Тоқаев президенттік сайлауға қатысуға бел буғанда бәрінен бұрын Конституцияға қашап жазылған осы қасиетті қағидаға арқа сүйеген. Біздің сақтап қаларлық, кие тұтарлық дүниеміз бар. Мемлекет басшысы айтқандай, бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді, олар – бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер.
Сол құндылықтардың арасында алдымен бейбітшілік аталатыны да орынды. Таңның тыныш атуы, кештің тыныш батуы – үлкен бақыт. Басты бақыт.
Күні кеше азаттығымыздың ақ таңы атқан қасиетті қаламызға, жалаулы жастығымыздың жақсы жылдары өткен аяулы Алматымызға арнайы барып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел билігіне келуінің отыз жылдығына арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып қайттық. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1989 жылғы 22 маусымдағы тарихи пленумы өткен, өзіміз сол тұста орталық аппаратта жұмыс істеген кезде талай жиынға қатысқан зәулім залда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың, конференцияға қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдай отырып, осы кезең ішіндегі ерен еңбекті санамен саралағанымызда Елбасымыздың ел бірлігін сақтап қалған аса ірі ісін алдымен ойға алғанбыз. Егемендігіміздің елең-алаңында сол кезде бүкіл елді еліктіріп әкеткен ереуіл көңілге еріп, мәселенің мәніне жетпей елең-желең сөйлеген кейбір керауыздарды қояйықшы, дүйім дүние айтқанына құлақ асқан Бжезинскийдей небір дерауыздардың өзі көріңдер де тұрыңдар, не шықса да алдымен көпдінді, көптілді осы елден шығады, бұлар бір мемлекетке ұйый алмайды, басы қосылмаған күйі ара-дара болып тынады деп сәуегейлік еткен болатын. «Біздің ел болмағымызға шүбә келтіргендер де табылды. «Қайда барар дейсің, ертең-ақ бастарын иіп өздері келеді» деп кергігендер де баршылық. «Енді бізге ермегенде кімге ереді дейсің?» деп масайрап масаттанғандар да аз емес», деп еске алатын сол бір сын жылдарды Әбіш абыз. «Олай болмай, былай болды, Біздің бақыт, сіздің сорға» деп Қасым ақын айтқандай, бәрі басқаша болды. Шүкір, біз мемлекет құра алдық. Біртұтас ел болып құралдық. Мынау аумалы-төкпелі дүниеде діңгегі берік дербес ел болып тұра алдық. Басқа әлемді айтпай-ақ, айналамыздағы аю мен айдаһардың арасында қыстығырылып көрген күнімізде де Елбасымыз бастап, даламыздай дарқан халқымыз, кең болса кем болмайтынын білетін кемеңгер халқымыз қостап, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүре алдық. Сөйтіп бүгінгі биігімізге келдік.
«Би болмасаң да би түсетін үй бол» дейтін ел едік. Шүкір, осы отыз жылда біз үй де болдық, би түсетін үй де болдық, кейін өзіміз би де болдық. Америкадай аршындамағанмен, Жапониядай жайқалмағанмен, тәуелсіздік жолына өзімізбен қатар түскен елдердің кеуде тұсында келеміз. Қазақстанның қазіргі ішкі жалпы өнімінің көлемі Орталық Азиядағы бес елдің – Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның, Тәжікстанның ішкі жалпы өнімін қосып есептегеннен де асып түсетіні кешегі конференцияда орынды еске салынды. Сол төрт елдегі халықтың жалпы саны 55 миллион екенін, ал Қазақстандағы халықтың саны 18 миллион екенін қоса айта кетсек, бұл мысалдың мәні айшықты ашылады.
1989 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарамағында, Орталық Комитет аппаратында жұмыс істеген (Идеология бөлімінде мәдениет секторының меңгерушісі болған едім) қазіргі аз адамның бірі әрі саясат тақырыбын көптен қаузап жүретін қаламгер екендігіміз ескерілген шығар, әйтеуір, Елбасымыздың отыз жыл бұрын билікке келуінің жай-жапсарын әңгімелеу жөніндегі ұсыныстың бізге жасалғаны рас. Өткен жұма күні осы «Egemen Qazaqstanda» жарияланған «Тағдырлы таңдау» атты мақаламыздың соңғы жағын ала: «Бүгінгі таңда, арада аттай 30 жыл өткен кезде сол шақтағы құжаттарды қайтадан қарай отырып, біз былай деп толық сеніммен айта аламыз: Тұңғыш Президент – Елбасы сол кезде қазақтандықтар арман еткеннің бәрін де толық жүзеге асырды» деп жазғанбыз. Иә, сол кезде қазақстандықтар арман еткеннің бәрі бүгінде жүзеге асырылды. Назарбаев тарих алдындағы, халық алдындағы миссиясын орындады. Абыроймен орындады.
Саясатта ойға алғанның бәрін түп-түгел, жайнатып, жақсылап жасау мүмкін емес. Ондай саясаткер арғы-бергі тарихта болған емес, болуы мүмкін де емес. «Политика – искусство возможного» деген сөз содан айтылған. Саясатта ғажайыптар жасалмайды, құлақ естіп, көз көрмеген кереметтер болмайды. Саясатта орындауға болатын нәрсе ғана орындалады. Орындауға болатынның бәрін орындаған басшы – бақыты баянды басшы.
Инфляциялық процестерге байланысты нақты табыстың кемуіне, теңге бағамының едәуір құлдырауына орай кейінгі кезде қоғамда көңіл толмаушылық көріністері де байқала бастағаны белгілі. Мұның объективті себептері де бар. Субъективті себептері де бар, әрине. Мынандай айқыш-ұйқыш кіріккен дүниеде біз жаһандық экономиканың әсер-ықпалынан тыс тұра алмаймыз. Мұнайға, газға, металдардың барлық түріне әлемдік баға күрт түсіп, экспорттан келетін қаржы опырайып, бюджеттің табысы орталанып қалғанына біздің қыла алар қайранымыз шамалы. Осыны ертеден ескергендіктен де Елбасымыз «Біз мұнайы мен газы жоқ ел сияқты өмір сүруге үйренуіміз керек» деп айтып, шикізат бағасына бағынышты болмауға шақырған, Индустрияландыру бағдарламасын қолға алдырған еді. «Бәріңді ұшпаққа шығарамын, Қазақстанда жұмақ орнатып беремін» деп айтқан жоқ еді Назарбаев. Олай деп Тоқаев та айтып отырған жоқ. Тоқаев сабақтастықты сақтаймын, әділдікті қамтамасыз етемін, өрлеуге қол жеткіземін деп отыр. Өмірдің бірте-бірте өзгеретінін, қоғам мен билік арасы бұрынғыдан жақындай түсетінін, өзара сенім көбейетінін айтып отыр. Бұл – орындауға болатын міндет. Ол міндетті орындаудың басты шарты – ортақ шаңырағымыздағы береке-бірлікті сақтау, достықты, татулықты, келісімді көзіміздің қарашығындай қастерлеу, қасиеттеу. Қазаққа Құдай жерді де берген, кенді де берген, елді де берген, ерді де берген. Бізде бәрі бар. Қазір де, талайымыз нысап сайын береке дегенді ұмытыңқырап, тым-тым таусыла сөйлеп, әсіреталапшылдық танытып тұрған өтпелі, аздап өкпелі тұста да біз алдағы замандағы ірілігіміз де, тірлігіміз де бірлігімізде екенін ұмытпауға тиіспіз. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында өзі ұстанатын басымдықтардың біріншісін «Қоғамымыздың бірлігін сақтап қалу» деп көрсеткені сондықтан. Қоғам бірлігінің басты шарты – адам бірлігі. Ортақ мақсатқа ұмтылғанда, отбасын асырайтын, Отанына себі тиетін еңбекке жұмылғанда, әділдікке сенгенде, заңға көнгенде адамдар да біріге түседі. Қоғам бірлігінің тағы бір шарты – халық пен биліктің бірлігі, өзара сенімі. Елбасымыздың өзі жақында ғана, Nur Otan партиясының съезінде «Президент біреу болуы керек, басқаларымыз оған тіреу болуымыз керек» деп айтты. Екі тізгін, бір шылбыр қолына берілгенде ел бастаған ердің де құлашы ашылып, қанаты жайыла түсетіні талассыз.
«Қазақ дәл бүгінгідей өмірді ешқашан көрген жоқ. Айырылып қалмайық. Менің еліме айтатын негізгі өсиетім осы. Ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос» дегені осы болар. Ұмытпайық», деді Алматы төрінде Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұмытпайық.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы
депутаттық тобының жетекшісі