Кемшілікті ертеңге қалдырмай түзетейік
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:20
«Егеменнің» 13 ақпандағы №66 санында меншікті тілші Нәзира Жәрімбетованың «Қамшының сабымен ұрмас болар… Сыбайлас жемқорлықпен күресу керек. Асыра сілтеу керек пе?» атты көлемді мақаласы көптеген оқырман ойынан дөп шыққаны сөзсіз-ақ.
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:20
«Егеменнің» 13 ақпандағы №66 санында меншікті тілші Нәзира Жәрімбетованың «Қамшының сабымен ұрмас болар… Сыбайлас жемқорлықпен күресу керек. Асыра сілтеу керек пе?» атты көлемді мақаласы көптеген оқырман ойынан дөп шыққаны сөзсіз-ақ.
Мақалада айтылғандай, сыбайлас жемқорлықпен күресте көрер көзге асыра сілтеу, «жоспар қуу» ара-тұра ап-айқын көрініп қалады. Содан келіп, түк кінәсі жоқ жандардың «ішкені ірің, жегені желім» болып жүреді. Еліміздегі бір кесір осы. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей, сондай жағдайды, кейде кісі күлерлік шешімдер жайында жұрт айтып та жүр. Меніңше былай, прокуратура, басқа да тиісті құрылымдар ақиқаттың ауылынан алшақтап кетіп жататындарын, заңнама-ережелердегі піспеген тұстарды, өздері әрине, жақсы біледі. Өкінішке қарай, соны аудандағылары облысқа, облыстағылары Астанаға айтып, арасында асыра сілтеп жіберетіндерін мойындауға бармайды. Өйткені, біріншіден, өздеріне «мынау не айтып отыр, тыныш жүре бер» деген бәле тілеп алғысы келмейді. Біраз қырсық осыдан туындайды.
Иә, сыбайлас жемқорлықпен күресте қарапайым түсінікке салған адам ұғынбайтын жайттар толып жатыр. Мұны ертеңге қалдырмай, түзету керек. Тиісті органдар соны шапшаңдатуы қажет-ақ. Бізде бір нәрсені жөнге салу жылдап кешігіп жататыны да әлеуметтің арқасына аяздай батады. Қара қылды қақ жармаса, тірлігіміз жарға тіреледі. Бұл шүбәсіз.
Болат ЕСҚАЛИЕВ,
аудандық «Жайық таңы» газетінің редакторы.
Батыс Қазақстан облысы.
Ақжайық ауданы.