңа­шыл көзқарасымен, адами қа­сиет­терімен тез арада көпұлтты Қаза­қ­стан халқының сүйікті бас­шы­сына айналды, елдің сені­міне бөленді. Парасат-пайымы­мен, білім-білігімен іргелі істер­дің іске асуына мұрындық болды. Сондықтан еліміздің эко­но­­ми­калық, қоғамдық-саяси, і­шкі-сыртқы саясат, мә­дени-ру­хани саласындағы жетіс­тік­тердің барлығы Назар­баев атқарған істер жылнамасында жазылады. Мұндай кемеңгер тұл­ғамен тізе қосып жұмыс іс­теу бақыты бұйырғанына зор қу­аныштымын, – деді конфе­ренцияда алғашқылардың бірі болып сөз алған «Жаңару» жем­қорлыққа қарсы жалпыұлт­тық қозғалысының жетекшісі, Де­мократиялық күштердің жал­­­пы­ұлттық коалициясының мү­шесі Оралбай Әбдікәрімов.

Халықаралық конферен­ция­ның пленарлық отырысына Ресей Ғылым академиясы Жалпы тарих институтының директоры Михаил Липкин, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Шанхай қоғамдық ғылым академиясының Ресей және Орталық Азияны зер­т­теу орталығының директоры Давэй Пан, Өзбекстан Пре­зи­­ден­ті жанындағы Стратегия­лар және аймақаралық зерттеу­лер институтының дирек­торы Элдор Тахиров, Қыр­ғыз Рес­публикасының экс-Мем­ле­кеттік хатшысы Осмонакун Иб­раимов, америкалық саясаттанушы және журналист Ариэль Коэн, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты, Әзербайжан Мемлекеттік бас­қару академиясының жанын­дағы Саяси зерттеулер инс­титутының директоры Эльман Насиров, «Валдай» халық­ара­лық пікірталас клубының бағ­­дар­­ламалық директоры, Ресей СІМ Мәскеу мем­лекет­тік халық­аралық қаты­настар инс­титу­ты­ның (МГИМО) халық­аралық зерттеу­лер инс­титутының ди­рек­­торы Анд­рей Сушенцов, мем­лекет және қо­ғам қайраткері Равиль Шыр­да­баев қатысты.

– Әлемдік саясат сахнасында Назарбаевтың стратегиялық бағдарлау қабілетін, өз мемле­кетінің мүддесін бірінші орынға қоя отырып, халықаралық аренада оны сауатты қорғай білу қасиетін ерекше бағалап, құр­меттейміз. Назарбаев – халық­аралық жағдай­ларды терең­нен сезінетін тұлға. Оның пар­­тия бас­шысынан жалпыұлт­тық лидер болып қалып­тасуы 1990-жылдардың басын­дағы «дауыл мен қысым» уақы­тында өтті. Ол Қазақстанды ішкі саяси дамуымен қатар сырт­қы саясат дамуында да алға шы­ғара алды. Кеңестік өмір тәжі­ри­бесі мен заманауи дамудың бола­шағы бар басымдықтарын жете сезі­не алу үйлесімділігі Нұр­сұлтан Назарбаевтың бірегей сая­си стилін айшықтайды, – деп атап өтті Ресей Ғылым академия­­сы Жалпы тарих институтының дирек­торы, РҒА профессоры Михаил Липкин.

Ал Әзербайжан Республи­касы Милли Меджлисінің депутаты, Әзербайжан Мемлекеттік бас­қару академиясы жанын­дағы Сая­си зерттеулер инсти­туты­ның дирек­торы Эльман Насиров:

– Қазақ­стан Нұрсұл­тан Әбішұлының басшылығы­мен әлемде жоғары беделі бар қуатты мемлекетке айналды. Оның жарқын көрсеткіші – осы елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ретінде төрағалық етуі. Нұрсұлтан Назарбаев көп­теген табысты жобаларға бас­та­ма­шы болу арқылы өңірлік мә­се­лелерде ерекше рөл атқаруда, сон­дай-ақ ол тек біздің өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде де бей­бітшілікті нығайтуға ауқым­ды үлесін қосуда. Оның Сирия­да бейбітшілік орнату мен қа­тер­лерді азайтуға арналған бітім­гер­шілік ұстанымы әлем­дік қо­ғам­дастық тарапынан жо­ға­ры бағасын алды. Ең басты­сы, ол ұзақ жылдарға созыл­ған шие­леністің түйінін шешті. Нұр­сұл­тан Назарбаев – күллі түркі әлеміне ортақ тұлға. Оның ар­қасында түркі тілдес елдер­дің қарым-қатынасы жаңа си­пат­қа ие болды. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ын­ты­мақ­тастық нығайды. Ол түбі бір түркі халықтарының бір­лігін ту етіп, ынтымағын бекем­деуге ай­ту­лы үлес қосты, – деп Ел­ба­сы­ның саясаттың мақ­­сат-мұ­ра­тын жүрекпен ұқ­қан, тілек­пен түй­­сінген тұлға екенін баса айтты.

Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей және Ор­та­лық Азияны зерттеу орталы­ғы­ның директоры Давэй Пан «Елба­сының Қазақстанды 30 жыл басқаруы: Қытайдан көз­қарас» атты баяндамасында Нұр­сұлтан Назарбаевтың аумақ­тық ынтымақтастық пен қауіпсіз­дік ісіне қосқан үлесіне баса назар аударды.

– 1992 жылы БҰҰ Бас Ассам­блеясының 47-сессия­сында Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру туралы идея ұсынды. Бұл Кеңес ынтымақтастықты таныту, үн­қатысу мен серіктестіктің не­гізінде Азия мен әлемде бей­бітшілік пен тұрақтылықты ны­ғайтуға бірлесе күш-жіге­рін жұмсаудың маңызды ала­ңына айналды. Сондай-ақ Нұр­сұлтан Назарбаев – Шанхай ын­­ты­­мақ­тастық ұйымының негі­­зін қалаушылардың бірі. 1998 жылы Алматы қаласында өт­кен «Шанхай бестігі» форумы елдері лидерлерінің үшін­ші кез­десуі ШЫҰ-ның құры­луы тарихында маңызды орын ал­ды. Аталған форумда ұйым­ға қаты­су­шы мемлекеттер ара­сын­­дағы ынтымақтастық шең­бері кеңейіп, шекаралық қауіп­сіздікпен қатар, біртұтас саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынас бастау алды. Шан­хай ынтымақтастық ұйы­мы­ның құрылуын, дамуы мен ны­ғаюын Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың күш-жігерінен, халық­­ара­лық стратегиялық ұста­нымы мен саяси ақыл-ойы­нан бөліп қарауға болмайды, – деді ол.

Тамырлас Түркия елінен келген белгілі сарапшы Күршад Зор­лу­дың да пікірі осыған то­қай­ласты. Елбасының бауырлас елдер арасындағы рухани бай­ланыстың беки түсуіне зор үлес қосқанын, саяси интеграциялық ұйымдарға серпін беріп, оларды түбі бір түркі халықтарының ор­тақ мұратына жұмылдырғанын мақтанышпен айтты.

– Нұрсұлтан Назарбаев ел бас­қаруға келгелі Қазақстан экономика, сыртқы саясат, білім және ғылым жағынан беделді мемлекетке айналды. Мем­лекеттің негізін қалаған тұлға ретінде Сізді барша түркі әлемі бағалайды. Сіз бір сөзіңізде былай деген еді­ңіз: «Біздің жас­тар өз тарихын бі­луі керек. Сақтар, ғұндар, түр­кі­лерден бас­тап білуі тиіс». Бұл сөздеріңіз түрік жастары тара­пынан жақ­сы қабылданып, әлеу­меттік же­ліде миллиондаған мәр­те жа­­­рия­ланды. Өткен жылы Түр­кия­да жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сәйкес, бүгін Түркі әлеміндегі ең танымал Көшбасшы сіз екенсіз. Біз Сізді түркі қауымының Білге қағаны деп санаймыз, – деді түрік сарапшысы. Сарапшының сө­зінше, Түркия академиясы жуық арада Елбасының 30 жыл­д­ық көшбасшылығы туралы жа­зыл­ған құнды еңбекті түрік тілінде жарияламақ.

Конференция қоғамның тұ­рақ­ты дамуындағы, еліміздің эконо­микалық және әлеуметтік сая­си жаңғыруындағы Ел­ба­сы­­ның қызметі мен бас­тама­лары­ның және оның барша әлем­де жаһандық қауіпсіздік пен се­нім ахуалын жасақтаудағы күш-жігерінің рөлі мен маңыз­ды­лығын зерделеуді, Елбасының саяси көшбасшылық феноменін, тұл­ғаның тарихтағы рөлін одан әрі зерттеу мәселесі сараланды. Көп­теген отандық және шет­ел­дік сарапшылар Нұрсұлтан Назар­баевтың посткеңестік ке­ңіс­тік­тегі тәжірибесі, страте­гия­­лық көз­қарасы мен саяси түй­сігі жа­ғы­нан ешкім тең кел­мей­­тін сая­сат­кер екендігін, шы­ғар­­ма­шы­лық ойлау дарыны, өзі­нің озық идея­ларын тудыруға және оны өмір­шең етуге бірегей қабі­леті бар мық­ты лидер деп мойындады.

 Конференцияда сөз алған Қыр­­ғыз Республикасының бел­гілі саяси және қоғам қайрат­кері, жазушы, филология ғылым­да­ры­ның докторы Осмонакун Ибраимов өзінің Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы болған 2001-2005 жылдар аралығында бай­ланысудың жоғары техно­логиялық құралдары болмаға­нын, екі ел арасындағы қарым-қаты­нас мәселелерін мемлекет бас­шыларымен тікелей тіл­десу арқылы шешуге тура кел­генін, Нұрсұлтан Назарбаев сол кез­десулердің әрбірінде бастысы, ілгерілемелі даму екенін алға тартып отырғанын айтты.

«Соңғы 30 жыл Қазақстан үшін өз жолын табудың сындарлы жылдары болды. Бұл жылдар көптеген қиындықтарды еңсеру, жаһандық әлем құрылымында­ғы лайықты орны үшін күресу жылдары болды. Ол үшін кей­бір жағдайларда алға ұмтылып, өсім таныту үшін пәрменді де қатал шешімдер қабылдауға тура келді. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен осы мәселені оңтайлы шеш­ті. Оның басты себебі – Қазақ­стан­ның айқын мақсаты, қуатты да қоғамды ұйыстыратын ұлт­тық идеясының болуы. Осының бәрін жүзеге асыру үшін зама­науи геосаясаттың тілін меңгеру, нақты дипломатия қажет еді. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев дәуіріндегі Қазақстан сырттағы біреулер дайындап берген сце­нарийді жүзеге асырамын деп уақытын зая етпей, нақты іспен айналысу керектігін уақытында түсіне алды. Қазақстан ең алдымен тұрақтылықты таңдады. Біз Қырғызстанда оның не еке­нін жақсы түсінеміз. Саяси тұрақ­тылық – даму мен алға қойған мақсаттарға жетудің ең басты кепілі. Сондықтан осы отыз жыл Қазақ­стан үшін тұрақтылықтың өзін­дік үлгісін дамыту жылдары болды. Ең бастысы, мемлекет құру кезеңі болды», деді Ос­монакун Ибраимов.

Америкалық саясаттанушы және журналист, Ресей – Еуразия, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс өңір­лерінің қауіпсіз­дік пен энергети­ка саласын­дағы халықаралық қатынас­тар жөніндегі маманы Ариэль Коэнның «Жақсы серіктестікте: Нұрсұлтан Назарбаев ұлт негізін салушылардың арасында» атты баяндамасына үл­кен қызығушылық танытылды. Ол «Қазақстан Нұрсұлтан Назар­баевтың сындарлы басқаруы­ның арқасында қазіргі жетістіктерге жетіп отыр. Қазақстан ортадан жоғары кіріс деңгейіне 20 жыл­ға жетпей жетті. Нұрсұлтан Назар­баев елді басқарған жылдары жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім он есеге өсті. 1990 жылғы 1600 доллардан 2018 жылдың соңында 10 мың долларға жетті. 2006 жылдың өзінде Қазақстан кіріс көлемі ортадан жоғары ел­дер тобына енген болатын. Нұр­сұлтан Назарбаев мұнымен тоқ­таған жоқ. Ол осы жылдардан бас­тап келешекті құрылым­дық жә­не институционалдық ре­фор­маларды жүргізе бастады. Бұлар мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету және сер­пінді, заманауи, шикізатты емес инно­ва­циялық саланың дамуына қол­дау көрсетуге бағытталған болатын. Сондай-ақ ол әлемдік арена­дағы Қазақстан беделін көтеруге және экономиканың әлем­­дік қауымдастықпен бірі­гуі­не күш-жігерін жұмсады», дей келе, осынау жауапты жылдары Елбасы ел экономикасына жаңа тыныс әкелгенін айрықша айтты.

Озық отыздыққа бағыт алып, биік белеске бет түзеген мем­лекет саясатының сахнасын­да жүрген қайраткерлер де өз ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев  – қазақ мемлекетінің іргесін бе­кітіп, шекарасын шегендеген, отыз жыл бұрын ешкім таны­ма­ған жас мемлекеттің беделін бес құрлыққа танытып, ажарын арт­тырған ерен тұлға.

Мемлекет және қоғам қай­раткері Өмірбек Байгелди: «Нұр­сұлтан Әбішұлы өзінің бар­лық міндетін абыроймен атқар­ды. Қиын-қыстау күн­дердің бар­лығын халқымен бірге бастан өт­кер­ді. Талай жыл бірге істедік, бір терінің пұшпағын иледік. Ол кісінің есімі тарихта алтын әріп­пен жазылуға тиіс», десе, Пар­ламент Мәжі­лісінің Төрағасы Нұр­лан Нығматулин: «Нұрсұлтан Әбішұлы бабаларымыздың ға­сыр­лар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздіктің тұ­ғыр­лы болуын, тұрақты болуын қам­тамасыз етті. Ол жаңа мем­­ле­кетті ғана емес, сонымен бір­ге қазақстандықтарды жа­ңа бір­тұтас ұлт етіп қалып­тас­тырды»,  деп бүгінгі жеңістер Елбасының еңбегінің жемісі екенін айтты.

Алқалы жиында Парламент Мәжілісінің депутаты, 1980-1991 жылдары Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған Қуаныш Сұлтанов та сөз алды.

– Біздің көпшілігіміз, яғни бүгінгі конференцияға қатысу­шы замандастар екі дәуірде өмір сү­ріп келеміз. Бүгінгі кездесуіміз, кей­біреулер шолақ ойлайтын­дай, өткенді аңсау емес, тарихы­мыздан сабақ алу, өсу жолдарымызды жадымызда сақтау, теңсіздіктен арылып, теңдікке қол жеткізуіміздің қадірін, қасиетін білу. Осыдан 30 жыл бұрын – 22 маусым күні Қазақстан қоға­мы бірінші басшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаев әлдеқашан лайықты болса да, сол кездегі Орталық билік, яғни КОКП Бас хатшысы М.Горбачевтің ой­на­­малы саясатынан көңіліміз алаң­­дап, жүрек тыныш таппай, «1986 жылдағыдай тағы қан­дай күтпеген оқиға болуы мүмкін,  деп Орталық Коми­тет­ке келіп едік. Алматыда таңер­тең аздап жылы жаңбыр жауып, күн жадырап шыққан... Жақ­сы­лыққа жорыдық... Пленум ашы­лып, мінбеге Мәскеудегі одақ­тық Орталықтың өкілі – КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюро­сының мүшесі, КОКП ОК хатшысы В.М.Чебриков көтеріл­генде, «не айтар екен?» деп зал сілтідей тынды. Мәскеу өкілінің аузынан «Нұрсұлтан Назарбаев» деген сөз шық­қанда залда отырған бес жүз адам жылы қарсы алып, ұзақ қол соғып, қолдау көрсетіп еді. Дәл осы күні, дәл осы залда Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің ХV пленумы өткізіліп, осыған дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төр­ағасы қызметін атқарған Нұрсұл­тан Әбішұлы Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің бі­рін­­ші хатшысы болып сайлан­ды. Сол күннен бастап Қазақ­стан басшысының республика жұрт­шылығының мүддесіндегі әрбір сөзі, әрбір бастамасы қалың елдің көңілінен шығып, Мәс­кеу­дегі Орталық билік біздің бас­шымызбен санасатын болып, еңсеміз көтеріле бастады. Нұр­сұлтан Әбішұлы бірден одақ­тық институттардың ескір­генін, заман талабынан қа­лып қойғанын, әсіресе экономи­ка, ұлт, басқарушы аппарат, кадр мә­се­лелерінің шамадан тыс ор­та­лықтанып кеткенін, көп­теген әдіс-тәсілдер­дің, кей­бір шешім­дердің әділет­сіздігін, қаулы-қарарлардың жарамсыздығын одақтық мәртебелі жиындар­дың мінберінен ашық, батыл сын­ға алды. Бірер мысал: 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы студент жастардың шеруіне байланысты 1987 жылы КОКП Орталық Комитеті арнайы қаулы қабылдап, сол құжатта «казахский национализм» деп баға берген. Нұрсұлтан Әбішұлы осы қаулының әділетсіздігін дәлелдеп, әлденеше рет Саяси Бюрода көтеріп жүріп, қаулының күшін жойғызды. Бұл билеуші Компартия тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді, – деді Қуаныш Сұлтанов.

Қатысушылар назарына Елбасы кітапханасы қорлары­нан «Кемеңгерліктің 30 жылы» көрмесі ұсынылды. Қонақтар тәуелсіздік жолындағы өзін­дік бір рәмізге айналған нышан­дық оқиғалар: 1990 жылғы 25 қа­зан­дағы «Қазақ КСР-інің мем­ле­кет­тік егемендігі туралы» дек­­ларациясы, 1991 жылғы 29 та­мызда Семей сынақ алаңы­ның жабылуы, 1991 жыл­ғы 1 жел­тоқсанда өткен Қазақ­стан Пре­зидентінің сайлауы секілді ел тарихындағы елеу­лі оқи­ға­ларға көрмедегі естелік­тер ар­қылы сапар шекті.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев конференция аясында алматылық жастармен жүздесіп, келешек ұрпаққа арналған жолдауы бар «уақыт құты-капсуласын» салу рәсі­міне қатысты. Ол бұл жол­дау­дың болашақ ұрпақ үшін ерек­ше мәні бар құжат екенін айтты.

– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның бағындырған бе­лестері аз емес. Аға буын бү­­гін­гі жастардың бақытты өмір сүруі үшін біздің қандай қиын ке­зеңдерді бастан өткер­гені­мізді жақсы біледі. Біз еліміз­дің игілігі үшін жұмыс істе­дік. Қазақстанды әлемге та­ныт­тық. Мен өз мақ­саты­мызға қол жеткізгеніміз үшін өте қуа­ныш­тымын. Бұл құты-кап­сула 30 жылдан кейін ашыла­ды. Осы жылдар ішінде көп нәр­се болуы мүмкін. Бірақ Қазақ­стан және оның азаматтары өз даму жолымен ілгерілеуін жал­ғас­тыра беретін болады, – де­ді Қазақ­станның Тұңғыш Президенті.

Соңында Елбасы қазіргі жас­тардың Қазақстанды нығай­тып, өркендету үшін еңбек ете бере­тініне сенім білдірді.


Айнаш ЕСАЛИ,
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ